
Жарыс төрінде – жеңіл атлеттер
Атырауда Еуропа кубогінің иегері, КСРО-ның бірнеше дүркін жеңімпазы, рекордшысы, еңбек сіңірген спорт шебері Әмин Елемесұлы Тұяқовтың құрметіне арналған жеңіл атлетика жарысы өтті. Атақты желаяқтың спорттағы өмір жолын үлгі ете отырып, жастарды Отансүйгіштікке, салауатты өмір салтына баулу және студенттердің дайындық деңгейін анықтауға арналған жарысты Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасының спорт қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Дене тәрбиесі және бастапқы әскери дайындық кафедрасының доценті Нұролла Мәмбетов жарыстың салтанатты ашылуында жастарға арнаған жылы лебізін жеткізді.
– Әмин Тұяқов ағаларыңыздың кім екенін бәріңіз жақсы білесіздер. Ол – Олимпиада ойындарының қатысушысы, Еуропа чемпионы атағын бірнеше рет жеңіп алған, Қазақстанның рекордшысы әрі чемпионы. Нағыз желаяқ, нағыз спорт майталманы. Спринтерлік сайыстарда талай мәрте топ жарып, екі жүз метрді бар-жоғы жиырма секундтың бес ондығында жүгіріп өткен – бұл өз дәуірі үшін тарихи рекорд еді. Өкінішке қарай, белгілі себептермен өзі келе алмады. Алайда бүгінгі жарыс – оның есімін ұлықтап, жастарға үлгі ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ендеше, сіздерге тек сәттілік тілеймін, — деді ол.
Сайыс бағдарламасы бойынша 100 және 1500 метр қашықтықта ұлдар мен қыздар арасында жекелей түрдегі жарыстар өтті. Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздары, медальдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спорттық шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, жас желаяқтардың шынығып, өз әлеуетін көрсетуіне мүмкіндік береді.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



