aaaaaaaaaaaaaaaaaaaaaaaaaaa

Жасыл желек – жанға сая

Жаңалықтар СарапTime Экология

Atr.kz/19 қазан, 2020 жыл. Ақ Жайыққа төнген экологиялық қауіп  өзен бойындағы ен тоғайға да зардабын тигізуде. Табиғат байлығын сақтап қалуда, аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуда қазір орманшыларда  тыным жоқ. Орманды күзету, қорғау  және өсімін молайту –  Индер орман және жануарлар дүниесін қорғау  мекемесінің міндеті. Жуырда Есбол ауылында орналасқан коммуналдық мемлекеттік  мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқанбыз.

Орман қурап барады

Бүгінде мекемеге қарасты мемлекеттік орман қорының аумағы 17908 гектарды құрайды.  Соның ішінде, Қызылқоға ауданындағы 2463 га, орманды алқап 7558 га жер кіреді. Орманда  негізінен жергілікті қызылтал, иба, көктерек, үйіңкі ағаштары өседі. Индер орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Талғат Досанның айтуынша, биылғы   көктемде жоспарланған 10,7 га жерге ағаш отырғызылса, 19 га жерге өздігінен өсуге ықпал жасалды. Орман алабындағы  өткен жылдан 45,0 мың екі жылдық, 32,4 мың бір жылдық, барлығы 77,4 мың екпе көшеттері болған, содан биылғы жылы 29 мың түп орман қорына отырғызылған.

– Жасыратыны жоқ, орман ағаштары  қурап жатыр. Біздің есебіміз бойынша қураған ағаш орманның 39 пайызын құрайды. «КазАгроИнновация» ЖШС-нің мамандары  орманның мұның себебін су құнарының жетіспеуімен түсіндіреді. Олар кезінде орман қорының  айналымдарының бірнеше  жерінен бұрғылады және  18 жерден шұңқыр қазып зерттеу сараптамасына топырақ алып, тексерді. Орман ағаштары негізінен Жайық өзені тасыған кезде табиғи жолмен суарылып қалуы керек. Түрлері де жайылмаға шығатын ағаштар. Алайда, соңғы жылдары Жайық тасымағандықтан табиғи суарылуы   жүзеге аспай, қиындық келтіріп отыр, – деді мекеме басшысы Талғат Қайыржанұлы.

Оның айтуынша, тоғайдағы өсіп тұрған ағаштың  тамыры әрі кетсе 2,5 метр тереңдікке дейін барса,  жерасты суы  5-6 метр тереңдікте жатқан көрінеді. Яғни,  ортада 3 метр жер құрғақ болғандықтан да ағаш тамырдың ылғал алатын жері болмауда. Орман қорының бәрін қолмен суару  мүмкін емес. Бұдан бірер жыл бұрын орман ішінен скважиналар қазылып, қолмен суаруға да ұмтылыстарға куә болғанбыз. Бірақ, жерасты суы жиі сарқылып қалып, қажеттілікті қанағаттандырмаған. Былтыр орман қорындағы ашық жерлердің топырақ құрамына арнайы  зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде, оның 24 пайызының ғана тал егуге жарамды екені анықталды.

Сексеуіл еге бастады

Құрғақшылыққа байланысты былтырдан бері мұнда сексеуіл егу қолға алына бастапты. Сексеуілдің тұқымы Қызылорда облысынан әкелініп, 1 га жерге отырғызылған.  Шығымдылығының жақсы екенін бізге мекеменің шебері Сағдат Сапаров көрсетті. Екі  тұқымбақта қазірде 240 мыңдай сексеуіл ағашының көшеті өсіп тұр. Орманшы ғалымдардың айтуынша, сексеуіл жердің бетіне 5 см шықса, жер астына 70 см дейін тереңдеп кететін көрінеді.

Мекеменің жоспарында орман алқабындағы 688 га жерге жыл сайын  70 га-дан  10 жыл бойы тал егу қаралған. Аққала ауылы маңындағы тоғайда мекемеге қарасты қос трактордың бірі жер жыртып жүрсе, екіншісі оның  топырағын уатуда екен.  Жердің арақашықтығы мен тереңдігін орманшы Тоғай Батыров мұқият қадағалайды. Сексеуіл ағаштары негізінен  қыстың қары еріп, жердің тоңы жібіген кезде егілетін көрінеді. Осылайша, алдағы жылы 125 мың түп тал егу жоспарланыпты.  Оған көктемде үлгермейтін болғандықтан орманшылар күз мезгілінде бәрін жыртып дайындап қояды. Жыртылған жердің ықпалы да молдау болады. «Мамандардың пікірінше, сексеуілдің жыңғылдан артықшылығы жерді ашытпайды. Жайықты құм басудан сақтайды, шаң –тозаң ұстайды»,- деді іс басында жүрген директордың орынбасары Есмұрат Сапаров.

Талдар тұқымбақтан тарайды

Бұдан бөлек, тұқымбақта бүгінде  65 мыңның үстінде көшет өсіп тұр.  Оның ішінде  қарағаш, шаған,   жиде,  көктерек сынды түрлері бар. Бәрі де дәннен шыққан. Мұнда  тамшылатып суару тәсілі қолданылады. Бірқатар плантацияларында қаз-қатар өсіп қалған көшеттерге көңіл сүйсінеді. Бұл  көшеттерді әрмен қарай өсіріп, егем деген жанға  дайын.

– Былтыр жалпы облыс бойынша 17 406 тал таратылды. Әсіресе, Атырау, Құлсары қалалары мен Исатай ауданынан сұраныс көп. Соңғы кездері өңірде елді мекендерді көгалдандыруға көңіл бөлініп, өткен жылдың өзінде  жергілікті әкімшілік 7800 тал алса, биыл да 6010 көшет отырғызды. Талдың дұрыс егілуіне мамандарымыз да мүдделі, – дейді мекеменің орманды күзету, қорғау жөніндегі  инженері Б Кабикенов

Тұқымбақтағы көшеттер елді мекендерді көгалдандырумен қатар, орман қорының учаскелеріне жыл сайын отырғызылуда. Оның ішінде, Жайық суының тасып,  қайтып кеткен құнарлы  жерлерге барша ұжым қызметкерлері тал отырғызу жұмыстарын атқарып жүргеніне  куәміз. Ал, осы жолы  Аққала тоғайындағы кейінгі жылдары еккен талдар кәдімгідей өсіп қалғанын көріп, көңіліміз көтеріліп қалды.

Өрттен сақтау өзекті

Әдетте орманның жауы өрт саналады. Абырой болғанда,  2014 жылдан бері мекемеге қарасты орман қоры жерінде өрт оқиғалары тіркелмепті. Әйтсе де  орман қорында өрт қауіпсіздігін сақтау шаралары орманшылардың басты назарында. Тоғайға демалуға шығатын тұрғындар аз емес. Карантиндік шектеулер кезінде де жастар жағы орманды жағалайтын көрінеді.

Өрт қауіпсіздігі маусымының басталуына орай  сенбі, жексенбі және мереке күндеріне кезекшілік белгіленген. Құзырлы органдармен бірге орманды қорғау және орман өрттерінің алдын-алуға арнайы рейд тексерулер ұйымдастырылуда. Биыл  барлығы 76  рет рейд жүргізіліпті.

Мекемеде  өрт сөндіру стансасы жұмыс жасайды, ерікті өрт жасағы бар. Онда өрт сөндіру техникасы, водовоз,  трактор тіркемесімен,соқасымен өртке қарсы  киім, газға қарсы тұмылдырық, сапалақ, балта, күректерімен жарақтандырылған 2-дана УАЗ, бір Нива, 14 күзет мотоциклдері пайдаланылуда.

Бек АЙДАРӘЛИ

Индер ауданы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған