ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДІҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫ

қаржы  мен  мүлікті  заңдастырудың  мол  мүмкіндігі

Өздеріңізге мәлім, «Қазақстан Республикасының  азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» 2014 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асырудың кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 29 тамыздағы №959 қаулысы шықты. Ең алдымен, осы қаулыны мүлтіксіз орындау мақсатында аудан әкімінің 2014 жылғы 25 тамыздағы қаулысымен мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі аудандық комиссия құрылды.

Біз осы құжатта көрсетілген мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы деректерді аймақ тұрғындарына мейлінше түсіндіру мақсатында комиссия төрағасы,  Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бекнұр Бақтыбайұлы Әжіғалиевке  жолығып сұхбаттасқан едік.       

- Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы жоғарыдағы құжатты жалпы жұртшылық жақсы қабылдап жатыр. Десек те, осы Заңның қойып отырған талаптарын тұрғындарға  егжей-тегжейлі  баян етсеңіз

Үкімет қаулысында атап көрсетілгендей, мүлкін жария етушілер комиссияға төмендегідей құжаттарды ұсынулары тиіс. Жеке куәліктің көшірмесі, түпнұсқасын көрсету жолымен. Ғимараттар мен құрылыстарды объектінің құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігі тұрғысынан техникалық тексеруді жүзеге асыратын сарапшының қорытындысы, яғни аттестатталған сарапшының сәулет, қала құрылысы, құрылыс саласында инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыру тұрғысына тиісті аттестаты бар жеке тұлға болуы шарт. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық құжаты қажет.

Жария ету мерзімі кезінде берілген мүлікті жария ету өтініштері комиссияға өтініш түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады. Комиссияның жария ету туралы шешім шығарған күнінен бастап, мүлік жария етілді деп есептеледі. Ал, ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасындағы талаптарға сай келмесе, оның нақты себептері көрсетіліп, өтініш берушіге қайтарылады. Бірақ, құжаттарды қайтаруға негіз болған себептер жойылса, өтініш берушінің мүлікті жария ету бойынша қайтадан өтініш беруге мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы аумағында тұрған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мүлікті жария етуге жатады. Алайда, құр жерлер мүлікті жария етуге жатпайды. Жалпы жария етілетін мүлік жөнінде ұсынылатын мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығына жария ету субъектілері тікелей жауапты. Бұл рақымшылық 2015 жылғы 30 қарашада аяқталатынын ұмытпауға тиістіміз.

Мүлікті жария етуді өткізуге байланысты құрылған комиссия аудан әкімдігі ғимаратында орналасқан. Комиссия қазір Үкімет қаулысын тұрғындарға түсіндіруге белсене кірісті. Күні бүгінге дейін комиссия мүшелері Тайсойған, Қызылқоға, Жамбыл, Тасшағыл және Көздіғара ауылдық округтерінде болып, жұртшылық арасында түсінік шараларын өткізді. Әрине, өтініш берушілер мүмкіндіктеріне қарай комиссияға тікелей өздері келсе, кез-келген жұмыс уақытында қабылданады.

Басқа тұлғаға рәсімделген мүліктерді де жария етуге болады. Ол үшін мүлікке құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі (нотариат куәландырған) қажет. Басқа тұлғаның мүлікті жария ететін жария ету субъектісіне мүлікті өтеусіз бергені туралы шарттың көшірмесі (нотариат куәландырған) керек. Бағалы қағаздарды жария еткен жағдайда аудандық салық комитетінде комиссия құрылған. Осыған бағалы қағаздар бойынша құқықтарды есепке алудың тиісті жүйесіндегі жеке шоттан үзінді көшірмесі не резиденті, бағалы қағаздардың эмитенті болып табылатын мемлекеттің заңнамасында белгіленген осы бағалы қағаздарға меншік құқығын растайтын өзге де құжат талап етіледі.

Мүлікті жария етуді өткізу үдерісі кезінде алынған ақпараттардың құпиялылығы қамтамасыз етіле ме?

Әрине, жоғарыдағы Заңға сәйкес мүлікті жария етуді өткізу процесінде алын­ған ақпараттардың құпиялылығы Қазақстан Республикасының заңдарымен кепілдендіріледі. Шешім әрбір жария ету объектісіне жеке қабылданады. Турасын айтқанда, рақымшылықтың мүмкіндігін пайдаланып қалудың тиімділігі орасан. Одан сескенудің қажеті жоқ. Мүлікті жария ету – мемлекеттің сындарлы саясатының жемісі. Бұған мүдделі жандардың өтініштерін оңды шешуге аудандық комиссия әрдайым жұмыстанады.

– Мүлікті жария ету кезінде алым төлеу жүргізіле ме, мүлікті рәсімдеумен байланысты шығыстарды кім төлейді? Қандай мүліктер жария етуге жатпайды?

Басты атап өтер мәселе – жария етілген мүлікті рәсімдеуге байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық шығысты жария ету субъектілері, өтініш берушінің өздері дербес төлейді. Тағы бір ескеретін мәселе, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұрған мүлікті жария ететін жария ету субъектілері, яғни өтініш берушілер аудандық салық басқармасына құжаттарын тапсыруға құқылы.

Құқығы сотта дауласып жатқан мүліктер, сонымен қатар, құр жерлер және техникалар  жария етуге жатпайды. ҚР-ның азаматтық заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік деп айқындалатын мүлікке сәйкес келетін осындай мүлік мүлік деп танылады. Жария ету субъектісіне тиесілі немесе  биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін, яғни жария ету бойынша науқан басталғанға дейін алынған мүлік жария етуге жатады.

– Кім мүлікті жария ету субъектісі болып табылады? Мүлікті жария ету кезінде комиссияның, болмаса салық органының шешімімен келіспеген жағдайда кімге шағымданамыз?

– Мүлікті жария ету субъектілері бо­лып ҚР-ның азаматтары, оралмандар және ҚР-ында тұруға ықтиярхаты бар адамдар жатады. Егер, адам ҚР Қылмыстық Кодек­сінің 222-бабы бойынша жауапқа тартылған болса, осыған байланысты соттың заңды күшіне енген үкімі болған жағдайда ондай адам жария ету субъекті болып табылмайды. Ал, әлгінде өзіңіз айтқандай, іс-әрекетпен келіспеген жағдайда ҚР заңда­рымен көздел­ген тәртіп негізінде сотқа жүгіне аласыздар.

– Жер телімін жария етуге бола ма?

Айтайын дегенім, жер телімін жария етуге жататын мүліктер қатарына жатпайды. Сондай-ақ, заңмен салынған құрылыстарды, егер  олар жария ету субъектісіне жекеменшік құқындағы тиесілі жер телімінде орналасқан жағдайда жария ету тәртібі көзделген. Мұндай объектілер жердің нысаналы мақсатына және де құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес болуы тиіс

Соңғы сауал, осы Заң шеңберінде аудан көлемінде қауырт жұмысты бастап та жіберген боларсыздар?

– Дұрыс айтасыз. Бүгінгі таңда комиссия мүшелері Заңды мүлтіксіз орындауға алдын ала мұқият дайындалып, халыққа қызметтерін бастап та кетті. Заңдастырылған жер телімінде орналасқан жылжымайтын мүліктерге тех­никалық төлқұжат дайындап беруді «Атырау облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы «РМҚК аудандық филиалы жүргізеді. Ал, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы түскен құжаттарды ҚР жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі, мемлекеттік жер ғылыми өндірістік орталығы, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Атырау филиалы, Қызылқоға аудандық бөлімі дайындайды. Сызбасын сызып, тағайындалған техникалық төлқұжат ережеге сай жария етушіге табыс етіледі. Ал, жария етуші азамат дайындалған техникалық төлқұжатты алып, атқарушы орган комиссиясының қарауына табыс етеді. Комиссия тапсырылған құжатты 30 күн ішінде қарап, құқығын тіркету үшін жария етуші азаматқа табыс етеді.

Тағы бір айтпағым, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы аймақ тұр­ғындарына барынша түсінік жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. Өйткені, аймақ тұрғындарынан Заңға қатысты көптеген сауалдар толассыз түсуде. Әлі де көптеген сұрақтардың боларына көзіміз жетіп отыр. Сөз орайы келгенде айта кетейін, осы Заңға байланысты тұрғындарды толғандырып жүрген сауалдар болса, біздер дер кезінде жауап беруге әзірміз, яғни, есігіміз ашық. Жария етуге ұсыну үшін құжаттарды тапсыру мерзімі ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен басталды.

– Әңгімеңізге рахмет!               

Мағрупа ҚАЗИХАН,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз