11 6

Желіде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бейресми медальдар сатылуда

Жаңалықтар Қоғам
9 / 100

Кейбір интернет-сайттар «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін сатып алуды ұсынуда. Олар ресми емес және «қоғамдық» марапаттарға жатады. Сонымен қатар, Қазақстанда дайындалмаған және біздің елімізде шығарылғалы жатқан медальға қатысы жоқ.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі медальдар саудасына қатысты түсініктеме берді.

“Мемлекеттік наградалар мен мерекелік медальдар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалады және сатылмайды. 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2676 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары Республика алдындағы ерен еңбектері үшін, жемісті мемлекеттік, қоғамдық, шығармашылық қызметі, еңбектегі және жауынгерлік ерліктері үшін мемлекеттік наградалармен марапатталады. Мемлекеттік наградалармен наградтауды Қазақстан Республикасының Президенті жүзеге асырады. Сыртқы түрі бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұқсастығы бар ордендер мен медальдарды, төске тағатын белгілер мен олардың құжаттарын, сондай-ақ Құрмет грамотасын жасауға және дайындауға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының орденін, медалі мен құрметті атаққа берілетін төске тағатын белгісін сатып алу, сату, айырбастау немесе өзге де ақылы түрде беру, сондай-ақ мемлекеттік наградаларға қатысты заңсыз іс-әрекеттер жасау заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады”, – деп хабарлады ведомство.

Биыл Қазақстанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалі шығарылады. Тиісті Жарлықтың жобасын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірледі. Құжат сипаттамасы «Ашық НҚА» сайтында жарияланып, көпшіліктің талқылауына ұсынылды. Медаль эскизі әзірлену үстінде.

«Stopfake.kz»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған