
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға көтерді
Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18%-ға дейін, ±1 пайыздық тар ауқыммен көтерді. Бұл шешім қыркүйек айында инфляцияның үдеуіне байланысты қабылданды – ол тамыздағы 12,2%-дан 12,9%-ға дейін өсіп, реттеуші органның болжамынан асып түсті.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов шешім қабылдау кезінде ең басты назар халықтың әл-ауқатын арттыруға аударылатынын айтты.
– Бізден кейде базалық мөлшерлеменің өсуі несиелер мен банктерге қалай әсер етеді деп сұрайды. Онда біз үшін ең маңыздысы – халықтың әл-ауқаты мен нақты табысының өсуі екенін айтамыз. Қазақстандықтардың қолында көбірек ақша қалуы және инфляция сол ақшаны «жеп қоймауы» маңызды. Біздің негізгі құралымыз – базалық мөлшерлеме, сондықтан батыл қадамдарға барамыз, бұл бізге оңайға соқпайды. Біз макроэкономика және халықтың әл-ауқаты тұрғысынан қараймыз. Инфляция – халық табысының жауы, және оны жеңуіміз керек, – деді ол.
Бұл шешім қазақстандықтарға қалай әсер етеді?
1. Депозит иелері үшін:
Енді теңгеде жинақтау тиімді бола түседі. Банктер депозит мөлшерлемесін арттырады, яғни біздің жинағымыз құнын жоғалтпай, баға өсімінен де жылдамырақ көбейеді.
2. Теңге бағамы үшін:
Бұл теңгені нығайтады. Мөлшерлеме жоғары болған сайын ұлттық валюта тартымдырақ болады, ал бағам тұрақтанады. Доллармен жұмыс істейтіндер үшін бұл — жақсы жаңалық.
3. Баға өсіміне қарсы:
Негізгі мақсат — баға өсімін тежеу. Иә, несиелер қымбаттайды, бірақ бұл адамдарды ақшаны аз жұмсауға итермелейді. Сәйкесінше, дүкендердегі бағалар да баяу өсетін болады.
4. Несиелер туралы:
Енді банктер несиені кез келген адамға бере бермейді. Қарызды қайтара алатын клиенттер мұқият таңдалады. Бұл қаржы жүйесіндегі тәуекелдерді азайтады.
5. Бизнес үшін:
Кәсіпкерлер үшін ең маңыздысы – теңге бағамының тұрақтылығы. Иә, несиелер қымбаттайды, бірақ есесіне импорт пен баға саясатын тұрақты жоспарлауға мүмкіндік туады.
6. Тұрғын үй нарығы:
Бұл шешім баспана нарығын «суытуы» мүмкін. Себебі ипотека қымбаттайды, сұраныс азаяды, нәтижесінде пәтер бағасының өсуі тоқтауы ықтимал.
7. Болашаққа көзқарас:
Бұл – алдын ала жасалған қадам. Қазір қатаң шаралар қабылдап, инфляцияны төмендету – болашақта экономиканың бұзылуына жол бермеудің ең дұрыс жолы.
8. Жинақ пен шығын туралы:
Бұл жаңа экономикалық кезеңнің белгісі. Енді ақшаны тез жұмсағаннан гөрі депозитте сақтау тиімді. Өйткені жинақтау арқылы табыс табу мүмкіндігі артты.
Сурет: Gov.kz



