Жұқпалы дерт шекара таңдамайды

vg5Кеше «Ренессанс» қонақүйінде Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының санитарлық-эпидемиологиялық дәрігерлері бас қосып, қос мемлекетте де өзекті саналатын өткір мәселелерді талқыға салды. Оның жұмысына Ресей жағынан Астрахан мен Орынбор, ал, Қазақстаннан Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері қатысты.

 Кездесуді ашқан Атырау облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Өмірзақ Зинуллин бұдан тура 20 жыл бұрын осы мұнайлы мекенде екі ел өкілдері жүздесіп, аса қауіпті жұқпалы дерттерге қарсы бірлесіп күресу жөнінде бірінші рет келісімге келгендігін еске салды. Әрине, одан кейін де талай кездесулер болып, түрлі тақырыптар талқыға түсті. Бірақ, Атырау, Батыс Қазақстан және Астрахан облыстары басшыларының орынбасарлары, бас санитарлық дәрігерлер мен денсаулық сақтау басқармаларының басшылары қатысқан сол алғашқы алқалы басқосу үлкен тарихи мәнге ие. Әсіресе, содан сақталған сурет оған қатысушыларды бір толқытып өтті.

 

Ал, бұл жолғы талқыланған мәселе де өзекті саналады. Мәселен, Өмірзақ Зинуллиннің айтуынша, экономикасы қарқынды дамып отырған Атырауға алыс-жақын шет елдерден мыңдаған маман келіп-кетіп жатады. Сол елдердің бәріндегі эпидемиологиялық ахуалды қалыпты санауға әсте болмайды. Мәселен, бізде 1993-2001 жылдар аралығында ғана Пәкістаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Түркиядан, Қытай мен Үндістаннан әкелінген 258 жұқпалы дерт анықталған.
Рас, ол кез республикалық санитарлық қызметтің мүмкіндігі шектеулі, өзге елдермен байланыстың берік қалыптаспаған шағы еді. Бүгінгі ахуалды анағұрлым жақсы ретінде бағалауға болады. Мәселен, өткен жылы дабыл қағарлық оқыс оқиға орын алған жоқ. Жалпы, көптеген жұқпалы дерт айылын жия бастаған. Қолдағы мәліметтерге қарағанда, өңірде адамдардың обаға тап болуы соңғы рет 1997 жылы тіркелген екен. Осы жылы тойға сойылған мал етінен Атырауда 13 адам зардап шеккен. Тырысқақ тәрізді қатерлі дерт те күрт кеміген.
Алайда, негізінен малда кездесетін, одан адамға жұғатын бруцеллез әлі кездесіп жүр. Мәселен, 1996-2013 жылдар аралығында оның 206 фактісі тіркелген. Ол қалада да, барлық аудандарда да бар. Былтыр осы дертпен алты адам ауырған.
Қазір Атырау облыстық әкімдігімен бекітілген аймақтық бағдарламаға сәйкес 2013-2017 жылдарға арналған нақты жұмыс жоспары жасақталды. Оның үстіне, жергілікті лабораторияның соңғы кезде озық жабдықтармен жарақтандырылуы кез келген қатерлі дерттің алдын алуға септігін тигізеді.
Атыраумен адамы аралас, қойы қоралас өңір – Ресейдің Астрахан облысы. Сондықтан, осы облыстың тұтынушылар құқықтарын және адамның салауаттылығын қорғау саласындағы қадағалау жөніндегі федералдық басқармасы бөлім бастығының міндетін атқарушы Наталья Никешинаның сөзін асыға күткенбіз. Өйткені, оның өзі айтқанындай, Астрахандағы ахуал айна-қатесіз Атырауда да қайталанады.
Ресейлік маман өңірдің оба дертіне ыңғайлы екендігін жасырмады. Соңғы рет бұл дерт 2005 жылы орын алғанымен, әр кез сақ болуды қажет етеді. Мұнда «қырым безгегі» деп аталатын қауіпті ауру да жойылмай отыр. Тіпті соңғы он жылда ол белсенділік танытуда. Өткен жылы сәл саябырсу байқалғанымен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Былтыр Краснояр, Привольжск және Камызяк аудандарында алты адам осы дертпен ауырған. Бізден гөрі сәл азаңдау дегенмен, мұнда да бруцеллез дерті кездеседі.
Соңғы бес жылда Астраханды халықаралық қатынас 54 елмен байланыстырады. Оның 23-і эпидемиологиялық тұрғыда қауіпті саналады. Мұндай мемлекеттер қатарында Әзірбайжан, Түркия, Таиланд, Үндістан, Пәкістан, Түрікменстан, Қытай, Египет, Иран, Өзбекстан, Армения, т.б. аталады. Мәселен, былтыр Иран мен Түркиядан келген азаматтардан қатерлі дерт анықталған.
Ресейлік маман ұсынған тізімде Қазақстан жоқ. Бірақ, Кедендік одаққа байланысты екі ел арасындағы қарым-қатынас жеңілдетілгендіктен Ресей арқылы Қазақстанға немесе керісінше жоғарыда аталған елдердің азаматтары емін-еркін өте алады. Міне, көршілес қос мемлекеттің санитарлық дәрігерлері осы мәселеге аса сақ болулары қажет.
Орынбор облысынан келген санитарлық дәрігер Ольга Плотникова баяндаған сондағы ахуал да осы тектес болды. Демек, шекаралас аймақтардың проблемасы да бірдей десе болғандай.
Жалпы, осындай ортақ табиғи ошақты арбовирусты жұқпалардың алдын алу, оларға қарсы күрес шараларын ұйымдастырудың өзекті мәселелеріне арналған семинар-кеңеске ТШО, Аджип ҚКО тәрізді ірі компаниялар өкілдерінің қатысуы іргелі жобаларда қатерлі дерт ошақтарының пайда болмауына септігін тигізбек. Өйткені, соларға алыс-жақын шет елдерден жылына жүздеген маман келіп жатады. Солардың ішінде эпидемиологиялық жағынан тұрақсыз саналатындары да кездеседі.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз