
Той мәдениетіне заңмен шектеу қойылуы мүмкін
Қазақстанда той мәдениетін заңмен реттеу мәселесі қарастырылуда. Мәжілісте адамды ұялтатын ойындар мен орынсыз әзілдерге шектеу қою жөнінде ұсыныс айтылды.
Dauletten парақшасының хабарлауынша, бұл бастаманы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай көтерді. Оның айтуынша, соңғы жылдары қазақтың тәрбиелік маңызы зор дәстүрлі тойлары шоу түріне айналып, ұлттық құндылықтарға кері әсерін тигізіп отыр.
–Қазақтың тойы — ұлттың айнасы. Бірақ соңғы уақытта тәрбиелік мәні жоғары салт-дәстүріміз шоу элементтеріне айналып барады. Мұндай ұятты ойындар мен орынсыз әзілдер халықтың мәдениетіне нұқсан келтіреді. Сондықтан мұндай көріністерге айыппұл немесе әкімшілік жаза қолдану қажет, — деді А.Әлтай.
Депутаттың пікірінше, той мәдениетіне бақылау орнату – ұлттық намысты қорғау және қоғамдағы тәрбие деңгейін көтеру үшін маңызды қадам болмақ. Дегенмен асабалардың айтуынша, кей жағдайда мұндай ойындар мен әзілдерді той иелерінің өздері сұрайды.
Егер ұсыныс қолдау тапса, болашақта ұятты ойындар мен орынсыз әзілдер ұйымдастырғандарға айыппұл салынуы мүмкін.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ



