
Жаңа белестерге бастар жол
Жасанды интеллектіні дамыту – жай ғана технологиялық үрдіс емес, ұлттық экономиканың жаңа белестерге көтерілуіне жол ашатын стратегиялық бағыт. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жасанды интеллект білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік басқару салаларында тиімділікті айтарлықтай арттырады. Бұл туралы Мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған Жолдауында нақты айтылды. Дәлел ретінде ауқымды істердің бір парасы Атырау облысында да жүзеге асқанын атап өткен жөн. Өйткені біз тек мұнай-газ секторының аясында ғана шектеліп қалмай, жаңа технологияларды енгізу ісінде де алдыңғы қатарда бола аламыз.
Мысалы, өндірістік процестерді автоматтандырып, экологияны бақылауда, көлік-логистикада жасанды интеллектіні қолдану болашақ үшін айрықша маңызға ие. Атырау облысы – еліміз бойынша жетекші өңірлердің қатарында. Биылдың өзінде облыс делегациясы Ресей, Қытай, Пәкістан, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Қатар, Испания, Италия, Аустралия, Литва және Өзбекстан елдерінің ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде өзара ынтымақтастық орнату жөніндегі 20-дан астам құжатқа қол қойылды. Оның ішінде индустриалды парк құру, жел және газ электр станцияларын салу, «жасыл» энергетика жобалары бар. 2025-2029 жылдары жалпы құны 7 триллион теңге болатын 45 инвестициялық жоба жүзеге асып, жаңадан 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақшы.
Өркендеу өрісі
Саланы цифрландыру мақсатында Атырау облысының арнайы инвестициялық картасы әзірленген. Геопортал инвесторлардың өңірдің мүмкіндіктерімен тереңірек танысып, жаңа жобаларға қатысуы үшін өз бастамаларын ұсынуына жағдай жасайды. Бүгінде облыста 599 кәсіпорын (оның 4-еуі ірі, 13-і орта, 582-сі шағын кәсіпкерлік субъектісі) жұмыс істеп тұр.
Экономиканы әртараптандыру үшін ірі жобалар да қолға алынып жатыр. Мәселен, жылына 6 мың жүк вагонын шығаратын зауыт салынуда. Жыл соңына дейін жалпы құны 44 миллиард теңге болатын 11 жоба жүзеге асады, оның 6-ауы іске қосылды. Құны 6,5 триллион теңгеге бағаланған ірі 5 мұнай-газ химия жобасы жүзеге асуда. Бұл жобалардың құрылысы кезінде 18 мың уақытша, ал іске қосылғанда 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.
Өңірде «Ұлттық индустриалдық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр, онда 18 қатысушы тіркелген. Мұнда инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Қазір жылына 500 мың тонна өнім шығаратын полипропилен кешені салынды. Полиэтилен және бутадиен өндірісі де жоспарланып, 450 гектар аумақта өңірлік арнайы экономикалық аймақ құру және Қаратон учаскесінің тұзасты қабатында тереңдігі 5500 метрлік ұңғыманы бұрғылау жұмыстары басталып кетті.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерін мемлекет меншігіне қайтару және тиімді пайдалану керек. 2022 жылдан бері жалпы көлемі 567,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Бұл салада биыл 2 ірі жоба іске қосылды. Біріншісі – «Dossor Processing Company» компаниясының қуаты жылына 48 мың тонна құрама жем өндіретін зауыты. Оның жобалық құны 602 миллион теңгеге шығыпты. Екіншісі – «Қуаныш» шаруа қожалығының жылына 300 бас ірі қара малын бордақылауға арналған алаңы (жобалық құны – 300 млн теңге).
Инвестициялық жоба – игілік бастауы
Биылдан бастап, 2027 жылдың соңына дейін Атырау облысында 48,3 миллиард теңгеге 12 инвестициялық жоба іске асып, жаңадан 458 жұмыс орны ашылуы тиіс. Оларды рет-ретімен айтсақ, «Goldbridge» компаниясының қант зауыты құрылысы, «KazGrow Irrigation Systems» зауыты мен 5,6 гектар аумақтағы өнеркәсіптік жылыжай, жылына 700 тонна өнім беретін бекіре балығын өңдейтін 2 зауыт, «Дәулет құс» фабрикасын тәулігіне 250 мың дана жұмыртқа өндіретіндей етіп, 1 миллиард теңге инвестиция салып жаңғырту, Құрманғазы ауданы мен Атырау қаласындағы көтерме сауда орталық базасында Агрохаб салу жобалары бар.
Қазір мал өнімдерін өңдеу үлесінің төмен болып тұрғаны шындық. Сондықтан алда бұл бағытты күшейту міндеті тұр. Өсімдік шаруашылығында су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы егістік алқаптарын ұлғайту қажет.
Жол-көлік және туризм – ілгерілеу кепілі
Облыста көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту, автожолдардың сапасын жақсарту, әуе қатынасын кеңейтіп, туристік бағытты ілгерілету бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Атырау облысындағы автокөлік жолының жалпы ұзындығы – 3 мың шақырым. Оның 1125 шақырымы – республикалық маңызға ие, 1927 шақырымы – облыстық және аудандық маңыздағы жол. Бүгінде олардың 74%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
Былтыр 42 елді мекенде 312 шақырым жол жөнделген. Соның нәтижесінде жергілікті маңызға ие жолдың сапасы 74%-тен 78%-ға, Атырау қаласында жол сапасы 94%-дан 95%-ға жетті. Биыл бұл көрсеткіш 82% және 96% деңгейге жетуі тиіс. Қазір облыс бойынша жалпы ұзындығы 223 шақырым жол салынып жатыр. «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында Құлсары қаласында былтыр 30 шақырым жол салынып, сапа көрсеткіші 63%-ға жетті. Жыл соңында қосымша 75 шақырым жол салу арқылы бұл көрсеткіш 84%-ға жетеді.
Әуе көлігі саласында Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы аймақтың стратегиялық маңызды торабы ретінде халықаралық бағыттарды кеңейтуде. Қазір әуежай «Ашық аспан» режимінде жұмыс істеп тұр. Жаңа Pegasus Airlines сияқты шетелдік әуе компаниялары тұрақты рейстер ашуда. 2030 жылға қарай жолаушы ағыны 2,8, ал 2035 жылға қарай 3,2 миллион адамға жетуі мүмкін.
2024-2027 жылдары жаңадан 15 тұрақты әуе бағыты ашылады. Атап айтқанда, 2024-2025 жылдары – «Атырау-Дубай», «Атырау-Баку», «Атырау-Тбилиси», «Атырау-Ташкент», «Атырау-Стамбул»); 2026-2027 жылдары – Сочи, Санкт-Петербург, Варшава, Будапешт, Лондон, Франкфурт, Шарм-эль-Шейх, Джидда, Абу-Даби, Нью-Дели.
Туристік инфрақұрылым бойынша Лотос алқабы, Ақкерегешың, Нарын құмдары, Сарайшық қалашығы, «Ақмешіт» қорымы секілді тарихи-туристік нысандарға апаратын жолдар салынады. Туристік орындарды абаттандырып, жаңа маршруттар ашу және «Visit Atyrau» туристік ақпараттық орталығын құру арқылы ішкі және сыртқы туризмді дамытуға да нақты қадамдар жасалуда.
Инфрақұрылымды жаңғырту – уақыт талабы
Президент тапсырмасы аясында өңірлік инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Соңғы жылдары облыста энергияға сұраныс артып келеді. 2026 жылға дейін «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-нда 25 МВт, 2029 жылға дейін 200 МВт қуат іске қосылады. Құлсарыда 250 МВт бу-газ қондырғысы, Қарабатанда 500 МВт газтурбиналық (Hualin Energy LTD) және 500 МВт жел электр стансасы (Envision Energy Limited) салынбақшы.
Электр желілерінің тозу деңгейін 2030 жылға дейін 67,3%-дан 45,5%-ға дейін төмендету көзделген. Жылу жүйелерінің тозуын да 64,4%-дан 51%-ға дейін азайту жоспарланған.
Сумен жабдықтау саласында 4,7 миллиард теңгеге автоматтандыру жобасы іске асуда. Қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін onaykyzmet.kz порталы іске қосылды.
Ал, экология саласында 2024 жылы атмосфераға шығарылған зиянды заттар көлемі 117,8 мың тонна болды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 24%-ға аз.
Кәсіпкерлікке – кең өріс
Кәсіпкерлікті қолдау мен цифрлық технологияларды енгізу – елдің жаңа экономикалық бағытының негізі. Биыл 1 қазанда облыста 65 мыңнан астам белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 138 мың адам жұмыспен қамтылған. Олардың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі – 21,2%.
«Атырау өнімі» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге 7% жеңілдікпен 70 миллион теңгеге дейін несие ұсынылады. Жобаға жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Биыл 1 қазанға дейін мансап орталығына жүгінген 53 мыңнан астам азаматтың 13 мыңнан астамы жұмысқа орналасқан. 4,2 мың адам кәсіптік оқуға жіберіліп, 291 азамат мемлекеттік грант иеленіпті.
Білім беру саласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста жаңадан салынуы тиіс 9 мектептің былтыр 3-і, биыл 1-і пайдалануға берілді. Жуырда тағы 4 мектеп іске қосылады, 1 мектеп 2026 жылы пайдалануға беріледі. 179 білім беру мекемесі цифрлық жүйелермен жабдықталып, «Nazar» жобасы аясында 202 мектепке 2485 бейнекамера орнатылған. Жасанды интеллект негізінде буллингті анықтау сынақтан өтті.
Денсаулық сақтау саласында 2023-2025 жылдары жоспарланған 18 нысанның 13-інің құрылысы аяқталды. Дәрігерлерді тарту үшін аймаққа келген мамандарға 5-10 миллион теңге көлемінде көтермеақы, жеңілдетілген несие және тұрғын үй беру қолдауы көрсетілуде. Былтыр 43 дәрігер тұрғын үй алса, биыл тағы 60 маман қамтылады.
Спорт инфрақұрылымын нығайту мақсатында биыл жаңадан 17 спорт кешені пайдалануға беріледі.
Қауіпсіздік – бірінші кезекте
Облыста жол қозғалысын қадағалау және бақылау жүйесін жетілдіру мақсатында заманауи цифрлық технологиялар енгізілуде. Қазір патрульдік бағыттардың жиілігі күшейтіліп, арнайы техникалар мен жаңа құрал-жабдық пайдаланылуда. «Кибер-Шериф», «Оракул» қосымшасы, «Трафик Сканьер», әуеден бақылау жүргізетін дрондар және ақпараттық бағдарламалық жүйелердің көмегімен жолдағы тәртіпті сақтау тиімділігі едәуір артты.
Сонымен қатар, жол ережесін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркейтін жүйелер кеңінен қолданылып, әкімшілік шаралардың орындалу көрсеткіші тұрақты деңгейде сақталуда. Мұның бәрі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол апаттарының алдын алуға және тәртіпті күшейтуге бағытталған.
Қауіпсіздік саласын цифрландыру тиімді нәтиже беріп отыр. Облыс аумағында орнатылған 62 мың бейнебақылау камерасының 12 мыңы жедел басқару орталықтарына қосылған. Енді оларды бірыңғай жүйеге интеграциялау жұмысы жалғасып жатыр. Жаңа енгізілген «Target EYE» платформасы арқылы 10 мыңнан астам камераны орталықтан басқару, бет-әлпет пен автокөлік нөмірін биометриялық тану мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Қоғамдық орындарда пилоттық негізде бейнеаналитика функциясы іске қосылып, құқық бұзушылықтың алдын алу тиімділігі артты. Биыл қала аумағына қосымша 2 мыңға жуық камера орнату жоспарланған. Мақсат – «Заң мен Тәртіп» қағидатын толыққанды іске асыру.
Интернет инфрақұрылымын жетілдіру бойынша бүгінде облыстағы 153 елді мекеннің 132-сі кең жолақты интернетпен қамтылған, жалпы қамту деңгейі – 99,6%. Атырау қаласында халық көп шоғырланатын орындарда 5G желісін қамтамасыз ететін 108 базалық станция, Құлсары қаласында 6 станция орнатылды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 42 ауылға талшықты-оптикалық интернет тарту және республикалық маңызы бар жолдарды үздіксіз байланыспен қамту үшін 5 антенналық-діңгектік құрылым салу жоспарланып отыр.
Дәулетқали АРУЕВ



