ЖАҢА ЖОБАЛАР ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ?

Бейсенбі күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың төрағалығымен өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

 

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы ауқымында жасалып жатқан жұмыс көп. Бұл жобаларды банктердің толық және уақытында қаржыландыруының арқасында мүмкін болып отыр. Сондықтан, жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қаржылық құрылымдардың шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті. Ал, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиеваның айтуынша, жергілікті жерде жобалардың жүзеге асуына белсенді атсалысқан бес банк анықталған. Олардың қатарында «Халық банкі» акционерлік қоғамының Атыраудағы филиалы, «Центркредит банк», «Сбербанк», «АТФ банк» және «Цеснабанк» бар. Алқалы басқосуда олардың қызметі мадақталып, банк өкілдері Алғыс хатпен марапатталды.

Үйлестіру кеңесінің отырысында несиенің пайыздық мөлшерін субсидиялауды және ішінара кепілдендіруді сұраған бес кәсіпкерлік өтінім қаралды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шеңберіндегі жобалар түрлі саланы қамтыған. Алайда, олардың бәрі комиссия мүшелерінің қолдауына ие бола қойған жоқ. Мәселен, «Батыс Реал Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі темір жолмен тасымал қызметін ұйымдастыруды, 120 бірлік вагон-думпкар сатып алуды мақсат етіпті. «AsiaCreditBank»-і мақұлдаған несиенің көлемі 1,5 млрд. теңгені құрайды. Сыйақы мөлшері 14 пайыз болса, субсидияланатыны – 7 пайыз. Жоба талқыға түскенімен, оны қаржыландыру мәселесі қолдау таппады. Оның үстіне жаңадан ашылатын жұмыс орындарының саны өте аз.

«Абухайыр Ө.А.» жеке кәсіпкерлігінің 8 «Лада Ларгус» автокөлігін сатып алып, көліктік қызметпен айналысамын деген ұмтылысы да пікірталастың өзегіне айналды. Кәсіпкердің баяндауынша, жаңа техникалар барлық қажеттілікпен жарақтандырылады, жылдамдықтың шектеуі де бар. Жаңа жоба комиссия мүшелерінің көптеген сауалдарын туғызса да, ол қорытындысында мақұлданды.

Әрине, комиссия отырысында қаралған мәселелердің (5 жобаның үшеуі мақұлданды) барлығына тоқталу мүмкін болмас. Бір анығы, бүгінде мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға маңыз бергендігінің көрінісіндей, несиенің пайыздық мөлшерлемесін қаржыландыруды сұрағандардың арасында кәсібін жаңадан бастағандар да, жаңа жобалар да көп болды.

 

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз