ЖАҢҒЫРҒАН ЗАУЫТТЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

Облысқа жұмыс сапарымен келген «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Атырау мұнай өңдеу зауытында болып, кәсіпорында жаңғырту бойынша салынған құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты. «ҚазМұнайГаз – өңдеу-маркетинг» АҚ және АМӨЗ басшылығы кәсіпорында жүзеге асып жатқан өндірістік стратегиялық және бизнес жобаларды баяндады.

Бұдан соң қор басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытының трансформациялау бойынша жобалары жөніндегі кеңейтілген отырысын өткізді.

Зауыт басшысының айтуынша, мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Биылғы жыл соңында жобаның механикалық бөлігі аяқталмақ.

– Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені іске қосылысымен  К-4 және К-5 (Еуро-4, Еуро-5 тектес) стандарттарындағы бензин шығарылады.  Мұнайды тереңдетіп өңдеу ұлғайып, 63 пайыздан 85 пайызға көтеріледі, өндірісте ашық түсті мұнай өнімдерінің (бензин, дизель отыны) үлесі артады. Зауыттың мұнайды өңдеу қуаты жылына 5-тен 5,5 млн. тоннаға дейін жоғарылап, құрамында зиян мөлшері төмен автокөлік бензинін тұтыну есебінен аймақтың экологиялық ахуалы жақсармақ. Осы зауытпен қоса, Шымкент және Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарында жаңғыртудан кейін, 2017-2018 жылдары елдің автокөлік отынына деген сұранысын толықтай отандық зауыт өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізілмек, – дейді «АМӨЗ» ЖШС-нің бас директоры Қайрат Оразбаев.

Өткен жылы ароматты көмірсутектер шығару кешенінде тауарлық бензолдың алғашқы өнеркәсіптік-тәжірибелік партиясы алынса, кейін шығарылатын өнім түрлерінің қатары тағы бір мұнай-химия шикізаты – параксилолмен толыққан болатын. Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар зауыт бірінші болып мұнай-химия саласын да бағындырды. Бензол мен парак-силол Қазақстанның тұңғыш интеграцияланған мұнай химиясы кешенінің шикізаты болып табылады.

Кешен сызбасының икемділігі арқасында оны екі бірдей мақсатта пайдалануға болады: отындық және мұнайхимиялық нұсқалар. Отындық нұсқа жоғары октанды бензин өндірісін мейлінше молайтуға жол ашпақ. Ал, мұнайхимия нұсқасы бензол мен параксилол өндірісіне бағытталған. Өндірістегі инновациялық технологиялар АМӨЗ-де шығарылатын автокөлік бензинінің сапасын К3, К4 стандарттарына дейін жеткізіп, Кедендік Одақтың техникалық регламенттері талаптарына сай  оның құрамындағы бензолды 1 пайызға дейін төмендетеді.

Қазіргі таңда тереңдетіп өңдеу кешенінде құрылыс-монтаж, қондырғыларды орнату жұмыстары қарқын алды. «ҚазМұнайГаз-өңдеу-маркетинг» АҚ-ның бұқарамен байланыс жөніндегі қызметінің берген мәліметі бойынша құрылыс алаңдарында діңгектерді қағу 100 пайызға дерлік орындалды.

Жиын барысында «Самұрық-Қазына» қорының басшысы зауытты жаңғырту мен қайта құру жобасы, мұнай өнімдерін шығару мен мұнай өңдеу бизнесін трансформациялауға оң бағасын берді.   

– Трансформация – өте ұзақ процесс. Дегенмен, бүгінгі отырыстың қорытындысында бұл тұрғыда айқын жетістіктер бар екендігіне көз жеткіздік. Мәселен, профильді емес бөлімшелердің 2400 жұмысшысы аутсорсингке шығарылған. Осылайша, жұмысты ұтымды ұйымдастыру қолға алынып жатыр. Бұл тиімділікті арттырып, мейлінше үнемдеуге жол ашады. 151 жанармай құю стансасы жеке кәсіпкерлердің басқаруына берілді. Бұл – трансформациялаудың айқын жолмен жасалып жатқанының дәлелі. Алда зауытты жаңа дамыту сатысына шығару межесі тұр, – деп атап өтті қор делегациясының өкілдері. 

Басқосу барысында зауытты ағымдағы жылдың аяғына дейін уақытылы және сапалы жаңғыртып, қайта құруға, бизнес-процестердің тиімділігін арттыруға тапсырмалар берілді.  

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз