Жаңарған лицей жаңа оқу жылына дайы

Жаңарған лицей Жаңалықтар

 

Атырау қаласындағы дарынды балаларға арналған лицей биыл туғанына 100 жыл толып отырған белгілі геолог, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Жолдасқали Досмұхамбетов есімімен аталады. Ширек ғасырдан бері шәкірттеріне терең білім, тағылымды тәрбие беріп келе жатқан оқу ордасы мұнайшылардың демеушілігімен күрделі жөндеуден өтті. Сөйтіп, жаңа оқу жылының ашылуы салтанатты шараға ұласты.

Жаңарған лицей

Алдымен, шараға қатысушылар Жылыой ауданындағы Ж.Досмұхамбетов атындағы алаңға барып, ескерткіш тақта орнату рәсіміне қатысты.  Содан соң лицей ұжымымен және оқушылармен кездесті.

– Қазақ мұнайының бастауында тұрған «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы тарихының жарқын беттері Жолдасқали Ахметұлы еңбек еткен уақытпен тығыз байланысты. Бүгінде компания оннан астам кен алаңдарын игеруде. Осыған дейін мұнай кеніштері 100 млн. тоннадан астам «қара алтынды» мемлекетке тапсырды, – деді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Әнуар Жақсыбеков.

Айта кетейік, іргетасы 1948 жылы қаланған лицей ғимараты біраз ескіріп, қолайсыздық туғызып келген еді. Енді ол толық күрделі жөндеуден өтті. Яғни, лицейдің сыртқы қасбеттері мәрмәрмен қапталып, акт және спорт залдары, сынып кабинеттері жаңартылды. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ физика, химия және ақпараттық жүйелер кабинеттерін заман талабына сай жаңа құралдармен жабдықтап берді.

Осыдан соң лицей директоры Фаруза Шәңгереева мекеме ұжымына алғысын білдіріп:

– Қазір лицейдегі оқу бөлмелерімен қатар, жиһаздар мен сахна, тіпті, шатырға дейін жаңарып шыға келді. Бәрі де көздің жауын алады. Енді шәкірт-теріміз жарық та жылы кабинеттерде білім алатын болды, – деді.

Кездесуде ардагер мұнайшы Орынғазы Есқазиев бүгінде ел экономикасында үлкен орны бар кеніштер, соның ішінде, шетелдік мамандармен игеріліп жатқан мұнай алаңдары 1960-1980 жылдарда ембілік мамандармен ашылғанын атап өтті.

– Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары басында Жолдасқали Досмұхамбетовтің жетекшілігімен ембілік барлаушылар мен мұнайшылар Оңтүстік Маңғыстаудағы кеніштерді, Өзен мен Жетібай алаңдарын ашты. Еліміздің мұнай-газ саласы тарихындағы ең маңызды оқиғасы – қазақстандық геологтардың Теңіз кен орнын табуы, – деді ол.

Шара соңында НКОК компаниясының атқарушы директоры Бруно Жардэн лицей ұжымына жаңа табыстар тілесе, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тэд Этчисон  жаңа автобус көлігінің кілтін табыс етті.

Амандық АБДОЛ

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз