Жөнделіп жатқан мектептер жаңа оқу жылына дайын бола ма?

Журналист жолға шықты Білім

Атырауда заман талабына сай, сәулеті мен сапасы жарасқан ғимараттар көптеп салынуда. Десек те, іргетасы сөгіліп, әбден тозығы жеткен апатты жағдайдағы мектептер әлі де жоқ емес.

Журналист жолға шықты

Тамыз айының табалдырығын аттадық, демек санаулы күндерден соң алғашқы қоңырау соғылады. Ендеше, мектептердің жағдайы қалай? Білім ұялары білім беруге қаншалықты дайын? Жаңа мектептердің құрылысы  қашан аяқталмақ?

Журналист жолға шықты2

Жұмыс қалай жүруде?

Күні кешеге дейін білім саласына қатыс-ты жиындарда қозғалып, айтыла-айтыла жауыр болған білім ошағының бірі – Ракуша елді мекеніндегі М.Өтемісов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп. Енді Ракуша, Балауса елді мекендеріндегі балаларды алысқа тасымайтын күндер де келмеске кететін тәрізді. Себебі, апатты жағдайдағы ескі мектеп орнына 300 орынға арналған үш қабатты оқу корпусы бой көтереді.

Жаңа мектептің салынатынын естіген Балауса ықшамауданының тұрғыны Гүлжанай Иманова өз көңіл-күйін былайша жеткізді. «Балауса жаңадан бой көтерген ықшамаудан болғандықтан, мектеп, емхана секілді әлеуметтік нысандар салынбаған. Бізге жақыны Ракуша елді мекеніндегі бір ғана мектеп бар және оның жайы да мәз емес. Сондай-ақ, жаңбырлы күндері орталық жолға шығу үшін балшыққа былғанған балаларды көріп көңілім түсетін. Себебі, Балаусаның көптеген көшелеріне әлі де жол салынған жоқ. Сондықтан, осындай қиындықтарға қарамастан немерелерімді Жұмыскер ауылдық округінде орналасқан И.Тайманов атындағы орта мектепке апарамын. Жаңа мектеп пайдалануға берілсе менен басқа да тұрғындар қуанар еді» дейді ол.

Бұл мектептің нақты қай жылы салын-ғандығы белгісіз. Оқу ордасы қызметкерлерінің айтуынша, іргетасы қалан-ғанына 60 жылдан астам уақыт өтіпті. Содан бері бірде-бір күрделі жөндеу көрмеген білім ұясы жарамсыз күйге жеткен. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер – «Космо» ЖШС келер жылдың қыр-күйегіне тапсыруды көздеп отыр.

Ал, Ф.Досымова атындағы қалалық №12 орта мектепте бүгінде күрделі жөндеуден өтуде. 1970 жылы салынған бұл білім ордасы да бұған дейін тек қызметкерлердің күшімен ғана әрленіп келген.

Журналист жолға шықты3

 Жаңа оқу жылы – жаңа ғимаратта

Атырау қалалық білім бөлімінің мәліметінше, облыс орталығында төрт мектептің құрылысы жүруде. Олар – Ақжайық елді мекеніндегі М.Отарәлиев атындағы орта мектеп, Нұрсаядағы екі мектеп (әрқайсысы 624 орынға негізделген,-авт.) және Жұлдыз мөлтекауданындағы білім ошағы. Күрделі жөндеу жұмыстары да төрт мектепте – №№5, 12, қалалық лицей және Дамбы ауылындағы саз мектебінде жүруде. Мұнымен қоса, Индер ауданы, Ынтымақ селосындағы (әрқайсысы 120 орынға негізделген) Ынтымақ және Аққала орта мектептері салынуда. Ал, көптің аузында жүрген Жұлдыз ықшамауданындағы білім ошағының құрылысы 2018 жылы аяқталады деп күтілуде.

Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтан сұрап білгеніміздей, жаңадан бой көтеріп жатқан мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы жаман емес. Қыркүйекке дейін құрылыс жұмыстары аяқталып, оқушыларды уақытында қабылдамақ.

– Нұрсая ықшамауданында жаңадан бой көтерген білім ошағының бірі – 624 орындық орта техникалық гимназия. «Теңізшевройл» ЖШС демеушілігімен салынған нысанның құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды десек те болады. Ғимарат, соның ішінде ас үй де қажетті құрылғылармен жабдықталуда. Құрылысты жүргізген «Атырау-РемСтройМонтаж» ЖШС бүгінде автотұрақ секілді қосымша жұмыстармен айналысуда. Нұрсаядағы екінші нысан 624 орынға арналған орта мектеп құрылысы да аяқталып қалды. Айта кету керек, бұл білім ошағы облыстық бюджет есебінен салынуда. Ал, Ақжайық елді мекеніндегі М.Отарәлиев атындағы орта мектептің салынуына  NСOС компаниясы демеушілік етті. Бұл мектептің де құрылыс жұмыстары бітіп, қажетті құрылғылармен жабдықталуда,–дейді Мәлік Хайдарұлы.

Жаңа оқу жылындағы жаңа білім ошақтарының қатарын Индер ауданы,  Ынтымақ (әрқайсысы 120 орынға негізделген)  және Аққала селоларындағы орта мектептер де толықтырады. Ынтымақ селосындағы мектеп «Теңізшевройл» ЖШС демеушілігімен бой көтерсе, Аққаладағы мектеп құрылысын NСOС компаниясы  қаржыландырған. Аталған екі мектептің бала-ларға есігін айқара ашатын күн де алыс емес.

Ендеше, жаңа оқу жылынан бастап аталған өңірлердегі балалар заманауи, су жаңа мектептерде білім алады. Бұл білім ошақтары пайдалануға берілген жағдайда білім сапасы мен аймақтағы үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешіле түсері сөзсіз.

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз