ЖАНБАЙДАҒЫ ЖИЫН

ауылдың  еңсесін  көтеруге  жол  ашты

Жанбай – Каспий теңізінің жағалауына  жиектей  орналасқан үш мыңға тарта тұрғыны бар, «Атырау - Астрахан» тас жолының бойындағы ауыл. Кезінде облысқа танымал «Забурын» кеңшары осы жерде төрт түлік мал өсіріп, шаруашылықты дамытқан. Кеңшар тарағаннан кейін жергілікті тұрғындар «өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, іргедегі теңізден балық аулауға әрекеттенді, бірақ заңдылық тұрғыда рұқсат етілмеді. Соңғы жылдары теңіз жағалауынан көктем мен күзде маусымдық балық аулауға лимит алып, төрт-бес кәсіпкерлік құрылымдар жұмыс жасауда.

Ауылдың әлеуметтік мәселелері де біртіндеп шешілгенімен, тұрғындардың сұранысы мен тілегі көп еді. Олар оны жоғары орындарға да қойып келді.

Үстіміздегі жылғы 23 маусым күні облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов Исатай ауданына жұмыс сапары кезінде Жанбай ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Тұрғындар өңір басшысына ауылдың қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерін жеткізіп, шешілуіне көмектесуді сұрады.

– Қойған мәселелеріңізді шешуге тырысамын. Ол үшін уақыт пен қаражат керек. Орындалысы жайлы сіздерге хабардар етіліп отырылады, – деген еді облыс әкімі.

Жақында Жанбай ауылының клубында болған жиында облыс әкімінің тұрғындардың айтқан ұсыныс-тілектеріне байланысты берген тапсырмасының орындалу барысы қозғалды.

Хабарлама жасаған аудан әкімі Т.Сұлтанбеков облыс әкімінің тапсырмалары хаттамаға түсіріліп, күнделікті бақылауда ұсталып отырғанын еске сала келе, содан бері орындалған істер мен алда жүзеге асырылатын жобалардың жай-жапсарына тоқталды.

Ауылдың шеткі бөлігіндегі Комплекс және Қазақауыл мөлтекаудандарында тұратын оқушыларды мектепке тасымалдау үшін бюджеттен 5,9 млн теңге бөлініп, ПАЗ автобусы алынып берілсе, орын жоқтықтан мектептің шаруашылық бөлмелеріне тығыстырылып оқытылып келген балалар саз мектебі «ПотенциалОйл» ЖШС-нің демеушілігімен 4,3 млн теңгеге сатып алынған бөлек ғимаратқа көшірілді. Тұрғындар сұранысына сәйкес 1 қарашадан бастап селолық дәрігерлік амбулаториядан күндізгі ем алатын бөлімше ашылады. Дәрігер үшін қызметтік пәтер сатып алуға қаржы бөлініп, конкурс жарияланды. Учаскелік инспектор қызметтік пәтермен қамтамасыз етілді.

Ауыл іргесіндегі №7 ұңғымадан шығып тұрған газды тұйықтау жұмыстары үшін 300 млн теңге бөлініп, мердігер «Жасұлан и К» ЖШС биылғы жылдың шілде айында толықтай аяқтады.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша селоішілік су желісінің жұмыстары аяқтала келді. Қазіргі уақытта су тазарту қондырғысын орнату, КПП, су жинау қоймалары құрылысын салу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды жыл аяғына дейін бітіріп, тұрғындарға су беру жоспарлануда.

Облыс әкімі Жанбай ауылының селоішілік жолдары жөнделіп, жаңадан мәдениет үйінің салынатынын уәде еткен еді. Бұл үлкен істер де қолға алынуда. Селоішілік жолдарды күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттарын жасақтауға 9,5 млн теңгеге конкурс жарияланып, жеңімпаз мердігер «Атырау-Вита Сервис» ЖШС-мен жобалау жұмысы осы жылы аяқталады. Ол жобада І-кезең бойынша 6,7 шақырым селоішілік жолдар күрделі жөнделеді және 1,8 шақырым жаяу жүргінші жолы салынады деп жоспарлануда. Ал ІІ-кезеңде ауылдың қалған көшелері толық қамтылатын болады. Болашақта 200 орындық мәдениет үйінің құрылысын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталу үстінде.

Ауыл тұрғындарының мал өсіруі үшін қажеттілігі зор Манаш су тоғанын  және оған баратын каналдыжөндеу үшін 4,0 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттары (жеңімпаз «Толқын» ЖШС) дайындалып, мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Каналды жөндеу жұмыстары биыл басталмақ.

Бұған дейін жүргізілген көше жарығы құрылысын аяқтау үшін жобалау құжаттарына өзгерістер енгізіп, қосымша қаржы бөлу жөнінде облысқа мәселе қойылуда. Х.Нәубетов атындағы орта мектебін күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес 2015 жылы қаржыландыру көзделуде. Типтік үлгідегі селолық дәрігерлік амбулатория салу қажеттігі ескеріліп, оның жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтау қолға алынуда.

Облыс әкімімен болған кездесуде мәселе етіп қойылған, ауылда шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсету, жұмыссыздықты азайту бағытында да шаралар алынуда. 2011-2014 жылдары Жанбай ауылдық округі бойынша «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде 22 адамға 59,3 млн теңге көлемінде несие берілген. Несие қаражаттары негізінен мал өсіру жобаларын қамтиды. Жеке кәсіпкер Л.Тастанова шағын наубайхана ашқан. «Атырау Шағала» ЖШС балық өңдеу жобасы бойынша «КазАгроҚаржы» АҚ мекемесімен несие алу рәсімдерін жүргізуде. «Хазар» жеке кәсіпкерлігі де балық аулау және өңдеу жобасын ойластыруда. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде үш қатысушы шаруа қожалығына биылғы жылы тұрақты тоқ көзімен қамтамасыз ететін жел генераторы сатып алынып, қайтарымсыз берілді. Жыл басынан бері округ бойынша жұмыспен қамту бөліміне жұмыссыздар ретінде 72 адам тіркеліп, оның 38-і (52,7 пайыз) жұмысқа орналасқан. Күзгі балық аулау жұмыстарына балық кооперативтері 148 адамды алып отырса, 62 тұрғын ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.

Осылайша, облыс басшысының Жанбай ауылындағы кездесуі теңізге қарап телмірген ауылдың бет-бейнесін жаңартуға жол ашқандай. Аз ғана уақытта біткен кейбір істерге шынайы ризашылықтарын білдіріп, алдағы жоспарлардың орындалатынына сенген ауыл тұрғындары бұл жолы да жиыннан жадыраңқы көңілмен тарқасты.

Ауылдың тірлігі мен бірлігі де әлеуметтік жағдайдың шешілуіне байланысты екені анық.

 Мәди  АТЫРАУОВ,

 Исатай ауданы.

Суреттерде: Облыс әкімінің Жанбай ауылы тұрғындарымен жүздесу сәті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз