«Жаңалық енгізуге жатырқай қараймыз», – дейді алғашқы кен орнын ашушы Дүйсен Мырзағалиев

  Қазақ елінің талай жылғы бодандық бұғауынан босап, өз алдына Тәуелсіздік туын тігіп, егемен ел атанғанына биыл ширек ғасыр толады. Бір қарағанда, онша көп уақыт емес. Бірақ осы қысқа мерзімде мемлекетіміз әлемнің алдыңғы қатарлы елу елінің қатарына қосылып үлгерді. Ендігі меже – озық отыз елдің біріне айналу. Ол үшін не істеуіміз керек? Осы бағытта еліміздің тәуелсіздік жылдары барланып, өндіріске қосылған «Қондыбай» және «Уаз» кен орындарын алғаш ашқан, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, үздік барлаушы-ғалым, Атырау мұнай және газ институтының оқытушысы

Дүйсен МЫРЗАҒАЛИЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Қазыналы өңір тұрғындары сізді ғалым және ұстаз ре-тінде жақсы таниды. Ал, әуел бастағы қарапайым барлаушы Дүйсеннің еңбек жолы қалай басталған еді?

– 1937 жылы сол кездегі Плотөбе ауылдық кеңесіне қарасты Жаңабазар ауылында қарапайым балықшылар жанұясында дүниеге келдім. Мектеп жасына жетпей, аға-апаларымның оқулықтарымен танысып, зерек болғанымды үлкендер айтып отырушы еді. Соғыс жылдары соның көмегі тиіп, әскерден келген хаттарды қарттарға оқып беретінмін. Ауылдың жеті жылдық мектебін үздік тәмамдаған соң Гурьев мұнай техникумына сынақсыз қабылдандым. Осылайша, балықшының баласы қара жерден «қара алтын» іздеген геолог атанып шыға келді. Мұнай техникумын да сәтті аяқтап, «Қазақмұнай-геофизика» мекемесінде еңбекпен тапқан тәтті нанның дәмін таттым. Сахалин аралында әскери борышымды өтеп жүргенімде полктың комсомолдар ұйымына жетекшілік жасап, партия қатарына қабылдандым. Мұ-ның бәрін не үшін айтып отырмын? Біздің уақытта табыс пен абырой тек еңбектің арқасында ғана келетін, соны қазіргі жастардың түсінгенін қалаймын.

– Алғаш кен орнын ашу оңай болмаған шығар?

– Әрине, 1958 жылы мұнайлы Маңғыстау өңірінің кен байлығын игеруге қатыстым. Қазір әлемге белгілі «Өзен», «Теңге», «Қарамандыбас», «Жетібай» сияқты мұнай-газ алаңдарын ашу бақыты да маған бұйырды. Жетпісінші жылдары геофизикалық-геологиялық барлау жұмыстары Солтүстік және Оңтүстік Үстірт аймақтарына ауысты. Қазіргі Қарақұдық, Арыстан және Бозащы түбегіндегі «Қаламқас», «Қаражанбас» кен орындарын барладық.

 Бұрынғының адамдары қызмет пен оқуды қатар алып жүруші еді. Мен де өндірістен қол үзбей, Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай институтын сырттай оқып шықтым. «Арыстан-Қарақұдық дөңестерінің құрылымы мен мұнай-газдылығы» тақырыбына жазған дипломдық жұмысым үздік бағаланып, профессорлар М.Чарыгин, Ю.Васильев оқуымды аспирантурада жал-ғастыруға ұсыныс жасады. Қазіргі жас мамандарға айтарым, өндірісте ысылып шыққандар осындай жетістіктерге жетеді. Өзім де инженер-геолог мамандығын алғанға дейін дала кезіп, аға жұмысшы, техник, аға техник және оператор болып тәжірибе жинақтадым.

  Кейін Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық институттың аспирантурасына түстім. «Солтүстік Үстірт ойысымының құрылысы мен мұнай-газдылығы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғадым. Көп жылдық жер қойнауын зерттеудегі өндіріс-тік және ғылыми еңбегім еленгені болар, 1985 жылы «Жер қойнауын барлаудағы ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Бұл жылдары «Кенбай», «Сазанқұрақ», «Имашев», «Шығыс Мақат», «Тайсойған», «Уаз» мұнай-газ алаңдарын ашуға қатынастым. Тұзүсті шөгінді қабаттарының геофизикалық карталарын қайта жасап, мұнайдың болжамды қорларын есепке тіздім. Нәтиже-сінде ондаған мұнай-газ кеніштері ашылып, өндіріске енгізілді. Осылайша алғашқы ашушы атандым.

– Қазір ғалым атану оңай болып кетті ме, оқуын енді аяқтаған жас мамандар аз уақытта «кандидат», «доктор», «профессор» болып шыға келеді. Ал, докторлық диссертацияңызды сіз қалай қорғап едіңіз?

– Тура айтар болсам, қар жамылып, мұз жастана жүріп қорғадым. Тақырып – «Каспий маңы ойпатының рифттектес құрылымдарының мұнай-газдылығы» болатын. Бұл аймақтық тектоника ілімінде жаңа көзқарас қалыптастырды деуге болады. Екінші мыңжылдыққа аяқ басқан шақта білгенімді жастарға үйрету үшін Атырау мұнай және газ институтының Геология кафедрасында ұстаздық қызмет атқардым. Геофизика – ғылым мен өндірістің жаңа саласы. Оның негізгі міндеті – жердің әртүрлі геофизикалық өрістерін зерттеп, көне дәуір құрылымын анықтау. Міне, Қазақстандағы «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанақ» секілді алыптар тәуелсіздік жылдары осы ғылымның негізінде өндіріске қосылды.

  Біз осы жердің ауасын жұтып, суын ішкен соң жерасты байлығын да орынды пайдаланып, күнделікті тұрмыста жарата білуіміз керек. Бұл ретте, «Теңіз» бен «Қашағанның» байлығын игеріп жүрген мұнайшылар оның беймәлім «мінездерін» де білуі тиіс. Осыны ескеріп, «асауға тұсау салар» болашақ барлаушыларды біліммен қаруландырып жатқан жайым бар. Жетіқат жердің сырын зерттеу барысында көптеген ғылыми еңбектерім мен оқулықтарым дүниеге келді. Соның алғашқысы – «Қазақстан мұнай геофизикасы» атты энциклопедиялық кітап. Онда барлаушының еңбегін:

  «Көтерген нардың жүгін дара алып, Көрмеген қиындыққа, сірә, налып. Жүрсе де қар жамылып, мұз жастанып, Жетібай, Өзен, Теңізді ашқан халық» – деп бағалаған едім. Ашқан жаңалықтарымның ішінде 2010 жылы мұнай-газ қабатына жақындауды болжау, 2011 жылы мұнай жатынын іздеу және 2013 жылы тұтқыштардың газдылығын болжау әдістері үшін патент берілді.

Дүйсен Мырзағалиұлы, сіздің ойыңызша, ертең озық отыз елдің қатарынан табылу үшін бүгін не істеу керек?

– Сұрағыңыз өте орынды. Аталған межеге жетудің бір ғана жолы бар, ол – еңбек өнімділігін ұлғайтып, өнеркәсіптік орындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл үшін өндіріске инновациялық технологияларды көбірек енгізу қажет. Яғни, өндіріс нысандарын жаңғыртып, инновациялық белсенділікті арт-тырған жөн. Ел экономикасы қазір қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Сондықтан білікті мамандар шоғырын қалыптастыру маңызды. Бүгінде әлем экономикасында АҚШ, Франция, Германия және Жапония мемлекеттері көш бастап тұр. Неге? Өйткені, бұл елдерде еңбек өнімділігі өте жоғары, адам басына шаққанда 200 мың долларға тең келеді. Ал, бізде бұл көрсеткіш орташа есеппен 30-40 мың долларды құрайды. Ең төмені ауыл шаруашылығына тиесілі: үш мың доллар.

– Неге бұлай? Өнімділік деңгейін жоғарылатудың жолы жоқ па?

– Сарапшылардың бағалауынша, отандық өндіріс орындарындағы бұл проблеманың туындау себебі – негізгі қорлардың тозуы. Демек, әлі де болса жаңа технологияларды енгізу мен пайдалануға келгенде қабілетсіз екенімізді мойындауымыз керек. Еңбек өнімділігін арттыру үшін отандық кәсіпорындардың өндірістік қондырғыларын жаңғыртқан дұрыс-ақ. Модернизация арқылы бәсекеге қабілеттілік артады, жаңа өндіріс орындары ашылады. Жыл басында институттың ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры Әбілсейіт Мұхтар инновациялық жаңалықтарды насихаттау, ғылыми-зерттеу жұмыстарының оң нәтижелерін патенттеу, жас өнертапқыштарды тәрбиелеу міндеттерін алға қойған-ды. Қазір сол жұмыстармен айналысудамыз.

– Патент демекші, бұрынғыдай емес, қазір оны кім көрінген оп-оңай иеленіп жатыр. Бірақ, енгізілген ғылыми жаңалықтардың өндірісте кәдеге асып жатқанын көрмейміз. Келісесіз бе?

– Толық келіспегеніммен, сөзіңіздің жаны бар. Бұл мәселе көбінесе жас ғалымдарға қатысты. Есіңізде болар, 2011 жылы институтымызда ғалымдардың ғылыми жетістіктері мен жаңалықтары «Инновация-лық жобалар» атты каталогта жинақталған еді. Мұнда химия, экология, мұнай тасымалдау, өндіру, бұрғылау, табиғи энергия көздері туралы қырыққа жуық патент таныстырылды. Тек «біздің ғалымдарымыздың бар жинағы осы ма?» деп ойлап қалмаңыздар. Қоңыр портфельдерін қойнына қысып жүрген ақбас академиктеріміздің ашқан әр жаңалығы жеті атанға жүк болатындай маңызға ие.

– Ол қандай жаңалықтар?

– Мәселен, баламалы қуат көздері бағытында – институт профессорлары Т.Серіков, М.Байөміров, А.Кенжеғалиев, мұнай химиясы туралы А.Сағынаев, Е.Ғилажов, Б.Оразбаев, бұрғылау технологиясы саласында – ағайынды Ахметовтер, И.Жанұзақов, С.Орекешовтер біраз ізденді. Жалпы, ғылыми бағытта Қазақстанда жылына 300 патент алынады екен. Бірақ, өзіңіз айтқандай, олардың бірқатары өндіріске енбейді. Неге? Себебі, өндірістің өзінде сынақ жүргізу мәселесіне онша мән берілмейді. Демек, жаңалықтар өндіріске жетпей жатыр. «Қарт қойнында қалаш бар» дегендей, институт профессорларының қоржынында өңірге қажет дүниелер көп.

– Ендеше, ғылым мен тәжірибені ұштастыруға не кедергі?

– Оны түсіну үшін бір ғана ғылыми жаңалықты мысалға келтірейін. Кен орындары құрылымын толық зерттеу үшін арақашықтығы 300-500 метр жерден бірнеше ұңғы қазылады. Егер «тік сейсмикалық кескіндеу» әдісімен ұңғы түбінен жұмыс жүргізсек, радиусы бір шақырымға жақын аймақтың геологиялық құрылымын анықтаған болар едік. Ал, ұңғы табаны екі шақырым-ға дейінгі тереңдікте де осы әдісті қолдануға болады. Бұл әдіс өте тиімді және арзан. Қа-зірде мұндай жұмыс қыруар ақшаға «3D» сейсмо-барлау әдісімен атқарылып келеді. Жақында Жылыой ауданындағы Айранкөл кен орнында 24 ұңғы қазылатыны хабарланған еді. Сұрастырып қарасам, барлығы да тік бағытта, әр қабатқа бөлек арналған ұңғылар екен. Қазір дамыған инновациялық бұрғылау саласында бір нүктеден бірнеше көлбеу ұңғыларын қазу әдісі кең тараған. Егер ол өндірісте қолданылса, жұмыс нәтижесі біршама ұтымды болар ма еді деген ой келеді.

Әңгімелескен: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз