«ЗАМАН СЫРЫ» – ТАҒЫЛЫМ НҰРЫ

Исатай ауданы орталығында шырайлы бір шара болып өтті. Ол Атырау облысының және Исатай, Индер аудандарының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Ғатих Маштаховтың туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Мерейгердің өзі тұрған үйіне орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі өтті. 

Салтанатты шара бұдан кейін аудан орталығындағы «Жалын» мәдениет үйінде Ғатих Маштаховтың «Заман сыры» кітабының тұсаукесеріне арналған салтанатқа ұласты. Кітаптың тұсаукесер рәсімін аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов  жасады.

Көп алдына шыққан елімізге танымал айтыскер ақын Саадат Нұрмановтың «Ғатих атам туралы баллада» аталатын арнау жыры жиналғандардың жылы ықыласына бөленіп, көңілдеріне көп ой салып кеткендей.

Сахна төрінен Ғатекең туралы толғана әңгіме өрбіткен марқұмның үзеңгілес жолдасы әрі құрдасы, Атырау облысының Құрметті азаматы Орынғали Қарасаев адам баласына мәңгілік өмір жоқтығын, тек артына өнегелі із қалдырған жандардың мәңгі жасайтынын, айтты. Ғатекеңнің тағылымды өмірімен мәңгі жасайтыны жайындағы ойын ортаға салып, өзі жақсы білген абыз өмірінің қыры мен сырына үңіле келіп, «Заман сыры» кітабы – тарихқа қосылған үлес, ел тарихы, адамдар тарихы жазылған дүние ретінде жастар үшін өте-мөте тәлімді еңбек екендігін айтты.  Оның жарық көруіне жәрдемдескен облыс басшысына, басқаларға да риза көңілін білдірді.

Салтанат соңында сөз алған Ғатихұлы Таупих шараны ұйымдастырушылар мен жиналғандарға, кітаптың жарыққа шығуына атсалысқандардың баршасына риза көңілін білдіріп, ардагер ағаларға естелік сыйын ұсынды. Бұл шара көптің жадында өзінің өзгеше бір болмысымен қалғаны анық.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР,

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз