
Үкімет антикризистік шараларды қабылдады
Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономикалық реформалардың орындалу барысы қаралды. Жиында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және сыртқы теріс факторлардың әсерін азайту мақсатында бірқатар антикризистік шешімдер қабылданды.
Басты шаралар төмендегі бағыттарды қамтиды:
— Отын нарығы: 16 қазаннан бастап АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізілді.
-Коммуналдық тарифтер: 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушылар үшін тарифтердің өсуі тоқтатылады.
— Әлеуметтік маңызы бар тауарлар: Отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін екі есе қаржыландыру арқылы бағаны тұрақтандыру шаралары күшейтіледі.
— Кіші және орта бизнес: Жаңа Салық кодексі аясында кәсіпкерлерге түсетін қысымды азайту мақсатында артық шектеулер алынып тасталады, салықтық тексерулер мен айыппұлдар жеңілдетіледі.
— Тұрғын үй саясаты: Ипотекалық бағдарламаларға бөлінетін қаржы екі есеге ұлғаяды, ал «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады.
— Құрылыс нарығы: Құрылыс компанияларымен офтейк-келісімдер жасалып, тұрғын үй бағасы алдағы үш жылға дейін бекітіледі.
Үкіметтің хабарлауынша, қабылданған шаралар инфляцияны тежеуге, халықтың баспаналы болуын қолдауға және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталып отыр.
Қуандық ШӘКІРОВ
Сурет PrimeMinister.kz



