Тісі әдемінің түсі көркем

денсаулық2 Жаңалықтар

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық балалар стоматологиялық емханасының ұйымдастыруымен қаладағы №6 мектепте өткен акция осылай аталды.

денсаулық2

Шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас стоматологы, медицина ғылымының докторы, профессор Сәуле Есембаева арнайы қатысып, ата-аналарға баланы ерте жастан  бастап тісін күте білуге дағдыландыру қажеттігін түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Атырау өңірінде экологиялық, климаттық әсерден сәбилер арасында тісжегі көп. Алдын алу үшін оқу орындарындағы медбикелер мен ата-аналар тығыз байланыста жұмыс жасағаны абзал.

Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Райса Баймұханова, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Гүлзейнеп Дүсіпова, тағы басқалары қатысып, акцияның маңызына тоқталды.

Мектептің 1-2-сынып оқушылары тісжегінің кесірі жайлы мультфильмдер көріп, ауыз қуысына күтім жасау, тіс тазалау шеберлігін флешмоб арқылы тамашалап, концертке қатысты.

Өңірдің бас тіс дәрігері, облыстық балалар стоматологиялық емханасының басшысы Нұргүл Намазғалиева бізбен әңгімесінде мектептегі медбикелермен бірлескен түрде тісжегінің алдын алуда профилактикалық жұмыстарды қолға алатынын айтты.

– Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының қолдауымен алдағы оқу жылынан бастап, ауруды болдырмау шаралары аудандық, ауылдық кейбір мектептерде  пилоттық негізде  жүзеге асырылмақ.

Қазіргі кезде стоматология саласында қиындықтар өте көп. Біріншіден, өңірлерде, әсіресе, шалғай аудандарда сапалы стоматология аз, адамдар не сапасыз қызметке душар болады, не алыстағы облыс орталықтарына баруға мәжбүр. Екіншіден, маман тапшылығын айтсақ болады, әсіресе, балалардың тістерін емдейтін маман өте аз. Мүмкін, бұл балалармен жұмыс істеудің қиындығынан болар. Одан кейін халықтың өз денсаулығын күтуге деген дұрыс көзқарасы болмауы. Біз ауруымыздың асқынғанын аяғына дейін күтіп, сосын ғана дәрігерге барамыз. Мұндай жағдайда көбіне дәрігерлер қауқарсыз болып жатады. Профилактика жасау  әлдеқайда арзан екенін адамдар білмейді, білсе де назар аудармайды, – дейді бас тіс дәрігері.

Біле жүріңіз:

Стоматология саласындағы ең озық дамыған елдер:

АҚШ, Германия, Оңтүс-тік Корея, Израиль. Медициналық туризм тұрғысынан алғанда, ең жоғары сұранысқа Германия мен Израиль ие. Медициналық туризм дегеніміз – кәдімгі туризм секілді, тек мұнда сіз демалмайсыз, емделесіз.

Маман кеңесі:

Тісті күтуде жіберілетін қателіктер:

Ауыз қуысын күніне екі рет тазалап тұру керек. Жарты жылда бір рет тіс дәрігеріне қаралып тұрғаныңыз абзал, тісіңіз сау болса да, профилактика артық етпейді. Одан кейін жаңғақты тіспен шағу, бөтелкені тіспен ашу дегеннен мейлінше аулақ болған жөн. Суық пен жылының да тепе-теңдігін сақтау қажет.

Дайындаған: Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз