Жас ғалымдардың алғашқы табысы

 Халықаралық ғылыми жобалардан жүлделі орын алған түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылғанын бұған дейін айтқан едік. Сондай-ақ, олар еліміздегі кез келген оқу орнының білім грантына ие бола алады. Үздіктерге 125 балл деген көрсеткіш жазылған арнайы білім сертификатын облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова табыстады.

   Жалпы оқу жылында өңірімізде елу сегіз оқушы халықаралық ғылыми жұмыстардың жеңімпазы атанса, оның ішінде отыз төрт мектеп бітіруші бар. Өткен жылмен салыстырғанда, үздіктер қатары да көбейіп отыр. Мысалы, өткен оқу жылында Құрманғазы ауданының бір оқушысы ғылыми жобаның жүлдегері атанса, биылғы жылы Жылыой ауданынан үш оқушы жеңімпаздар қатарына ілікті. Айта кетейік, атыраулық оқушылардың көпшілігі техникалық бағыттағы ғылыми жұмыстармен қатысқан. Мысалы, физика пәні бойынша Ресейдің Мәскеу қаласында өткен ғылыми жобаның жеңімпазы Ақмөлдір Дүйсенбаева – Ж.Досмұхамбетов атындағы лицейдің түлегі. Қазақ-түрік лицейін бітіруші Елнұр Тәжімбетов Бразилия елінде өткен халықаралық олимпиададан жүлделі орын алған. Оның формулаға салып жасаған архитектуралық сызбасы әлем ғалымдарын таңғалдырған. Жас ғалым аталмыш жобасын Алматыдағы Сүлейман Демирел университетіне оқуға түскенде де жалғастыруды көздеп отыр. Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның оқушылары Аяжан Рысжанова, Әзиза Шамаева, Гаухар Қожықованы химия, биология пәні бойынша ғылым жолына бағыттаған ұстаздары – Балсұлу Ғұбашева. Отыз үш жылдан астам еңбек өтілі бар жоғары санатты оқытушының айтуынша, оқушылар судың, топырақтың тазалығын зерттеген. Сондай-ақ, күкірттің шаруашылықта пайдаланылуына екі жыл бойына аса мән беріп шұғылданған көрінеді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Суретті түсірген: Ерлан Алтыбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз