Жарнама
Жаңалықтар

Тарихи басылымға — 105 жыл

Атырауда Қала күнінің қарсаңында «Прикаспийская коммуна» облыстық қоғамдық-саяси газетінің 105 жылдығы Жеңіс саябағында ерекше форматта аталып өтті. Мерекелік кеш «Ақ ерке Ақжайық» әнімен басталды. Қала тұрғындары мен қонақтары басылым тарихына саяхат жасап, фототілшілер түсірген суреттерді тамашалады.

Газеттің әр жылдардағы фототілшілері Борис Матвеев, Василий Сикора, Вадим Карпов, Олег Свидин, Амангелді Мүтиғұллиннің еңбектері, қазіргі фототілші Әнуар Әбілғазиевтің жұмыстары да назарға ұсынылды.

     Кеште кинорежиссер Тимур Бекмамбетовтің естеліктері оқылды. Ол бала кезінде газет фотозертханасында алғаш рет суреттің қалай жасалатынын көріп, кейін кино әлеміне сол қызығушылықтың жетелегенін айтқан. Бұрынғы бас редактор Любовь Монастырская да сахнаға шығып, газет тарихынан сыр шертті. Оған арнап «Довира» этномәдени бірлестігі ән-билерін тарту етті.

     Ардагер фототілші Амангелді Мүтиғұллин өз естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар «ПК гүлзары» байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Бас жүлде Ирина Селиверстоваға бұйырды, ал қалған қатысушылар да сый-сияпатсыз қалмады.

     Кештің ең қызықты сәттерінің бірі – «Ас болсын!» акциясы болды. Қонақтар түрлі ұлт өкілдерінің тағамдарынан дәм татып, олардың мәдениетімен танысты. Ас мәзірін дайындауға шеф-аспаз Тарон Агабабян мен ресторатор Диана Ким атсалысты.

     Сахнада Құрманғазы мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетіп, мерекелік кешті әрлендірді. Соңында газеттің белсенді оқырманы Наталья Ковалева сөз сөйлеп, басылымға деген ризашылығын білдірді. Шара жас журналистердің ерекше жобасымен аяқталды: жасанды интеллект көмегімен қайта жаңғыртылған ескі суреттер назарға ұсынылды.

      Ғасырдан астам тарихы бар «Прикаспийская коммуна» газетінің мерейтойы атыраулықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған, есте қаларлық мереке болды.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button