
UTEBAYEV UNIVERSITY-де белгілі геолог атындағы аудитория ашылды
Бүгін UTEBAYEV UNIVERSITY-де мұнай-газ саласының көрнекті өкілі Роберт Орынбайұлы Бердіғожинмен кездесу өтті. Іс-шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және саланың тәжірибелі мамандары қатысты.

Роберт Орынбайұлы — Қазақстанның мұнай-газ геологиясын жаңа деңгейге көтерген мамандардың бірі. Оның ерекше еңбегінің бірі — Оңтүстік-Торғай ойпатының ірі мұнай-газды өңірін игеруге қосқан зор үлесі. Р.Байғожиннің басшылығымен Қызылқия, Қоныс, Майбұлақ, Ақшабұлақ және басқа да оннан астам кен орны ашылып, кең көлемде барлау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Құмкөл кен орнын игеруге, жаңа мұнай-газ өңірінің инфрақұрылымын қалыптастыруға еңбек сіңірді.
Кездесуді университет ректоры Гүлзада Шакуликова ашып, Роберт Орынбайұлының еліміздің геология саласындағы ерекше еңбегін атап өтті. Ол өз сөзінде Роберт Бердіғожиннің кәсіби жолы бүгінгі жас буын үшін үлгі екенін, тәжірибесі мен тағылымы студенттерге құнды екенін айтты.
Іс-шара барысында «Қазақстан Мұнайшылар-Геологтар Қоғамы» президенті Мәнсия Бабашева сөз сөйлеп, Роберт Орынбайұлының жаңа кен орындарын барлаудағы жетістіктері, геологиялық зерттеулерді жаңа деңгейге көтеруге қосқан еңбегі және жас мамандарды тәрбиелеудегі үлкен рөлі үшін арнайы марапат табыстады.
Кездесудің маңызды сәттерінің бірі университетте Роберт Бердіғожин атындағы арнайы аудиторияның ашылуы болды. Бұл аудитория студенттер мен жас зерттеушілердің геология саласын терең меңгеруіне арналған заманауи білім беру кеңістігі ретінде жабдықталған. Аудиторияның ашылуы — университеттің сала мамандарына көрсеткен құрметі және болашақ геологтарды даярлау жолындағы маңызды қадамдарының бірі.
Жаңадан ашылған аудиторияда интерактивті оқыту құралдары мен мультимедиялық жабдықтар орнатылған. Аудиторияның техникалық мүмкіндіктері білім алушыларға күрделі геологиялық модельдерді талдауға, пайдалы қазбалардың құрылымдық ерекшеліктерін зерттеуге және сала бойынша инновациялық тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік береді.



