«ЖАС ОТАУДЫҢ» ЖАҢА ҮЙЛЕРІ

мемлекеттік бағдарлама бойынша

90 жас отбасы баспаналы болды

Кеше құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында облысымызда «Жас отау» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған алғашқы 90 пәтерлік тұрғын үй тапсырылды. Атырау қаласының  Нұрсая мөлтекауданынан бой түзеген жаңа үйдің тұсаукесер салтанатына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты. Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін қуанышты сәттерімен құттықтап, жылы лебізін жолдады.

 

– Өздеріңізге мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашанда халықтың қамын ойлап, әлеуметтік жағынан қамқорлық пен қолдау көрсетілуіне, баспанамен қамтылып, үй жағдайларын жақсартуына, басқа да мәселелерінің оңтайлы шешілуіне назар аударып отырады, – деді аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы. – Осы жерде тұрған жас отбасылары – жаңа қоныс иелері, бүгін сіздердің өмірлеріңіздегі аса ерекше күн. Өйткені, көптен күткен армандарыңыз орындалып, алға қойған мақсаттарыңызға қол жеткіздіңіздер. Араларыңызда әртүрлі мамандықтың иелері –мұғалімдер, дәрігерлер, әскери қызметшілер, мемлекеттік қызметкерлер және басқалары бар. Шаңырақтарыңыздың іші шаттық пен жақсылыққа, өмірлеріңіз сәттілікке толсын, қоныстарыңыз құтты болсын!

Одан соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алғашқылар қатарында жайлы да сайлы етіп салынған  пәтерлердің  кілтін мұғалім Саламат Қайыровқа, медицина саласының қызметкері Меруерт Жаймағамбетоваға, жастар ұйымының жетекшісі Нұрлан Азаматовқа табыстады. Жаңа қонысты болғандардың атынан сөз алған Нұрлан Серікұлы жастар үшін мемлекет, қала берді аймақ басшылығы тарапынан туғызылып жатқан жағдайларға, көрсетіліп отырған ұдайы қамқорлығы мен қолдауына ризашылық сезімін білдіріп, алғысын арнады.

Бұдан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған топ жаңадан пайдалануға берілген пәтерлерді аралап көрді. Құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, межелі мерзімінде тапсырылуына жұмыстанған мердігер компанияның өкілдері мен қаржыландырушы ұйымдардың өкілдеріне рахметін айтты. Келесі жылы осындай жас отбасыларына арналған 120 пәтерлік тағы да бір үйді тапсыру жоспарланып отырғандығын жеткізді.

Айтқанымыздай, қаланың Нұрсая мөлтекауданынан бой көтерген 90 пәтерлік (бір және екі бөлмеден тұратын)) үйдің жалпы ауданы – 5930, ал бөлмелері (санына қарай) 45-65 шаршы метрді құрайды. Бастапқы төлемақысыз иелерінің қолына тиіп отырған бұл пәтерлерге қоныстанушы жас отбасылары баспаналарының ақысын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіден ашқан есепшоттарына қаржы жинақтау жолымен келісім-шартта көрсетілген мерзімінде өтейді.

Дәулетқали АРУЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз