ТІЛ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ

Бірлік пен келісімнің киелі бесігіне айналған көп ұлтты елімізде әр азаматтың ана тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне ерекше көңіл бөлінген. Елімізді мекен ететін 130-дан астам ұлт пен ұлыс болса, соның барлығы рухани құндылықтарын сақтай, дамыта отыра, мемлекеттік тіл – қазақ тіліне құрметпен қарайды. Қазақстан халқының  тілдері мерекесі және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында өткен облыс этностары тілдерінің фестивалінде де мемлекеттік тілге маңыз беріліп, тіл жанашырлары марапатталды.

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан түркітілдес елдердің ішінде бұрмалаусыз бүгінге дейін таза күйінде жеткен қазақ тілі екендігін атап айтты.

– Елімізде қыркүйек айының 22-де Қазақстан халқының тілдері мерекесін атап өту дәстүрге айналған. Бүгінгі күнде облысымызда өмір сүретін халықтың 97%-ы қазақ тілін, 92%-ы орыс тілін білсе, халықаралық қатынастар құралына айналған ағылшын тілін облыс тұрғындарының 8%-ы меңгерген. Елбасымыз Ұлт жоспары деп аталатын бес институционалды реформаның 4-ші бағытында бірлігі бекем ел қалыптастыру жайында тектен-тек айтпаған. Қанша ұлт болып қанша тілде сөйлесе де олардың мүддесі ортақ, тілегі бір болуы тиіс, – деген Шыңғыс Жұмабекұлы облыс әкімінің атынан жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, бір топ азаматқа Алғыс хат табыс етті.

Олардың арасында Атырау қаласындағы №3 мектеп оқытушысы Татьяна Любина, облыстық тіл басқармасының бөлім басшысы Мейірбек Құбышев, славян, орыс және казак бірлестіктері Ассоциациясы филиалының төрағасы Владимир Заверткин, «Довира» украин этномәдени бірлестігінің төрайымы Ольга Павленко, «Тхоньил»  кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Ли, «Таврос» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Гагик Плузян, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзелер бар. Мақат ауданы мәдениет және тіл бөлімінің басшысы Болат Ермеков пен Атырау қаласы мәдениет және тіл бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев те облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

Мемлекетіміздегі тіл саясатын насихаттауда айтарлықтай үлес қосып жүрген бір топ мемлекеттік қызметкерлерге де облыс мәслихаты мен тіл басқармасының Алғыс хаты берілді. Шара одан әрі облыс өнерпаздары мен этномәдени бірлестіктердің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Айтулы шара аясында қазақ, кәріс, армян, еврей, орыс, татар, башқұрт ұлттарының ұлттық құндылықтарын насихаттайтын қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдері, тұрмыстық заттарынан тұратын көрме ұйымдастырылды. Фестивальге келген жұртшылық көрмені тамашалап, әр ұлттың өзіне тән ерекшеліктерімен жақын танысып қайтты.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз