«ЖАНАШЫР» ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ

Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақтағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін ұжымдық, әлеуметтік қолдау мақсатында «Жанашыр» жобасы жүзеге асуда. Кеше «Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы Атырау коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында жобаның таныстырылымы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.

 

Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаған аймақ басшысының орынбасары айтулы мерекенің басты жаңалығы – «Жанашыр» жобасының мақсаты мен жұмыс бағыттарын түсіндірді.

– Аймақта 700-ден аса жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар бар. С. Қазыбаев атындағы №1  балалар үйінде – 72, «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылында – 49, үш жасқа дейінгі сәбилер үйінде 28 бөбек мемлекет қамқорлығына алынған. Оларға бүгінге дейін мемлекет тарапынан және жеке секторлардан қолдау көрсетіліп жатса да, балалар әлі де жан-жақты қамқорлықты қажет етеді. Сол себепті жетімдер үйінің тәрбиеленушілерін жүрек жылуын арнауға еңбек ұжымдарын тарту, азаматтық белсенділікті күшейту мақсатында «Жанашыр» жобасының маңызы зор, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Белгілі болғанындай, жоба аясында балаларға үш бағытта қолдау көрсетіледі. Тәрбие бөлімінде ұжымдар баланың тәрбиесіне тікелей атсалысады. Демалыс күндерін бірге өткізу, баламен оның болашағына қатысты интеллектуалды сұхбат жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ, тәрбиеленушілерді ұжымдастар өз отбасыларына апарып, тәрбие бере алады.

Ал, білім бағыты бойынша қосымша білім беру орындары арқылы қолдау көрсетсе, әлеуметтік қолдау бағытында оларды жұмыспен қамтуға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндетті.

Қамқоршы ұжымдар баланың атына «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да есепшот ашып, ай сайын қаражат аударып тұрады. Мәселен, бір бөлмелі пәтерге қажетті соманы жинау үшін ай сайын 50 мың теңге көлемінде қаржы құюы керек.

Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде  балалар үйінде тәрбиеленушілер санының азайып, олардың қоғамның саналы да, белсенді азаматтары болып қалыптасуына жағдай жасалмақ.

Брифинг барысында жобаны ұйымдастырушы облыстық әкімдік пен жобаға қатысушы кәсіпорындар, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Атырау облыстық филиалының өкілдерімен үш жақты келісімге қол қойды. «Іскер консорциумы» ЖШС тәрбиеленуші Дамир Төребаевты, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Ерсұлтан Өрбаевты және «Атырау су арнасы» КМК Айман Баяуованы,  «Потенциал  Ойл» ЖШС Равиль Меңдіғалиевті өз қамқорлықтарына алды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА,

Суретті түсірген

Ерлан Алтыбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз