
Ұстаздар ұлықталды
Мұнайлы өлкеде Атырау қаласы педагогтерінің құрметіне арналған мерекелік іс-шара өтті.Салтанатты жиын барысында қала әкімі Шәкір Кейкін білім беру саласының ардагерлері мен қазіргі уақытта еңбек етіп жүрген педагогтерге алғыс білдіріп, олардың қоғамдағы айрықша рөліне тоқталды.

-Ұстаз еңбегі өлшеусіз. Сіздердің қоғамдағы абырой-беделдеріңіз әрдайым жоғары. Қаламызда көптеген істер атқарылуда. Заман талабына сай жаңа білім ұялары бой түзеп, мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Дегенмен, қанша жарқыраған мектеп болсын оның болашағы ұстазға байланысты. Сондықтан біз ұстазды — мектептің жүрегі дейміз. Ұстаз – ұлт болашағын қалыптастыратын тұлға. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жас ұрпақ білім алып қана қоймай, адамгершілікке, елжандылыққа тәрбиеленеді. Барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі ұлы еңбектеріңіз әрқашан жемісті болғай!, — деді Шәкір Кейкінұлы.
Шара барысында үздік ұстаздар марапатталды. Бір топ білім беру саласының қызметкері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, облыс және қала әкімінің Алғыс хатымен маратталды.
Ұстаздарға арналған мерекелік бағдарлама концерттік қойылымдармен жалғасты.
Мәлике МӘЛІК



