Жел өтіндегі Мақат енді электр қуатынан тарылмайды

d141d963 b9e9 4f82 b560 e796f2d4aada Жаңалықтар

Балама қуат көздерінің, әсіресе жел энергиясының әлеуеті жоғары. Елімізде осы саланы дамыту мақсатында 2030 жылға дейінгі бағдарлама да қабылданды. Мамандар жаңартылатын энергетикалық ресурстарды пайдалану электр энергетикасын дамытудың басым бағыттарының бірі болып отырғандығын айтады.

Мақат ауданында жел күшімен өндірілетін электр энергиясының қуатын халық шаруашылығына қолдану мақсатында тың жоба қолға алынды. Осыдан екі жыл бұрын құрылысы басталған нысан енді санаулы айлардан кейін пайдалануға берілмек.

Жылдың көп бөлігінде желдің орташа жылдамдығы 4,5-5 м/с, қатты жел кезінде 10-15 м/с-қа дейін толассыз топырақты жел тұратын өңір облыстағы жел электр энергиясы станциясына қосылатын екінші аудан саналады.

Мақат аудандық кəсіпкерлік жəне ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ақмарал Жангерееваның айтуынша, аудан əкімінің шешімімен жел электр энергиясын өндіретін қондырғыларды орналастыру үшін 500 гектар жер учаскесі бөлінген. Бүгінде бой көтерген станцияның 24 жел генераторының қадасы қағылып, қалақшалары орнатылған. Мақат-Доссор тас жолының оң жақ бетінде орналасқан станцияның жел турбиналарының биіктігі 106 метр болса, қалақшаларының ұзындығы 43 метрді құрайды. Ал, көлемі 17/17 шаршы метр. Жоба инвесторы «Дивитэл» ЖШС-нің өкілі Рүстем Əлібеков арнайы талдау жасалғанын, зерттеу жұмыстарының нəтижесінде осы жер таңдалғанын айтады.

Жазда қара құйын, қыста үскірік желі үзілмейтін мұнайлы аудан үшін желден электр энергиясын өндіру тиімді. Жоба құны 23,6 млрд. теңгені құрайтын станция сағатына 48 мың кВт электр энергиясын өндіріп, жаңа қуат көзі экологиялық тұрғыдан таза, баламалы, шығыны аз энергия көзі болады деп есептеліп отыр.

–Бүгінде қосалқы станция құрылысы жүріп жатыр. Оған 15 адам тартылған. Олардың басым бөлігі – жергілікті азаматтар. Келешекте арнайы курстардан өтіп, біліктіліктерін шыңдайтын болады. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 5 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген, – деді бөлім басшысы Ақмарал Тілегенқызы.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Мақат ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз