Винсент Ван Гог немесе өз құлағын өзі кескен суретші

«Провансқа жету үшiн пойызға отырамыз. Ал, жұлдыздарға жету үшiн өлiмдi таңдауға тура келеді». Осылай деген отыз жеті жастағы суретшi қаланың сыртына шықты да, мұң мен наланың қоймасы болған ғазиз жүрегіне тат басқан тапаншаны тосып, бәріне бір сәтте нүкте қоймақ болды. Бірақ, бұл, ол ойлағандай оңай емес екен. Денесiн қан жауған ол, жаралы қасқырдай ыңыранып, қайтадан адамдардың арасына асықты. Сосын екі күн бойы сандырақтап жатып, ең жақын қамқоршысы, бауыры Теодордың қолында, «Мұң ғана мәңгi» дегендi айтып барып, жұлдыздарға аттанды.

Винсент Ван Гог Достоевс-кийдiң қиялынан туған «Нақұрыстың» дәл өзi болатын. Теодор екеуiнiң толғаныстарға толы хаттарын оқысаңыз, орыс жазушысы сомдаған князь Мышкиннiң бейнесi ерiксiз көз алдыңызға келеді…

Бiраз жыл картина сатушысы болған жас Винсент, әке жолын қуып дiн қызметiне келедi. Тура Достоевскийдегі «перiштелер күнәһарларға жақын жүредi» дейтiн тұжырымға сай, жас пастордың 14 жасар жеңiл жүрiстi қызбен байланысқаны әшкере болады. «Нақұрыс» сияқты, «қор болғандар мен қорланғандарды» жарылқаймын деп, киiм-кешегiне дейiн шахтерлерге таратып жібередi. Сөйтемiн деп жүрiп әсіредіншіл ретiнде шiркеудiң қаһарына ұшырап, қызметiнен қуылады. Ал, суретшінің «Нақұрыс» екеніне әбден көз жеткізу үшiн, оның көп ұзамай талма ауруына шалдыққанын айтса да жеткiлiктi.

Винсент Ван Гог – көркемөнермен отызға тақағанда ғана айналыса бастап, он жылдың ішінде асқан шеберлік деңгейіне жеткен, әлемдегі ең атақты суретшінің бірі. Осынау таңғажайып талант қайдан шықты дейсіз ғой? Әлемге Винсент Ван Гог деген суретшiнi сыйлаған Голландияға қандай алғыс айтсақ, Винсенттiң інісі Теодор Ван Гогқа да сондай қарыздармыз.

Күйбең тірлікке икемсіз келетiн шығармашылық адамдарының кез келгенiнiң маңдайына дәл осындай қамқор туысқан жазылмаған. Импрессионизм туралы ойлар да Ван Гогқа талғамы жоғары бауырынан жұққан. Оған жоғары сапалы кенептер мен бояулар жеткізіп тұрған да інісі. Оның абсенті мен пәтерлері үшін төлеген де інісі. Және ақырында, осы Тео болмағанда суретшiңіз аш-жалаңаш қалып, қазірде әр коллекционер қолына түсіргісі келетін қымбат жұмыстардың дүниеге келу­келмеуінің өзi екiталай едi.

Әлқисса, Боринаж деп аталатын суық қалада қызметтен қуылып, Парижге, Теодордың жанына келген Винсент импрессионистердiң жұмыстарын көрiп, «күн сайын жаңа туғандай» күй кешеді. Өзінің ең алғашқы «Картоп жеушілеріндей» қараңғы емес, жарық, шуақты бір дүние құшағын айқара ашып тұрғандай еді. Ол шынында да бейнелеу өнерінде жаңа дәуірдің басталып жатқанына көзі жетті.

Бас алмай жұмыс істеді, бірақ, інісі екеуі армандағандай қаржылық табысқа кенеле қойған жоқ. Жоқшылық қинады. Көп ұзамай Парижден де жерiген Ван Гог «Суретшiлер жұмағын» іздеп, күншуақты Арльге аттанды. Өзiмен бiрге Гогендi шақырған. Қуырдақтың көкесi осы кезде басталған-ды.

Бұл екеуінің достығы басқа екі алып, поэзия алыптары Поль Верлен мен Артюр Рембоның жолдастығын еске түсіреді. Өзгеге де, өздеріне де «доспыз» деп жүргенде, күндердің күні бәрі теріске шығады. Олардың ешқандай да дос емес, бір-бірінің талантын көре алмайтын бақталас екені белгілі болады. Ван Гогтың өзіне қарағанда өмiрге де, шығармашылыққа да жеңiл қарайтын, өнерге одан бұрын келген Гоген өзімсініп Винсентке жөн сілтей бастаған. Әлсіз жүйке әзер төзіп жүрген.

Бірде Домье мен Дега жайлы айтысқан болып, олар бiр-бiрiнiң кемшілігін бетіне басады. Сол күннен бастап, екі суретші тырс етсе төбелес шығаруға дейiн барады. Бiрде, кафеде отырғанда әлденеге шамданып қалған Винсент қолындағы стақанды қарсы алдындағы досына жiберiп қалады. Гоген басын иiп үлгерген. Тағы бiрде Арль көшелерiмен серуендеп келе жатқан Гоген соңынан ерген кісінің суыт адымдарын естидi. Бұрылып қараса – ұстарамен ұмтылған Ван Гог. Сол жерде қалт тоқтаған Гогеннiң сабырлы көзқарасынан ыққан Ван Гог керi бұрыла сап, қаша жөнеледi. Бөлмесiне келiп, кісі өлтiрiп қоя жаздағанын ойлап, азапқа түскен Винсент, ақыры өз құлағын өзi кесiп тынады.

Нәпсiмен күресудiң амалын таппаған Толстойдың «Сергий әкейi» есiңiзде болар. Қанша дiндар болғанымен, санасындағы күмәнмен күресiп, өз саусағын балтамен шауып түсiретiн сол кейiпкер сияқты, Ван Гог та өз пейiлiмен пәтуаласа алмай, әбден қиналады. Бұл – оның «нақұрыс» болғанының тағы бiр дәлелi. Ал кесiп алғанымен қоймай, құлағын бет орамалға орап, ашынасына сыйлағаны өз алдына бөлек әңгіме. Әрине, көп қан кетiрiп, өлiм аузынан қалған суретшiнiң денсаулығын зерттей келе, дәрiгерлер оның психологиясынан сына табады… Әйтсе де, Сен-Ремидегi жындыханада жатқанда ол өзiне дейiнгi және өзiнен кейiнгi бiрде-бiр суретшiде кездеспейтін қарқынмен жаза бастайды. Ананы, мынаны, көргенiн, есiне түскенiн… Кенет… Бiрдеңе шорт кесiлгендей – неліктен екенi өзiне де жұмбақ, өнерге деген өлшеусiз махаббаты ғайып болады.

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ.

(Жалғасы бар).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз