ЖАҢА ЖОБАЛАР – ИГІЛІК БАСТАУЫ

Өткен аптада облыстық мәслихаттың депутаттары үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, жүзеге асып жатқан жобаларды аралап, жағдайымен танысып шықты.

 

«Алмалы құстың» адымы

Индустрияландыру картасы шеңберінде облыста бүгінде жалпы құны 1,6 триллион теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба іске асырылуда. Соның ішінде, өткен жылдың соңында Махамбет ауданында іске қосылған «Алмалы-құс» құс фабрикасы өңірдің құс өнімдеріне деген сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік беруде. Құс фабрикасы жылына 30 миллион жұмыртқа өндірмек. Халық қалаулылары аталған нысанда болып, цехтардың жұмысымен танысты.

Құс өсіруші Гүлнар Боранбаеваның айтуынша, Ресейдің Свердловск облысынан әкелінген германиялық «Хайсекс Уайт» тұқымды алты мыңнан астам балапан арнайы күтімге алынғанына жетпіс күндей уақыт болды. Негізінен, олар  тоқсан күннен кейін алғашқы өнім бере бастайды.

Фабрика директоры Виктор Пацтың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда мұнда тоқсанға жуық адам қызмет етуде. Ал, олардың орташа еңбек жалақысы 55000-60000 теңгені құрайды.

– Күні бүгін 175 мыңдай құс бар, тәулігіне 90 мың жұмыртқа алып отырмыз. Қазір салынып жатқан төртінші цехты қараша айында іске қосып, қосымша 62 мың балапан аламыз.Жаңа жыл қарсаңында өнім көлемін арттырып, 120 мыңдай жұмыртқа өндірмекпіз, – дейді фабрика директоры.

Біз барғанымызда фабрика қызметкерлері Маңғыстау облысының сауда нүктелеріне 840 қорап жұмыртқа жіберуге дайындап жатыр екен. Ал, демалыс күндері құс фабрикасы өз өнімдерін жәрмеңкелерге шығарып, 13 теңгеден сатып отыр. Жоғарғы сортты жұмыртқаның салмағы 80-90 граммнан асады. Ал, орта сорт 65-75 грамм.

– Бүгін құс фермасында болып, жұмыстың бір ізге қойылғанын көріп, шын мәнінде, қуанып отырмыз. Өйткені, алғашқы кезде, жасыратыны жоқ, жұмыртқалар өте кішкентай еді. Халық та наразы болатын. Ал, бүгін кей жұмыртқалардың  салмағы 90 граммнан асып отырғанын көріп отырмыз, – дейді депутаттар. 

Алдағы уақытта құс фабрикасы жұмыртқамен қатар құс етін өндіруді де жүйелі жолға қоюды жоспарлап отыр. 

Мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін жасау

Атырауда ет бағытындағы «бройлер» тұқымды тауық өсіретін құс фабрикасы жобасының жалпы құны үш миллиард жеті жүз миллион теңгені құрайды. Оның 1 миллиард 746 миллион теңгесі, яғни, 49 пайызы жергілікті бюджеттен «Атырау» әлеуметтік корпорациясы арқылы қаржы қаралып, соның 85 пайызы игерілуде. Қазіргі таңда жылына 2 600 тонна құс етін өндіретін «Мекен-Chicken» бройлер құс фабрикасының құрылысы жүріп жатыр. 

– Әріптестер өз есебінен 350 миллион теңгедей қаржы бөліп, қалған қаражатты екінші деңгейлі банк «Цеснабанк» АҚ-нан мақсатты несие алу арқылы қарастырылуда. Енді бұл мәселе шешілсе, қаржыландыру процесі басталады, – деді «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Абат Тасымов.

Бұл – облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды жоба. Осы орайда облыстық мәслихаттың депутаты Әділ Жұбанов мәселенің өзектелігіне тоқталды. 

Дәрі де өзімізден шығады

Облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы Атырауда құрылысы жүріп жатқан «Лумпан Каспиан Фармасьютикалс» ЖШС фармацевтикалық өнім шығаратын зауытта да болды.

Зауыттың құрылысы «Медицина» АҚ, «SAVA Healthcare» компаниясы, «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ, «Lifeline Fze» компаниясы, «ALIM COM» ЖШС қатысуымен жүруде. Жоба құны 3 миллиард 700 мың теңгені құрайды. Фармацевтикалық зауыт толық қуатына шығып, пайдалануға берілгенде, жылына 800 миллион дана дәрі, 300 миллион дана капсула, 78 миллион дана ампула мен 3 миллион бума жақпа май, 12 миллион құты ерітінді дайындап шығарады.

Зауыттың құрылысы «жасыл экономика» жобаларының қатарына енген. Себебі, мұнда пайдаланылатын су қалдықсыз өңделеді. Тәулігіне 126 мың текше метр су қайта өңделіп, шаруашылық мақсатта пайдаға асырылады.

Депутаттармен кездесуде «Медицина» АҚ бас директоры Забира Дәулетжанованың айтуынша, фармтехнологияларды өндірумен айналысатын чехиялық «Фавиа» компаниялар желісімен де келісім жасалған. Компанияның  үш филиалы бар. Соның бірі — Қазақстанда.

– Бүгінгі таңда жобаның алғашқы кезеңін аяқтағалы отырмыз. Қазірде жоба технологияларына сараптама жүргізілуде. Алғашқы кезде дәрілерді шағын ыдыстарда шығарамыз. Өйткені, алғашқы алты ай бойы дәрілердің тұрақтылығы тексеріледі. Кейінгі алты айда тіркеуге жібереміз, – деп, Забира Дәулетжанова депутаттарды құрылыстың жүру барысымен таныстырды.

– Бұл – Қазақстанда GMP (тиісті өндірістік тәжірибе) стандарты бойынша алғашқы өнім шығаратын зауыт. Посткеңестік елдерде фармацевтикалық зауыт болғанымен, олар ескі нысандарды қайтадан жаңғыртудан өткізіп, жұмысты жалғастырып әкетті. Ал, Атыраудағы зауыт – жаңадан іргесі қаланған ТМД елдері бойынша тұңғыш нысан. Құрылыстың қарқынды жүріп жатқандығын көріп отырмыз. Ерекше үлкен жобаның бастамасы жақсы жүруде, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Мария Қаражігітова.

Жобаның біздің аймақта іске асуына Елбасымыз айрықша жағдай жасап отыр. Бұған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те ерекше мән беріп келеді. Атырауды Қазақстандағы фармацевтикалық орталық ретінде таныту бағытындағы жұмыс қазір кең етек алды.

Халық қалаулылары бұдан басқа тұрғын үй комбинаты, мал жүнін бастапқы өңдеуден өткізуге арналған заманауи үлгідегі жаңа кешен және басқа да жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, олардың көкейкесті мәселелеріне назар аударып, шешу жолдарына ықпал ететіндіктерін айтты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз