
Үздіктердің мерейлі сәті
Жұмысшы мамандықтарын еліміздегі саяси партиялар да дәріптеді. «Қазақстан Халық партиясы» Атырау облыстық филиалы республикалық «Еңбек адамы-2025» байқауын ұйымдастырып, жеңімпаздарды анықтады.

«Қазақстан Халық партиясы» Атырау облыстық филиалының директоры Балжан Досмұхамбетованың айтуынша, байқаудың мақсаты – еңбекті ең жоғары қоғамдық құндылық ретінде насихаттап, жұмысшы мамандық иелерінің қоғамға қосқан үлесін дәріптеу. Сондай-ақ, еңбек адамына деген құрмет мәдениетін қалыптастыру. Байқауда ауыл шаруашлығынан бастап медицина, білім беру салалары қамтылды. Жоба шеңберінде жүздеген еңбек адамы өздерін таныстырып, кәсіби шеберліктерін көрсетті.

Сонымен, «Үздік электр маманы» болып Ғалымжан Омаров, «Мұнай саласының үздік қызметкері» болып Елдос Оңдасынұлы, «Озат құрылысшы» болып Александр Плетнев, «Теміржол саласының озат маманы» болып Темірхан Мединиев, «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының үздік қызметкері» болып Шолпан Тоқсейітова танылды. Сала үздіктеріне медальдар мен Алғыс хаттар табыс етілді.



Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ



