ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ: Жалған шақырту, адасқан топ

ebad9efe b573 4d79 b163 eef70cee9132 COVID-19: Соңғы поштадан...

Atr.kz/3 шілде, 2020 жыл. Соңғы күндері қала тұрғындары жедел жәрдем көлігінің дабы­лын жиі еститін болды. Төбесіндегі түрлі-түсті белгі шамдары жарқ- жұрқ еткен медициналық арнайы көліктер көшенің ана басынан мына басына «аңырап» бара жатады.

Мамандар бұл көріністің себебін облыс- та коронавирус індетін жұқтырушылар саны күрт көбейгендігімен байла­ныстырады. Ал, мұндай жағдайда үлкен күш жедел жәрдем қызметіне түсуде. «Атырау» газетінің тілшісі қазіргі ахуалды өз көзімен көру мақсатында облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына ба­рып, орталықтың тыныс- тіршілігімен танысып қайтты.

ТӘУЛІГІНЕ – 700-800 ШАҚЫРТУ

Облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы бас директорының орынбаса­ры Наргиз Баймолдаеваның айтуынша, маусым айы басталғалы жедел жәрдем қызметінің жұмысы екі есе көбейіп кетті. Станса қызметкерлері уақытпен са­наспастан еңбек етіп жатыр. Қазір мұнда орта есеппен тәулігіне 700-800 шақырту қабылдануда. Тұрғындардың көпшілігі дене қызуының көтерілуі мен тыныс алу жолдарындағы жайсыздыққа шағымданады. Арнайы жұмыс киімдерімен жарақтанған медицина қызметкерлері түрлі деңгейдегі науқастарға а л ғ а ш қ ы к ө м е к т е р і н б е р і п , ж а ғ д а й ы а у ы р науқастарды ауруханаларға жатқызса, індет белгілері енді біліне бастағандарын амбулаториялық ем жасауға бағыттауда.

– Б ү г і н д е А т ы р а у облыстық медициналық же­дел жәрдем станциясында 42 медициналық топ 4 ауысым­мен қызмет көрсетуде. Оның 25-і қала тұрғындарының қажеттіліктеріне қызмет етсе, 17-і аудандық жерлердегі бөлімшелерде халыққа жәрдем беріп отыр. Олардың барлығы бірнеше реттік ар­найы киімдермен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, індет жұқтырған науқастарды гос- питализациялау алгоритмі бойынша арнайы оқытылған, – деді сұхбаттасушымыз.

Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланған кезде стансада осы ауруға қатысты шақыртуларға ба­ратын 3 бригада ғана болып, кейін оның саны 5-ке жетті. Бұл арнайы топтар жұқпалы дертке қарсы киіммен жарақталған еді. Уақыт өте келе стансаға келіп түскен басқа да шақыртулардың медициналық диагнозы түптеп келгенде жұқпалы дерттің белгілерін көрсете бастады. Яғни, арнайы сақтану шара­ларын толықтай сақтамаған дәрігерлер қауіпті індетпен тікелей бетпе-бет кездесіп жатты. Мұндай келеңсіз жайт­тар орын алған жағдайда, күдікті науқасқа барған кезекші топ бірден қызмет жүйесінен шығарылып, ар­найы тексерістен өткізіледі. Ауру белгілері анықталмаса, өз жұмыстарына қайта кіріседі.

АРНАЙЫ КИІМ ПАЙДАЛАНАДЫ

Осындай жағдай жиілеп кеткесін маусым айы­нан бастап барлық 42 бри­г а д а ж ұ қ п а л ы і н д е т т і жұқтырмайтын көп реттік ар­найы киімді пайдаланатын бол­ды. Дегенмен, инфекцияның ақ халаттыларды әбігерге салған жағдайлары жиі кез­десуде. Соған қарамастан, олар ауруларынан айыққан бойда, бірден өздерінің сүйікті істеріне қайта кірісіп жатыр.

– Ж е д е л ж ә р д е м бригадасының негізгі міндеті – медициналық көмекке м ұ қ т а ж ж а н д а р т е л е ­фон шалғанда барынша тез жету. Кез келген шақыртуға б а р а т ы н дығ ы мыз д а н , қызметкерлеріміз жұмыс ба­рысында түрлі жағдайларға тап болып жатады. Кейде шақырту түскен мекен-жай қате хабар­ланып, науқасқа жете алмай қалып жатамыз. Қызметіміздегі әр минут санаулы екенін ескер­сек, мұндай келеңсіздіктердің орын алуы жұмыстың жеделділігіне кері әсер етеді. Осымен қоса, кейде жедел жәрдемге негізсіз қоңырау шалып, өтірік шақыртатындар да бар. Мұндай жағдайда оны бірден полицияға хабарлай­мыз. Ал, бұл сәтте қаланың басқа бір бөлігінде дәрігер көмегіне шын мұқтаж жанға жедел жәрдем көлігі жете ал­май жатуы мүмкін. Сондай-ақ, кейде жолдағы кептелістен әрең өтіп, тиісті жерімізге әупірімдеп жеткенімізде қабағын түйіп, қарсы алатын үй иелері табылады. «Ащы суға» тойып алып, дәрігерлерге қол көтеретін жайттар да болады, – деді Наргиз Нұриденқызы.

Иә, жедел жәрдем ауыр халдегі науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, адам өмірін ажалдан арашалай­ды. Десе де, шұғыл медициналық қызмет жұмысында аталған қиындықтардан басқа да жайттар орын алатыны жасы­рын емес. Мысалы, шақырту түскен мекен-жайға жеткенде үй иесі есігін ашпайтын, кей­де қабаған итті бос жіберіп, қауіп төндіретін жағдайлар ұшырасады. Осыған қоса, қала көшелеріндегі мекен- жайлардың атауы, үйдің реттік нөмірінің жиі ау­ысуы да дәрігерлерді ша­тастырып, діттеген жеріне дер кезінде жетуіне кедергі келтіреді. Қаланың кейбір тар көшелерінде кейбір жүргізушілердің арнаулы көлікке жол бермейтін сәті де көп кездеседі.

ДАМЫЛ ТАППАЙТЫН ТЕХНИКА

Көлік демекші, қазіргі күні қала бойынша қызмет ба­бында 25 техника жүріп тұр. Дәрігерлер ауысымы 4 рет жүргізілгенімен, техника тәулік бойы дамылдамайды. Осы жағдай соңғы кездері «темір тұлпарлардың» істен жиі шығуына себепші болу­да. Орталық басшылығының айтуынша, республикалық бюджеттен облыс орталығына 20 жаңа жедел жәрдем көлігін беру жоспарланыпты. Бірақ, оның қай мерзімде жүзеге аса­тыны белгісіз. Ал, демеушілік тарапынан «Теңізшевройл» ЖШС биыл орталыққа екі су жаңа көлік сыйлаған. Бүгінгі күні бұл техникалар санитарлық авиация бөлімінде қызмет көрсетуде.

Иә, пандемияның екінші дүмпуі жедел жәрдем қызметіне орасан күш түсіруде. Мәселен, тәжтажалдың алғашқы белгілері пайда болған наурыз айында жедел жәрдем қызметкерлері об­лыс бойынша 15 анықталған науқасқа барған. Көпшілік карантинде отырған кезең болғандықтан ба, сол кезде бұл көрсеткіштің өзі үрейлі көрінген еді. Ал, сәуір айында індет белгілерімен шақырту жасағандар саны 40 адамға, мамыр айында бұл көрсеткіш 150-ге жеткен. Енді жұқпалы дерттің жұртшылыққа жап­пай тарала бастаған маусым айында жедел жәрдемшілер ауруға шалдыққан 396 адамды тіркеген.

Осы айдағы 5 шақыртудың біреуі міндетті түде өкпе қабынуы дертіне шалдыққан болып шығуда.

– Біздер әр күн сайын министрлікке және облыстық денсаулық сақтау бөліміне шақыртулардың саны мен сипаттарын мәлімдеп отыра­мыз. Мәселен, 24 маусым күні COVID-19 белгілеріне күдікті 72 адам есепке алынған. Осылардың 21-і ауруханаға жатқызылып, қалғандары амбулаториялық ем алуға қалдырылды. Ал, 25 мау­сымда коронавирус инфек­циясын жұқтырғандар 126 адам болды. Оның 42-сі ғана ауруханаға қабылданып, 84-і үй жағдайында ем-дом алуда. 22-23 маусым күндері жедел жәрдем қызметкерлері 900-ден астам шақыртуға барса, 25 мау­сым күні 1154 шақыру тіркелді. Телефон шалғандардың көпшілігі дене қызуының көтерілуіне шағымдануда. Осы көрсеткіштерден байқағаныңыздай, қазіргі күні бар ауыртпалық жедел жәрдем жұмысына түсуде, – деді Нар­гиз Баймолдаева.

Ауруы асқынып, дерті дендеп, дел-сал күй кеш­кен кез келген жан жедел жәрдем қызметіне жүгінері хақ. Өз кезегінде олар науқастарға құстай ұшып жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Енде­ше, жылдамдылық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті қажет ететін осы сала қызметкерлерінің ерен еңбегіне еріксіз бас иесің.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз