
Ұстаздар сынға түсті
«Жайық» мәдени-спорт кешенінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 85 жылдық мерейтойына орай «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің кубогі үшін облыстық білім саласы қызметкерлері арасында футзалдан турнир өтті.
Жарыстың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ұстаздар қауымы мен білім беру саласы кәсіподақ ұйымдары арасындағы жолдастық қарым-қатынасты нығайту, сонымен қатар кіші аяқдоптан спорттық шеберлікті арттыру және үздік командаларды анықтау болды.
Турнирге Атырау қаласы мен жеті ауданнан келген командалар қатысты. Барлық ойын халықаралық FIFA футзал ережелеріне сәйкес өткізілді. Ойындарға кәсіби шеберлігі жоғары төрешілер қазылық етті.
– Атырау университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған бұл турнир тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар ұстаздар қауымының бірлігін, ынтымағын арттыруға бағытталған маңызды шара болды. Осындай игі бастамалар арқылы біз салауатты өмір салтын дәріптеп қана қоймай, жас ұрпаққа үлгі боламыз. Бүгінгі жарыста өздерінің шеберліктерін, ұйымшылдығын көрсеткен барлық қатысушы командаларға алғыс білдіремін. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын!
Сонымен қатар, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басшылығына, ұйымдастыру ісіне белсенді атсалысқан «Жайық» мәдени-спорт кешенінің ұжымына, әсіресе Амантай Мұханбетәлі мен Руслан Сұлтанғалиев сынды жауапты қызметкерлерге айрықша ризашылығымды білдіремін. Біздің кәсіподақ алдағы уақытта да білім және ғылым саласы қызметкерлерінің рухани және әлеуметтік өмірін жандандыру, спорт пен мәдениетті дамыту бағытында осындай шараларды дәстүрлі түрде ұйымдастыра береді деп сенемін, — деді «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы.
Екі күнге созылған тартысты доданың нәтижесінде І орынды – Құрманғазы ауданының командасы, ІІ орынды – Индер ауданының, ал ІІІ орынды – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің командасы иеленді. Жүлделі орындарға ие болған командалар «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі кубоктарымен, дипломдарымен, медальдерімен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.
Алмас ҚАБДОЛ



