ЖАСТАР – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ ИЕСІ

Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да әдеттегідей жастар саясатына ерекше назар аударды. Келешек кілті білімді жастардың қолында екендігін атап айтқан Мемлекет басшысы еліміз бойынша жан-жақты тәлім-тәрбие беретін он жоғары оқу орнын таңдап алды. Бұл – әрине, өзге білім беру ошақтарына аз міндет жүктеледі деген сөз емес.

 

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» бастауыш ұйымының кеңейтілген кеңесінде жастар осы мәселені таразыға тартты. Жиналғандар алдында университет ректоры, «Бірлік» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бейбіт Мамраев Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді саралады.

– Елбасы Қазақстан халқына жаңа экономикалық саясат ұсынды.  – Еліміздің болашағына айқын меже белгіледі. Оны ой елегінен өткізіп, жастардың санасына сіңіру – бүгінгі тәрбие жұмысының күн тәртібінен түспейтін шара. Сондықтан  да, осы мәселеге баса назар аудару қажет, – деді ол.

Одан әрі қаржы және есеп кафедрасының аға оқытушысы М.Дәрісқалиева, педагогика және психология кафедрасының доценті А.Сабыров Жолдаудың экономикалық және әлеуметтік мазмұнына талдау жасады.

Жолдауды нақты түсіндіру мақсатында университеттің Жастар саясаты орталығының ұйымдастыруымен іскерлік ойын өткізілді. Онда студенттерге пікірлерін ашық айтуға, белсенділіктерін көрсетуге мүмкіндік берілді.

Әсіресе, «Біз не істей аламыз?» атты байқауда Жолдаудан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру үшін нендей нақты шаралар қажеттігі айтылды. Жастар соны пікірлерін, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Кафедралар меңгерушілерінен құралған қазылар алқасы үздіктерді анықтады.

Біздің ойымызша, Жолдауды жай ғана сөзбен қолдау өз алдына, оны жастар санасына тереңірек сіңіру үшін осындай байқаулар ұйымдастырғанның берері көбірек тәрізді

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз