«ЖАС ОТАУ» КӨМЕККЕ КЕЛЕДІ

zhasotayАтырау қаласы бойынша бүгінде он мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұрған болса, олардың отыз пайызын жастар құрайды екен. Ондағы себеп те түсінікті. Тіршілік қамымен қалаға келген жастар қайткен күнде де облыс орталығында тұрақтап қалуға тырысқанымен, көп жағдайда пәтер жалдап күн кешуге мәжбүр. Мемлекеттік бағдарлама жоқ емес, бар. Бірақ, бір бағдарлама аясында жастарды тегістей баспанамен қамтып тастау мүмкін болмай отыр.

Бұл орайда енді жас отбасыларға арнап салына бастайтын «Жас Отау» аймақтық бағдарламасының көмекке келетін түрі бар. Жергілікті бюджет есебінен салынатын алғашқы 90 пәтерлік үй келер жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бүгінде аймақтық бағдарламаның ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып отырған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауидан білгеніміздей, механизм негізінен тұрғын үй бағдарламасы арқылы жүзеге асады. «Атырауда пәтер құнының бір шаршы метрі 110 мың теңге болса, бұл да сол шамада болады деп күтілуде. Шыны керек, ипотека арқылы баспана алуға кез келген адамның жағдайы жете бермейді. Өйткені, екінші деңгейлі банктер кем дегенде 30 пайыз жинақтың алдын ала төленіп тұруын талап етеді. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынғалы отырған жобаның жаңалығы – жастардың жаңа үйде тұрып-ақ, пәтердің 50 пайыз қаржысын жинақтауға мүмкіндік алуында», – дейді ол.
Құрылыс алаңы «Нұрсая» ықшамауданы деп белгіленіп отырған баспана бағдарламасы «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» АҚ арқылы жүзеге аспақ. «Бұл жерде мынаны түсіну керек. Жас отбасы пәтерлі болғаннан соң, аталмыш банктен арнайы есепшот ашады. Тұрғын үй құнының жарты бағасын үш жыл ішінде жинақтай ма, жоқ әлде бес жыл ішінде жинақтай ма – таңдау үй иелерінің өзіне беріледі. Кейін баспана бағасының жарты сомасы жинақталғаннан соң, банк бес-алты пайыз көлемінде төмендетілген несие береді», – деп түсіндірді біздің пікірлесушіміз.
Оның айтуынша, мемлекет бұл жүйеден екінші деңгейлі банктер секілді гипер пайда көрмейді. Есесіне, үй жалдап жүрген жас отбасыларды баспанамен мейлінше тезірек қамтамасыз етуге жол ашылады. «Яғни, тұрғын үй салу үшін кеткен ақша қайтарымды. Сол қаржы тағы да үй салуға жұмсалатын болады», – дейді Мейірім Қалауи.
Оның айтуынша, басты талап – ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 29-ға толмаған болуы тиіс. Және де баспана мейлінше пәтерге мұқтаж, үй жалдап жүрген жастарға берілетін болады.
«Баспана бөлу мейлінше ашық жүргізіледі», – дейді Мейірім Қалауи. Белгілі болғанындай, үй бөлу барысында арнайы комиссия құрылып, оған бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің қызметкерлері тартылады деп күтілуде. Тағы бір айта кетерлігі, жас отбасылардың құжаттары үй тапсырылуға үш ай мерзім қалған уақытта қабылдана бастайды.
Мамандар келтірген бір дерек мынадай. Аймақтағы отау құрған жастардың үштен бірінің тағдыры ажырасумен аяқталып жатыр екен. Оған себеп – әлеуметтік мәселе көрінеді. Сондықтан, «Жас Отау» отбасылық институтты нығайтуға, елдегі демографиялық ахуалды күшейтуге оң әсерін тигізеді деп сенеміз.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз