ЖАЛАҚЫНЫ КЕШІКТІРМЕУ – ЖАУАПТЫ МІНДЕТ

Бейсенбі күні облыстық әкімдікте еңбек нарығындағы тұрақтандыру шараларын қабылдау және жұмыс берушінің еңбекақы бойынша борышы мәселелерін жедел қарау жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев жетекшілік еткен жиында жұмысшы-қызметкерлерінің еңбекақысын кешіктірген құрылымдардың мәселесі талқыға түсті.

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Салауат Ишайдың айтуынша, еңбек инспекторлары жергілікті прокуратурамен бірлесіп, «Каспий-балық» өндірістік кооперативі, «Гюрал», «SOUTH-WEST GROUP CORPORATION», «Төбеарал ойл» жауапкершілігі шектеулі  серіктестіктерінде кешенді тексерулер жүргізген. Мұндағы мақсаттары еңбек заңнамасының қаншалықты орындалып отырғанын білу еді. Байқаса, бұл құрылымдардың басшылығы тиісті заңдылықтарды орындауда көп кемшілік жіберіпті.

– «Гюрал» ЖШС қызметкерлерінің ұжымдық арызы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде көптеген заң бұзушылықтар анықталды. 69 қызметкерге 23,2 млн. теңге көлемінде еңбекақы мен түпкілікті есеп айырысу бойынша төлемдер төленбеген. Жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты еңбеккерлері толық емес жұмыс уақыты режиміне көшкен. Дегенмен, ол туралы уәкілетті орынға хабарламаған, – деді облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы.

«Каспий-балық» өндірістік кооперативіндегі жағдай да осыған ұқсас. Мұнда 78 еңбеккердің былтырғы қараша айындағы 7,2 млн. теңге жалақысы төленбеген. Сонымен қатар, қызметкерлерге еңбек шартында көзделген жалақы мен өзге де төлемдер уақытылы және толық мөлшерде өтелмепті. Тиісті орындардың тегеурінді талабынан соң кооператив жалақы бойынша бережағын жапқан.

Атырау қалалық прокуратурасы «SOUTH-WEST GROUP CORPORATION» ЖШС бойынша заңның аяқасты қалғанын анықтап отыр. Серіктестіктің ұжым мүшелеріне еңбекақыға қарызы (төрт айға) 11 млн. теңгеден асып кеткен. Құрылым жетекшілері қызметкерлерді жұмысқа қабылдаған немесе олардың еңбек шарттарын бұзған кезде де құжаттарға немқұрайлы қараған секілді. Соның көрінісіндей, еңбеккер тиісті бұйрықтармен үш күннің ішінде таныспаған, ол туралы хабарламалы хат та алмапты. 

Мұндай заң бұзушылықтарды түгелдей тізбелеп шығу мүмкін болмас. Дегенмен, құрылым басшыларының еліміз заңдарына жүрдім-бардым қарайтыны қайран қалдырады.

Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев сол себепті олқылықтарға жол берген мекеме өкілдерін орындарынан тұрғызып, нақты тапсырмалар берді.

Жиынға қатынасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілдері қойылған талаптың орынды екендігін, жалақы бойынша бережақтың дереу жабылатындығын айтып сендірді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз