ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСҚА ЖОЛ ЖОҚ!

unnamed file 15 1 Жаңалықтар

ӘР ШАҺАРДЫҢ КӨРКІН АШАТЫН ӨЗІНЕ ТӘН СӘУЛЕТТІ ҒИМАРАТТАРЫ БОЛАДЫ. СУРЕТТЕН НЕ БЕЙНЕЖАЗБАДАН ӘЛДЕБІР НЫСАНДЫ КӨРГЕНДЕ-АҚ ҚАЙ ҚАЛА ЕКЕНІН ЖАЗБАЙ ТАНИМЫЗ. СОНДАЙ КӨЗТАРТАРЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСТАР АТЫРАУ ҚАЛАСЫНДА ДА КҮННЕН-КҮНГЕ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ.

ӘР ЖҰМЫС – ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

Құрылыс саласындағы заңдылық солай ма, әлде басқа бір себебі бар ма, әйтеуір кейбір жобалар сәтті аяқталса, кейбірінің сапасы сын көтермейді. Оған жол берілмес үшін 2015 жылы облыста Мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылау басқармасы құрылған болатын. Бүгінде ол облыс аумағында салынып жатқан түрлі мақсаттағы құрылыс нысандарында тиісті ережелер мен нормаларды сақтау және құрылыстың сапасын жақсарту мақсатында жұмыс жасап келеді. 2021 жылы облыста 772 нысанның құрылысмонтаж жұмыстары басталса, құрылысы аяқталған 557 ғимарат пайдалануға берілген. Сонымен қатар, салынып жатқан 33 нысанға заңнамаға сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізіп, құрылыстың сапасына тікелей әсер ететін құрылыс материалдары мен бұйымдарын пайдалану барысында кемшіліктер анықталған. – Бүгінгі таңда Атырау облысы мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылау басқармасының анықтамасы негізінде Атырау облысының прокуратурасы «Карасайстройсервис» ЖШС-іне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Өйткені, құрылыс нысанында шын мәнінде жұмыс жасалмаған, алайда атқарылған жұмыстар актісінде жұмыс жасалғаны көрсетілген, – дейді басқарма басшысы Ерлан Қабдинов. Былтыр 36 тапсырыс беруші, 9 мердігер мен 3 жобалаушы мекеме, 7 авторлық және 13 техникалық қадағалау – жалпы саны 97 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, хаттама жасалған. Оның 28-і сотқа жолданып, тиісті тұлғаларға әкімшілік шара қолданылып, 29миллион 707мың теңгеден астам айыппұл салынды.

ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫСҚА ЖОЛ ЖОҚ

Басқарма басшысын ың айтуынша, кейбір жауапты мекеме не тұлғалар құрылыс жұмыстарын рұқсатсыз бастап кетеді екен. Жобалау-сметалық құжаттамасы сараптамадан өтпей-ақ, бір сөзбен айтқанда «жабайы» құрылысқа жол беріледі. Бұл – заңды өрескел бұзу.

Мысалы, «Лесхоз» шағынауданы тұрғынының арызы негізінде оның үйіне көрші орналасқан жер телімінде төрт қабатты тұрғын үй құрылысының рұқсат беретін құжаттары жоқ екені анықталды. Сөйтіп, былтырғы тамызда құрылыс салушыға 625 АЕК (1 823 125 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, рұқсат беру құжаттамаларын заңдастырғанға дейін жұмысты тоқтату туралы нұсқама берілген. Бірақ 2 миллионға жуық айыппұл мен заңды нұсқаманы да құлағына ілмеген тұрғын рұқсат құжаттарын жасақтамастан, құрылыс-монтаж жұмыстарын жалғастыра береді. Заңды белден басқан азаматқа Атырау қалалық әкімшілік соты 300 АЕК, яғни 875 100 теңге көлемінде айыппұл салды.

Қазір заңсыз салынған тұрғынның үйін мәжбүрлеп бұздыруға азаматтық талапарыз дайындалуда. Сондай-ақ қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесіп, құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу барысында рұқсат құжатынсыз салынып жатқан мейрамхана, әкімшілік ғимараттары, басқа да бірнеше коммерциялық нысан анықталған.

Қазір Атырау облысы әкімі аппаратының мемлекеттік құқық бөлімімен бірлесіп, сол нысандарға тапсырыс берушілерге жоспардан тыс тексеру жүргізу шаралары жасалып жатыр. Құрылыстағы олқылықтар мен заңсыздықтарға тосқауыл қойылып, қалада сәулеті мен сапасы үйлескен ғимараттар бой көтермек.

Салтанат АҚТӘЖИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз