
Ұлт болашағына бағытталған маңызды қадам
Білім – кез келген мемлекеттің стратегиялық қуаты мен дамуының басты тірегі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында білім беру жүйесін жаңа заман талабына сай жетілдіру туралы нақты бағыттар айқындалды. Бұл – еліміздің келешегіне салынған ең маңызды инвестиция және ұстаздар қауымына артылған зор сенім.
Бүгінгі әлемде табысқа жетудің кілті – сапалы білім мен жаңа технологияларды игеру. Президент атап өткендей, экономикалық серпін мен инновациялық даму тек білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақ арқылы жүзеге асады. Осы орайда қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – жаңа дәуірдегі білім саясатының нақты көрінісі. Заманауи мектептер салу, оқу ортасын жаңарту және білім сапасын арттыру – ұлт болашағына бағытталған маңызды қадам.
Жасанды интеллект, цифрлық технология, автоматтандыру бұлар бүгінде өмірдің барлық саласына еніп отыр. Сондықтан Президенттің оқушыларға жасанды интеллект негіздерін үйрету туралы тапсырмасы – уақыт талабына сай шешім. Бұл бастама келешек ұрпақтың ойлау қабілетін дамытып, оларды жаңа технологиялар дәуіріне дайындайды. Ал жоғары оқу орындарындағы Al-Sana бағдарламасы – жастарды инновациялық жобаларға тартудың тиімді тетігі, олардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін арттырудың нақты жолы.
Мұндай өзгерістер мұғалімдерге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Әр педагог заман талабына бейімделіп, цифрлық құралдарды игеріп, оқыту әдістемесін жаңартуға тиіс. Осы тұрғыда Президент ұсынған «Qazaq Digital Mektebi» платформасы ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін жоюға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің әрбір баласына сапалы білім алуға жол ашатын әділ әрі өркениетті қадам.
Жолдауда көтерілген ғылым мен білімнің өзара байланысын күшейту бастамасы да өте өзекті. Зерттеу мен тәжірибені ұштастырып, инновацияны қолдау арқылы біз ұлттық ғылымды жаңа деңгейге шығара аламыз. Бұл – Қазақстанның интеллектуалды әлеуетін арттырып, ел дамуының негізін бекітетін стратегиялық бағыт.
Мен ұстаз ретінде Президент бастамаларын болашаққа бағытталған кемел шешім деп қабылдаймын. Себебі білімге салынған күш – мемлекеттің ең берік капиталы. Егер әрбір мұғалім өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жаңа білім мен технологияны меңгеруге ұмтылса, онда еліміздің келешегі жарқын болмақ. Білімді ұрпақ – қуатты елдің кепілі.
Назгүл ХАЖИТОВА,
Әбу Сәрсенбаев мектебінің биология пәнінің мұғалімі.
Құрманғазы ауданы



