ЖАҚСЫ ЖОБАҒА ҚАШАН ДА ЖОЛ АШЫҚ

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың төрағалығымен аймақты үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі өтті.
Мәжілісте алдымен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған өтінімдер қаралды. Бұл туралы облыстық индустриалды-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева мәлімдеді. Оның айтуынша, үйлестіру кеңесінің назарына жолданған өтінімдерде негізінен бизнес субъектілерінің жаңа жобаларын жүзеге асыруға қажетті берілетін несие қаржыны субсидиялау жайы сұралған.

Осылайша, «Утепбаева Р.М.» жеке кәсіпкерлігіне салынып жатқан балабақша құрылысын аяқтап, қажетті жабдықтарды сатып алуға «Альфа банк» Атырау филиалы арқылы 58,0 млн. теңге көлемінде несие берілген. Сыйақы мөлшерлемесі 14 пайызды құрайды, нысан пайдалануға берілген уақытта жаңадан 15 жұмыс орны ашылады. Келесі кезекте «АТФ банк» мекемесінің облыстық филиалынан 40,0 млн. теңге көлемінде несие алған «Досжан және компания» ЖШС қамысты жаңқалы тақтайшалар өндірісінде қолданылатын желім шығару цехының құрылысын қолға алған. Мұнда да болашақта 15 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту көзделген. Сол сияқты «Лекерова» жеке кәсіпкерлігі де келешекте ашылатын аспаздық цехына керекті жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін «Қазақстан халық банкі» филиалынан 24,6 млн. теңге несие алған. Бұдан бөлек, «Каспиан Девелопмент Компани» ЖШС қаланың бір шетінде орналасқан өндірістік база аумағынан қойма ғимараттарын салу мақсатында «Альянс банк» АҚ-ның филиалынан 81,9 млн. теңге сомасында несие алуға қол жеткізген.
Мұның сыртында, бұған дейінгі үйлестіру кеңесінің мәжілістерінде қаралып, қабылданған кейбір шешімдердің орындалу мерзімін ұзарту, мақұлданған жобалардың өзіне ішінара өзгерістер енгізу, қайсыбіреулерін субсидиялауды қайта жалғастыру жайы қаралды. Бұлардың қатарында «КасХим» ЖШС-нің «Полипропилен қапшықтар шығаруға байланысты кешенді жабдықтар сатып алу», «ALAN BUILDING SYSTEMS» ЖШС-нің «Атырау қаласында салынатын модульдік үй құрылысы фабрикасының құрылысы» жобасын «Ағаш үйлер шығару цехымен» алмастыру, «Алаша Атырау» ЖШС-нің ұсынысы бойынша жылыжай қондырғысын сатып алуға жұмсалатын қаражатын субсидия есебінен өтеуді одан әрі жалғастыру, т.б. атауға болар еді.
Бұдан бөлек, өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісінде бірқатар кәсіпкерлік субъектілерінің ұсынып отырған бизнес-идеялары үшін грант алу мәселесіне, «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясындағы өтінімдеріне де көңіл бөлінді. Жоғарыда аталғандардан басқа, бұл жобаларда ағаш өңдеу, өсімдіктерді қорғау препараттарының өндірісі, көлік қызметі, өндірістік қалдықтарды тиеу мен тасымалдау, жүнді түтіп, талшықтар дайындау жұмыстары қамтылған. Бұлардың барлығы да бірауыздан мақұлданып, қабылданды. Қаржыландыру құрылымдарының қатысуымен несие және субсидия түрінде қаржыландырылатын болып шешілді.
Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы келешекте де өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, кәсіпкерге нәсіп тауып берумен бірге елдің де кәдесіне жарайтын, пайдасын тигізетін бизнес жобалар мен бастамалардың қай-қайсысы да аяқасты қалмайтынын, атқарушы билік пен қаржыландыру институттары тарапынан қолдау табатынын қаперледі.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз