Жарнама
Жаңалықтар

Жаңа мамандықтар атласын әзірлеу: Атырауда форсайт-сессия өтті

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде өңірге қажет болашақ мамандықтарды айқындауға арналған форсайт-сессия өтті. Жиынның басты мақсаты – еңбек нарығындағы ұзақ мерзімді өзгерістерді болжау арқылы аймақтың кадр саясатын жаңғырту және жаңа буын мамандарын даярлаудың нақты бағыттарын белгілеу.

Форсайт-сессия «Туризм», «ІТ индустриясы», «Агроөнеркәсіп кешені», «Өңдеу өнеркәсібі» және «Тамақ өнеркәсібі» секілді бес негізгі сала бойынша ұйымдастырылды. Жиынға аталған бағыттардың жетекші сарапшылары, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының мамандары қатысып, өңірдегі кадр қажеттілігін қалыптастыруға қатысты маңызды мәселелерді талқылады.

c9820b17 bbad 4f59 ac3c 20e4c054c51a

Туризм саласынан қатысқан «Планета.kz» компаниясының директоры Роза Бекенова жаңа мамандықтар Атласын әзірлеудің маңызын атап өтті.

«Мен туризм саласында 15 жыл еңбек еттім. Сондықтан 10–20 жылдан кейін бұл саланың қалай өзгеретіні, қандай жаңа мамандықтардың пайда болатыны қызықтырады. Бұл сессиядан жаңа идеялар мен тың жобалар күтеміз», — деді ол.

Университет өңірдің кадрлық қажеттіліктер картасын әзірлеуге 2023 жылы кіріскен болатын. Нәтижесінде аймақтың экономикалық даму бағыттары, еңбек нарығындағы негізгі трендтер мен салалық трансформация факторлары анықталған. Бүгінгі форсайт-сессия – осы жұмыстың жалғасы. «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан бастама жастарға кәсіби болашағын дұрыс жоспарлауға және жаңа мүмкіндіктерді көруге жол ашады.

40f5c899 76fa 4339 a3f4 fedd8cad8865

Университет ректоры-басқарма төрағасы Гүлзада Шакуликова бұл жоба Атырау өңірі үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.  

— Қазақстан бойынша Атлас даярлау 2021 жылы басталды. Бүгінде 9 облыста аяқталды. Жыл соңына дейін барлық өңір өз Атласын әзірлеп шығуы тиіс. Сарапшылар – өндіріс, бизнес, академиялық саланың өкілдері. Бір ортада бас қосып, ертеңгі күні мектеп оқушыларына бағыт болар мамандықтарды анықтаймыз,— деді ол.

0f1aafb4 6ad7 4c9e a59a 85820c227ae9

Жиында жасалған ұсыныстар мен сарапшылар пікірі негізінде жаңа мамандықтар Атласы жыл соңына дейін әзірленіп бітеді деп күтілуде. Бұл өңірдің еңбек нарығына тез бейімделуіне, кәсіби дағдыларды жетілдіруге және аймақтық әлеуетті арттыруға серпін бермек.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button