«ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖАСТАР: БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Жуырда Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде «Ғылым және жастар: болашаққа қадам» атты студенттердің облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияға ғылымға ден қойып жүрген колледждердің студенттері мен олардың ғылыми жетекшілері, ғылым магистрлері мен магистранттары, ұстаздар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аталған конференцияны Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі  директорының міндетін атқарушы Ақмарал Ізғалиқызы ашты. Ол өз сөзінде ғылымның адам өмірінде алатын орны ерекше екеніне, әсіресе, жастардың онсыз болашағы бұлыңғыр болатынына, еліміздің өркендеуі жолында ғылым-білімді барынша дамыту қажеттігіне тоқталды. «Қазіргі білімді адам – әлемді игеріп, ғылымды меңгеріп, ондағы өзінің орнын таба алатын, заман талабына сай іс-қимыл жасайтын іскер адам. Студенттер арасында осындай ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізіп отырған себебіміз – Қазақстанның білім беру жүйесі алдындағы стратегиялық міндеттерін іске асыру, білім беру сапасын арттыру, жастардың халықаралық білім беру кеңістігіне араласудағы белсенділігін көтеру» деген ол конференцияға қатысушыларға  сәттілік тіледі.

Облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинет меңгерушісі Айгүл Құсайынова, облыстық жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Арман Азаматов, колледж директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Сара Есқазиевалар біздің өмір сүріп отырған ғасырымыздың ғылым ғасыры екенін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақ білімді, білікті, бәсекеге қабілетті жастарды дайындау жөніндегі стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыру жолындағы игі істер мен өзекті мәселелерді баса әңгімеледі.

Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында студенттер түрлі тақырыпта тоқсанға тарта баяндама жасады. Солардың ішінде «Мәңгілік ел – Қазақстан жастары жарқын болашағының негізі», «Келешек келбеті – дені сау ұрпақ» және тағы басқалары тақырыптық жағынан да, көтерген мәселесінің өміршеңдігі жағынан да көшілгері көрінді. 

Конференцияны ұйымдастырушылар бәсекеге қабілетті, білімді және құзыретті тұлға дамытуда студенттердің ғылыми ізденісін инновациялық бағытта ұйымдастыру, «ҚР-ның Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында Елбасымыздың «Үш тұғырлы тіл саясатын» жүзеге асыру мақсатында жастардың кәсіби деңгейінің өсуін жетілдіру және көптілді коммуникативтік-прагматикалық дәрежеде меңгерген тілдік тұлғаны қалыптастыру, ғылыми ізденіс пен замана көшіне ілескен, өзіндік көзқарасы мен ой-пікірі, саяси түсінігі қалыптасқан маман дайындау, олардың жауапкершілігін арттыру, жастардың халықаралық білім беру кеңістігіне араласудағы белсенділігін көтеруді ұсынды.  

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз