Тоғанда өскен бекіре қара уылдырығы – халық игілігіне!

 «Caspian Royal Fish» бекіре тұқымдас балық өсіретін зауыты осыдан жыл жарым бұрын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған еді. Кешеден бастап зауыт қара уылдырықтың алғашқы он келі өнімін шығарып, тұтынушыларына жөнелтті.

  toganbekire77 Осы қуанышты оқиғаға орай облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау қаласының іргесіндегі Томарлы ауылында орналасқан «Caspian Royal Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аталмыш зауытында болды. Голландиялық технологияға негізделген зауыттың жобалық құны 5,7 миллион АҚШ долларын құрайды. Мұнда 2014 жылдың күзінде Башқұртстаннан 15 мың дана бекіре тұқымдас бағалы балық шабақтары әкелініп, арнайы тоғандарға өсіруге жіберілген болатын. Енді, міне, олар алғашқы өнімдерін бере бастады.   Зауыттың бас балық өсірушісі Алтынай Сүгірәлиева аймақ басшысын жылына 100 тонна балық еті мен бір тонна уылдырық дайындайтын кәсіпорын жұмысынан жан-жақты хабардар етті. Қазір зауытта 40 адам еңбек етеді. Тоғандар мен арнайы ыдыстарда өсірілетін қорытпа, сібір және орыс бекіресінің өнімдері облыстан тысқары аймақтарға да шығарыла бастады. Мысалы, жақында өнім Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына жөнелтілген. Жеке тұлғалар мен Атыраудағы мейрамханалар, қонақ үйлері де зауыт өнімдеріне қызығушылық танытып жатқан көрінеді. Екі жас шамасындағы қорытпаның әр келісі 2300 теңге тұрады. Күні бүгінге дейін екі тонна тауарлы балық өнімі сатылыпты. Зауыттың балық өсіруші мамандарының айтуынша, жыл аяғына дейін бекіре тұқымдас балықтың 10 тонна етін, 300 келі қара уылдырығын сату көзделген.

 
TogandaBekireАймақ басшысы зауыт мамандарымен пікірлесу барысында жергілікті жерде балық өсіру шаруашылығын дамытудың, сапалы, экологиялық таза өнім дайындаудың ерекше маңызды екендігін қаперледі. Мұнда өсірген бекіре балығының салмағы 1-1,5 келі, сібір бекіресі 3-4 келі тартады.

 Астархан мемлекеттік университетінің түлегі, биология ғылымдарының кандидаты, зауыттың бас балық өсірушісі Алтынай Сүгірәлиева облыс әкіміне балықтарға қажетті жемнің Даниядан, Голландиядан жеткізілетіндігін, күніне 200 келі жемдік азық берілетіндігін, оның бағасының қымбат екендігін де жасырмады.

  Облыс басшысы балық өсірушілердің жауапты жұмыстарына табыстар мен сәттіліктер тіледі.

Бақытжан ЖҰМАТ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз