ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ЗЕРТХАНА – ҚЫЗЫЛҚОҒАДА

Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы селосында «Республикалық ветеринариялық зертхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорны аймақтық бөлімшесінің ветеринариялық зертханасы ашылды.

Тұсаукесер шараға аталған кәсіпорынның облыстық аумақтық инспекция басшысы, филиал директоры, аудан басшысы мен ауыл-селолық әкімдер, ардагерлер, аудандық мәслихат депутаттары және баспасөз өкілдері қатынасты.

Жиында сөз алған аудан әкімі Мақсот Мұқанов облыс көлемінде алғашқы болып Қызылқоғада ветеринариялық зертхананың ашылуы мал шаруашылығымен айналысатын аудан үшін өте маңызды екенін атап өтті.

– Себебі, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тікелей төрт түлікке байланысты. Яғни, малдан алынатын өнімдердің көбеюі және азық-түлік сапасының артуы жергілікті халықтың әл-ауқатына оң әсерін тигізетіні сөзсіз, – деді Мақсот Сайполұлы.

Бұдан кейін «Республикалық ветеринариялық зертхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК Атырау облыстық филиалының директоры Айжан Дәулетиярова, кәсіпорынның облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымбек Бисенғалиев сөз алды. Еңбек ардагері Кеңес Дүйсенғалиев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

2007 жылдан бастап елімізде «Ветеринариялық зертхана нысандарының дамуы» жөнінде инвестициялық бюджеттік бағдарлама іске асуда. Ондағы мақсат – қазіргі қолданыста бар ветеринариялық зертханаларды бүкіләлемдік стандарттық сұраныс талаптарына сай қайта жабдықтау. Биыл облысымызда орын алған басты жаңалық – аймақтағы бес аудан орталығында заманауи үлгіде аудандық ветеринариялық зертхана ғимараттарының тұрғызылып, жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі болып отыр.

Зертхана құрылысына республикалық бюджеттен 125 миллион теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарымен Батыс Қазақстан облысындағы «Марасант» ЖШС айналысқан.

 Жаңа ғимарат кілтін қабылдаған аудандық ветеринариялық зертхана меңгерушісі Майра Тұрысбекованың айтуынша, аталған зертханада 11 қызметкер бар, оның үшеуі – жоғары білімді мамандар, екеуі – ветлаборант, қалғаны – жануар күтуші, ветсанитарлар. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында бір жоғары білімді дәрігер және төрт қарауыл қызметкері жұмысқа тартылған.

Шалғай Қызылқоғада төрт түлік мал арасында кездесетін аса қауіпті жұқпалы сарып (бруцеллез), құтыру және басқа да ауру түрлерін анықтап, алдын алуда бұл жаңа нысандардың тигізер әсері зор. Зертханада аса қауіпті жұқпалы ауруларды зерттеп, тексерумен шұғылданатын бактериологиялық және серологиялық бөлімдер жұмыс істейді. Алға қарай токсикологиялық бөлім де ашылмақ. Ең бастысы, мал жемшөбінің құрамы тексеріліп, мал өнімдерінің сапасына да жіті зерттеу жүргізіледі.

Мағрупа ҚАЗИХАН,

меншікті тілшіміз,

Қызылқоға ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз