Өткен жылдың жеңісті қадамдары (+ФОТО)

2KPUz pH1JY Жаңалықтар

Көпшілікті ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей өзіне ынтызар ететін құдірет – бұл  спорт.  Бәріміз білетіндей, «спорт – денсаулық кепілі». Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бірден-бір тәсілі – спортпен шұғылдану.  Бастысы, талғампаз, тәкәппәр өнерге шексіз беріліп, адалдық танытсаң берері мол – сиқырлы әлем.

2KPUz_pH1JY

KEw5De-MrgM

 

Бүгінгі  таңда өңірімізде спорттың дамуы мен жұртшылықтың онымен айналысуы көңіл көншітерлік жағдайда. Оның дәлелін, мұнайлы өлкемізде жиі-жиі  өтіп жататын түрлі спорттық-көпшілік шаралардан көруге болады. Қай-қай жарысқа бармаңыз тартысқа толы ойындарды тамашалауға келген адамдардың қарасы мол.  Бұл, көпшіліктің спортқа деген қызығушылығы артып, салауатты өмір салтын ұстануға ден қоюуының көрінісі.

Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәлімдеуінше биылғы жылы өңірімізде   1200-ден астам  спорттық шара өткізіліп, оларға  245000-дай  адам қатысқан. Осы жыл ішінде 4 спорттық кешен, 25 спорттық арнайы зал пайдалануға берілген. Бүгінгі күні облыс бойынша  16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Оның 5-і  қала аумағында болса, 11-і ауылдық жерлерде. Тиісінше, бұл мектептерде спорттың 24 түрі  дамытылып, 12874 спортшы спортпен шұғылдануда. Бұлардан бөлек жалпылай спортпен тұрақты шұғылданушылар облыс халқының 31,0 пайызын құрайды екен. Ол шамамен 200-мыңнан астам адам салауатты өмір салтын ұстанады деген сөз.

Осы себепті, тәніңе нәр беретін спортпен шұғылданушы атыраулық спортшылардың өтіп бара жатқан 2018 жылғы жетістіктеріне бір сәт көз жүгіртсек көңіл сүйсінерлік толағай  табыстар мен жарқын жеңістерді көруге болады.

 

Сонымен, биылғы, түрлі деңгейдегі жарыстарда облыс спортшылары 1200-дей медальға қол жеткізіп, осы жеңістер нәтижесінде 10 спортшы – «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», 18 адам – «Спорт шебері» және 145 адам  – «Спорт шеберлігіне үміткер» атақтарына ие болды. Бәсекелерде өз мықтылығын танытқан 220 спортшымыз келер жылғы Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасында өнер көрсететін болады. Оның 114-і – негізгі құрамада, 46-ы жастар құрамасында, 60-ы жасөспірімдер тобында.

Спортшы саңлақтарымыздың 2018 жылғы үлкен додалардағы жетістігі кикбоксшыларымыздың  қаңтар айында Ресейде өткен халықаралық турнирде үш алтын, бес күміс және екі қола иемденулерімен басталды. Олардың ізін ала жерлесіміз Андрей Котов каратэ-кикушинкайдан Украинада өткен Әлем біріншілігінде чемпион атанды.

Ақпан айында Түркияда таеквондодан өткен Еуропа чемпионатында Мерген Ғаниев пен Жадыра Хайруллиналар күміспен күптелсе, осы спорт түрінен Біріккен Араб Эмираттарында болған халықаралық турнирде Айдана Еділбаева, Айгүл Елубайлар алтыннан алқа тақты.

Наурызда Түркияның Анталья қаласында жасөспірімдер арасында дзюдодан өткен Еуропа кубогында атыраулықтар  5 алтын, 2 күміс, 7 қолаға қол жеткізсе, Мәскеуде самбодан өткен Әлем кубогында Жұмабай Парасат күміс медаль еншіледі.

Сәуір айы боксшымыз Аманат Сабырғалидың Болгарияның София қаласында өткен халықаралық турнирінде жеңімпаз болуымен, жасөспірім дзюдошымыз Дінмұхаммед Шәменовтың Ташкентте өткен Азия кубогында  жеңіске жетуімен есте қалды. Сонымен қатар, осы айда «Атырау» волейбол командасы 14 жылдан соң жасындай жарқылдап ел чемпионы атанды.

Мамырда Моңғолияның Улан-батыр қаласында самбодан Азия чемпионаты өтіп, атыраулықтар бұл сында бір алтын, бір күміс, бір қолаға ие болды. Ал, жастар арасында каратэден Жапонияда өткен Азия біріншілігінде Әбілмансур Батырғалиға тең келер ешкім болмады. Сондай-ақ, еркін күрестен Ташкентте өткен  сары құрлық бәсекелерінде  Бекзат Жалғасов ақтық сында ғана есе жіберді. Муай-тайдан Мексиканың Канкун қаласында өткен Әлем чемпионатында Еламан Саясат пен Ещан Галиев екінші және үшінші сатыдан көрініп, паратаеквондошы Нұрлан Домбаев Вьетнамның Хошимин қаласында өткен Азия біріншілігінде жеңімпаз атанды.

Маусым айы паражүзуден Германияның  Берлин қаласында өткен Әлем кубогындағы Ержан Сәлімгереев пен Дмитрий Лидің жеңістерімен басталып, Астанада  муай-тайдан өткен Азия чемпионатында Еламан Саясаттың тағы да биіктен көрінуімен  жалғасты.

Бокс Калмыкия

 

 

 

Шілдеде Хорватия елінің Загреб қаласында еркін күрестен өткен Әлем чемпионатында жасөспірім спортшымыз Бекзат Жалғасов  қола медаль еншілесе, Украинаның Одесса қаласында годзю-рю каратэ-додан өткен Әлем кубогында Болат Ниязымбетов  төрт түрлі сайыста да алтыннан алқа тағынып, турнирдің  абсолютті  чемпионы атанды.  Сондай-ақ,  шахматтан Шри-Ланка елінде өткен Азия чемпионатында  тоғыз жасар  Зарина Нұрғалиева  жеңімпаз болды. Ал, еркін күрестен Үндістанда өткен Азия біріншілігінде Талғат Сырбаз күміске медальді мойынына ілді.

Тамыз айында қазақ күресінен Алматыда өткен Азия чемпионатында Нұрболат Ізімғалиев – күміс, Наурызбек Майлашев  – қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар, Қырғызстанда өткен Бүкіләлемдік ІІІ Көшпенділер ойынындарындағы  «Алыш» күресінде – Ақжол Қайыпхан, «Түрікмен» күресінде – Амандық Абылай қола жүлде иемденсе, «Қырғыз» күресінде Арман Қалиев күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ, бұл айда Индонезия астанасы Джакарта қаласында жазғы Азия ойындары өтіп, байрақты додада Қазақстан ұлттық құрамасының сапында төрт спортшымыз сынға түсіп, тұңғыш рет таеквондодан әйелдер арасында Жансель Дениз күміс жүлдеге ие болды.

Қыркүйекте Астана қаласында жасөспірімдер арасында грэплингтен өткен Әлем біріншілігінде Есенбек Сиғуатов чемпион атанса, Арсен Ризуанов күміс алқа тағынды.

IMG-20181011-WA0026

IMG-20181011-WA0003

Қазан айында Индонезияда  ІІІ Паразиада ойындары өтіп, оған Атырау облысынан 19 мүмкіндігі шектеулі спортшымыз қатысты. Өрендеріміз бұл ойындарда 3 алтын, 2 күміс және 5 қола медальға ие болды. Жүзу спорты бойынша Ержан Сәлімгереев  екі рет әнұранымызды шырқатса,  Дмитрий Ли  алтынмен қатар, екі күміс, екі қола медаль еншіледі. Ал, отырып ойнау волейболы командасы ел тарихында тұңғыш рет құрлық додасының қола жүлдегері атанды. Осы ұлттық құрама сапында жергілікті 8 спортшымыз сынға түскен болатын. Сондай-ақ,  дзюдо күресінде Дәулет Теміржан қола жүлдеге ие болса, осы спорт түрінен командалық құрамда өнер көрсеткен Ануар Сариев, Темірболат Ташекенов және Дәулет Теміржандар үшінші орынды місе тұтты. Сонымен қоса, осы айда Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында ІІІ жасөспірімдер Олимпиадасы өтіп, каратэші Әбілмансұр Батырғали қола жүлдегер атанды. Ал, джиу-джитсудан Чехия елінде өткен Әлем біріншілігінде өнер көрсеткен Тыныс Бисалиев чемпион атанды.

Қарашада ауыр атлетикадан Ашхабадта өткен  Әлем чемпионатында Нижат Рахимов кіші қола алса, Бухарестте грек-рим күресінен өткен Әлем чемпионатында Қаһарман Қисметовке  де қола медаль бұйырды. Осы айдағы болған елеулі жеңістің бірі дзюдошыларымыздың ел біріншілігіндегі құрама командалар  сайысында бірінші рет чемпион атануы еді. Жеңістің дәмін сезінген бұл топ желтоқсан айында өткен Конфедерация кубогы бәсекесінде де абыройымызды асырып, тұңғыш рет жеңімпаз атанды.

дзюдо конфед

 

Сондай-ақ, 2018 жылы облысымызда көптеген жоғары деңгейдегі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Наурыз айында «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы аясында бірқатар спорт түрлерінен сайыстар өткізілсе, сәуірде  Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының жүлдесіне арналған бокстан ерлер арасындағы  Х-шы  халықаралық турнирі және екі мыңға жуық қала тұрғынының басын қосқан жаппай қайырымдылық веложарысы болды. Ал, мамыр айында Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында «Astana Arlans» және  «British Leonhearts» командалары арасында жартылай финалдық кездесулер мен үш мыңнан астам адам қатысқан ІІ-ші «Атырау марафоны» өткізілді.

WhatsApp-Image-2018-05-13-at-15.06.08

Шілде айында бокстан Асқар Кұлыбаевтың жүлдесіне арналған ересектер арасында халықаралық турнир өтсе, қыркүйекте  таеквондодан ашық Азия чемпионаты және «Қазақстан Опен» халықаралық турнирі, сонымен қоса, алғаш рет Парадзюдодан Әлем кубогі, Каспий жағалауы мемлекеттерінің халықаралық студенттер ойындары өткізілді. Қазан айында Алмалы селосында «Каспий Кубогы – Жайық жағасында»  атты ұлттық спорт түрлерінен Халықарлық фестивальі ұйымдастырылып, бұл спорттық шаралар Конфедерация Кубогінің іріктеу кезеңінің өтуімен өз жалғасын тапты.

ЕАС 2062

Ал, желтоқсан  айында Тұңғыш Президент күніне орай кикбоксингтен өткізілген Атырау-Тбилиси құрамалары арасындағы жолдастық кездесу мен  Тәуелсіздік күніне арналған ережесіз жекпе-жектен  М1 Глобал – Халықаралық турнирі  жылдық шараларды қорытындылады.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз