Жаңа журнал – оқу ордаларында

Ізгілік іздері Білім

Жуырда «Каспий құбыр консорциумы – Қ» акционерлік қоғамы бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин, «National  Geographic Қазақстан» журналының бас редакторы Еркін Жақыпов пен «Қазақстан   халқы Ассамблеясы» қоғамдық қоры басшысының орынбасары Ботагөз Шарденбаева Атырау мұнай және газ университетінің ұжымымен және студенттермен кездесті.   

Ізгілік іздері

Ғасырдан астам тарихы бар  «National  Geographic» журналы 38 тілде әлемнің 80-нен астам елі-не таралады. Алғашқы саны 1888 жылы жарық көрген басылым өткен жылдан бері «National  Geographic Қазақстан» деген атаумен қазақ тілінде жарық көріп, қазақ оқырмандарымен қауышып отыр. Аталған баспа брендінде  ғалымдар мен журналистер ізденісі, фотографтардың қызықты туындылары үздіксіз жарияланып тұрады.

«Каспий құбыр консорциумы – Қ» акционерлік қоғамы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» қоғамдық қорымен бірлесіп, биыл облыстағы 219 білім ордасын  аталған «National Geographic Қазақстан» журналына тегін жаздырып, жастардың танымын кеңейтуге демеу-шілік көрсеткен болатын. Бүгінде 20 000 дана журнал «Қазпошта» бөлімшелері арқылы Атырау өңірінің шалғайдағы елді мекендеріне тұрақты жеткізіліп тұрады. «Каспий құбыр консорциумы – Қ» акционерлік қоғамы бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин айтып өткеніндей, бұл жобаның мақсаты – әлемдік деңгейдегі зерттеулер мен сапалы фотосуреттері бар ғылыми-танымдық журналды мектеп оқушылары мен колледж, жоғары оқу орындарының студенттеріне қолжетімді ету.

– Бұл журнал әлемде болып жатқан жаңалықтармен қатар, қызықты танымдық мақалалармен танысуға мүмкіндік береді. «Каспий құбыр консорциумы –Қ» акционерлік қоғамы еліміздегі әлеуметтік мәселелерге әрқашан қолдау білдіріп, демеушілік көрсетіп келеді. Емханалар, балабақшалар мен мектептер, спорт алаңдарын салып, тұрғындар игілігіне ұсынды. 2000 жылдан бері Атырау облысындағы қайырымдылық шараларына 8 миллиардтай теңге жұмсалды. Болашақта да әлеуметтік бағыттағы мұндай қолдау жалғасын табады,-дейді Қайыргелді Мақсотұлы.

Оқу ордасының ректоры Әли Әбішевтің айтуынша, Атырау мұнай және газ университетінің студенттері журналдың 50 данасын ай сайын алып, танысып отыр.  «Өткен жылы компанияның демеушілігімен теннис корты, баскетбол мен волейбол ойнауға арналған спорт алаңы салынды. Бүгінде ол «КҚК – Аренасы» деп аталады» деп компания басшылығына ризашылығын білдірді. Ал, Қайыргелді Қабылдинге технологиялық машиналар және транспорт кафедрасының Құрметті профессоры атағы берілді.

«National  Geographic Қазақстан» журналы – елімізде мемлекеттік тілде таралатын тұңғыш шетелдік басылым. Экологиялық мәселелермен қатар, Қазақстанның алуан түрлі флора мен фаунасы, ел табиғатының сұлулығын насихаттау мақсатында жарық көріп отыр.  Сонымен қатар, қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету де – басылымның негізгі басымдықтарының бірі. Бас редактор Еркін Жақыповтың айтуынша, журнал Орталық Азияда бірінші болып Қазақстанда шығып отыр. Бұл қазақ тілді оқырманды әлем жаңалықтарымен таныстырып қана қоймай, Қазақстанды әлемге танытуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында сөз ал-ған «Қазақстан халқы Ассамблеясы» қоғамдық қоры директорының орынбасары Ботагөз Шарденбаева алдағы жұмыстары туралы айтса, білім беру басқармасы әдістемелік кабинетінің директоры Ғабит Қабекенов «Каспий құбыр консорциумы – Қ» акционерлік қоғамы бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдинге Алғыс хат табыстады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз