ТЕРМОЖАҢҒЫРТУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?

Бейсенбіде облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен кезекті селекторлық мәжіліс өтті. Онда алдымен «2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасының аймақта іске асырылу барысы қаралды. Бұл жайында Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ақылбек Байшаханов баяндады.

ҚАЗЫНА ҚАРАЖАТЫ ҚАЙТАРЫЛУЫ ТИІС

Аталған бағдарлама бойынша 2011-2012 жылдары республикалық бюджеттен 1 млрд. 276 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, бұл сомаға Атырау қаласында жалпы саны 45 көп пәтерлі үй (2011 жылы-17, 2012-де-28) немесе 143 253 шаршы метр тұрғын алаң күрделі жөндеуден өткізілген. Қаралған қаражаттың 1 млрд. 242 млн. теңгесі немесе 97 пайызы игерілген. Терможаңғыртудан өткен көп қабатты баспананың 40-ы мемлекеттік қабылдау актісімен есепке алынса, қалған бесеуі әртүрлі себептермен қабылданбаған.
Назар аударуға тұрарлық жайт, сол күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген көп қабатты, көп пәтерлі үйлерге жұмсалынған қаражаттың қайтарылымы ойдағыдай болмай тұр. Нақтылай кетсек, есепті мерзімде осы шаруаға шығындалған 189,676 млн. теңгенің 56,985 млн. теңгесі немесе 30 пайызы қайтарылған.
Бағдарламаның бірінші механизмі бойынша операторы болып тағайындалған «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы екі жылда күрделі жөндеуден өткізілген тұрғын үйлерге бөлінген 432,5 млн. теңгенің 411,4 млн. теңгесі немесе 92 пайызы игерілген болып шықты. Жөндеу жұмыстары әлдеқашан аяқталғанымен, әлі күнге бес үйдің мемлекеттік қабылдау актісіне қол қойылмаған немесе толықтай ресімделмеген. Бұлардың қатарында Атырау қаласының Ж.Досмұхамбетов көшесі-17, Махамбет-19, Смағұлов-56, Авангард 2-3 мөлтекаудандарындағы № 3-49 үйлер аталды.

КЕЛІСІМ-ШАРТСЫЗ ҚАЙ ШАРУА ДА КЕЛІСПЕЙДІ

Мәселен, қазіргі уақытта қайтарылуға жататын 51,974 млн. теңгенің 18 млн. теңгеден астамы немесе 34 пайызы ғана орнына келтірілсе, ресімделген 1177 келісім-шарттың да 513-іне немесе 44 пайызына тиісті тараптардың қолы қойылып, заңдастырылған.
Орын алған жағдайларға байланысты, мәселені заңдылықтар шеңберінде шешу мақсатында 2013 жылдан бері сот органдарына 136 талап арыз (оның ішінде 84-і келісім-шартқа қол қоюға және 52-сі қаражатты қайтаруға қатысты) жолданып, соның 95-сі бойынша үкім шығарылған, 41-і қаралу үстінде. Мұның сыртында, 708 соталды ескертпелер таратылып, нәтижесінде тұрғын үйді жөндеу туралы 230 келісім-шартқа, қаражатты қайтару жөнінде жасалынған 89 мәмілеге қол қойылуы қамтамасыз етілген.
Терможаңғырту бағдарламасының екінші механизмі ретінде анықталған «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы алғашқы екі жылда 30 көп пәтерлі тұрғын үй жөнделіп, республикалық бюджеттен бөлінген 843,75 млн.теңге көлеміндегі қаражат толықтай дерлік игерілген. Дегенмен мұнда да жұмсалынған қаражаттың қайтарылуы көңіл көншітпейтіндігі мәлімделді. Нақтыласақ, қазірге дейін 127,702 млн. теңге сомасындағы берешектің 38,981 млн. теңгесі немесе 28 пайызымен есептескен. Сол сияқты, жеке пәтер иелерімен жасалынған 2950 келісім-шарттың 1800-і немесе 61 пайызы заңдастырылған.

КОНДОМИНИУМҒА КІРМЕСЕ, ЖӨНДЕУ ДЕ ЖҮРМЕЙДІ

Баяндамада келтірілгендей, қалыптасқан ахуалға қарамастан бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру көзделген. Анығын айтқанда, 2014 жылы облыста терможаңғырту бағдарламасы аясындағы іс-шараларды атқаруға ел қазынасынан 648,9 млн. теңге қаржы қаралып, оған Атырау қаласындағы 19 көп пәтерлі үйді күрделі жөндеуден өткізу межеленген. Атқарылатын жұмыстардың ауқымы белгіленіп, жобалық-сметалық құжаттар дайындалып қойылған. Көп кешікпей мердігер мекемелер анықталып, жұмыс та басталмақ. Алдағы жылдан бастап, мұндай іс-шаралар көп пәтерлі үйлері бар Құлсары қаласы мен басқа да көп пәтерлі үй қоры бар аудан орталықтарында жалғасын табады деген есеп бар.
Осы тұста қолға алынған істе елеулі қиындықтар туғызып, кедергі келтірер жайттың бірі – күні бүгінгі дейін тұрғын үй қорына кіретін нысандардың бәрінің бірдей пәтер иелері кооперативтерінің, өзге тұрғын үйді басқару субъектілерінің құрамына кіре бермейтіндігі, сондай кондоминиум объектісі ретінде тіркелмегендігі болып отырғандығы да жасырын емес. Тағы да дерекке сүйенсек, облыс бойынша есепке алынған 1486 көп пәтерлі үйдің 235-і немесе 16 пайызы ғана кондоминиум объектісі ретінде заңды тіркеуден өткен. Сәйкесінше, бұл көрсеткіш Атырау қаласында – 21, Мақат ауданында – 27, Индерде – 14, Жылыойда 4 пайызбен ғана шектелген.
Осыларды ескеріп, қаперге алған селекторлық мәжіліске төрағалық етуші облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Жұмашұлы қалай болғанда да басталған жұмыстың аяқсыз қалмайтындығын, қаржының да бөлініп, оның қайтарымы мен сұрауы да болатынын ескертті.

ТАЛАП ЖОҚ ЖЕРДЕ ТАЗАЛЫҚ ТА БОЛМАЙДЫ

Сонымен қатар, мәжілісте облыста жарияланған көктемгі тазалық, көркейту және көгалдандыру екі айлығының нәтижелеріне көңіл бөлінді. Бұл туралы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық департаменттің басшысы Өмірзақ Зинуллиннің хабарламасы тыңдалды. Бұнда да жоспарланған жұмыстардың орындалуында жетістіктердің де, кемшіліктердің де орын алғандығы жария етілді. Әсіресе, күнделікті шығарылатын қоқыстар мен қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін полигондардың қолданыстағыларын күтіп ұстау, талапқа сай келмейтіндерін, пайдалануға жарамайтындарын қайта жарақтандыру, жаңадан салу керектігі алғы кезекке қойылды. Одан бөлек, жинақталған қоқысты уақтылы алып тұруға арнаулы автокөліктердің жетіспейтіндігі, қаланы айтпағанда, аудандарда қажетті техникалардың тапшылық етіп отырғандығы айтылды. Бұған қоса контейнер жәшіктерінің өзі де жеткіліксіз, қолда бары жарамсыз болып тұр.
Сол секілді елді мекендердегі су тазарту қондырғыларының жұмысы қанағаттандыра бермейтіндігі өз алдына, олардың тиесілі меншік иесін, яғни қай мекемеге қарайтындығын, кімге бағынатындығын анықтауда да біраз қиыншылықтардың барлығы хабарланды.
Негізінен алғанда, екі айлықтың жоспарына енгізілген іс-шаралардың орындалысы 93,2 пайызды құрап, 492 тапсырманың 459-ы қамтылғанымен, жекелеген аудандарда бұл жағдайдың біркелкі болмай тұрғандығы аңғарылды. Мысалы, маңызды шара басталмас бұрын облыс бойынша есепке алынған 44 берекесіз немесе жабайы қоқыс орнының 34-і немесе 77,2 пайызы жойылса, бұл көрсеткіш Исатай мен Мақат аудандарында төменгі күйінде, яғни, үйінділер орнынан қозғалмастан қалған. Және бір белгілі болғаны, 65 қоқыс төгетін орынның бүгінгі таңда екеуінің ғана жағдайы мен жабдықталуы санитариялық талаптарға сай келеді екен.
Облыс орталығында апатты жағдайда деп анықталған 15 ғимараттың жетеуі ғана (46,6 пайыз) күреліп тасталса, сегізі орнынан қозғалмаған. Лас суға толы 43 көп пәтерлі үйдің 28-і немесе 65,1 пайызы құрғатылған. Соның ішінде тек бас шаһардағы осындай 22 үйдің 12-сінің жертөлесі тазартылмаған болса, осыған ұқсас ахуал аудан орталықтарына да тән болып отыр.

Д.ЛАТИФҰЛЫ.
Суретті түсірген Е.АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз