Үш адамды өлтірген атыраулық екі айға қамалды

dsc 4005 vkag791 Жаңалықтар

Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты үш адамды өлтірді деп айыпталған күдіктіні екі айға қамау жөнінде қаулы шығарды.

Облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда үш адамды өлтіріп, біреуін жаралады деп күдікке ілінген Маңғыстау облысының 28 жастағы тұрғыны сот санкциясымен екі айға қамалған. Аймақтың денсаулық сақтау басқармасы оқ тиіп, ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен жаралы жігіттің жағдайы орташа ауыр екенін жеткізді. Дәрігерлер науқасты нейротравматология бөліміне ауыстырған. Қазір зардап шеккен жігіт сөйлей алады.

Еске сала кетейік, осыған дейін Атырауда атыстан үш адам мерт болып, біреуі ауруханаға түскенін жазған болатынбыз. Атыс 15 наурыз сағат 22:10 шамасында болған. Атырау қаласының «Авангард-3» шағын ауданындағы аялдамада тапаншадан атылған оқтан 27 және 23 жастағы екі жігіт қаза тапқан. Ал, 1995 жылғы ер адам ауруханаға жеткізілген.

Жедел-тергеу тобы оқиға орнында тергеу жүргізу кезінде тағы бір адамның мүрдесін тапқан. Тексеру кезінде оның 27 жастағы ер адам екені анықталған. Күдікті оқиға орнынан бой тасалап қашып кеткен. Кейін полиция қызметкерлері аталған қылмысқа күдікті ретінде Маңғыстау облысының 1993 жылғы тумасын уақытша ұстау изоляторына қамауға алды.

Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз