
Теріс ілінген ту
Көк ту – елдіктің белгісі, тәуелсіздіктің тұғыры. Сол қасиетті тудың теріс ілінуі тек техникалық қателік емес, ел намысына тиген салғырттық. Атырауда болған осы жағдай әлеуметтік желіні біраз сілкіндіріп, жұрттың мемлекеттік рәміздерге деген құрметі туралы ойлануына себеп болды.
Мемлекеттік рәмізге құрмет қайда?
Иә, Атырау қаласында орын алған Мемлекеттік тудың теріс ілінуі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда еліміздің көк туы бірнеше сағат бойы кері бағытта ілініп тұрғаны байқалған. Бұл оқиға қала тұрғындарының ашу-ызасын тудырып, мемлекеттік рәміздерге деген көзқарас пен жауапкершілік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
Қала мен облыстың символы саналатын флагшток қала әкімдігінің иелігінде. Алайда тұрғындар оның жай-күйін ешкім дұрыс қадағаламайтынын айтады. Әлеуметтік желілердегі қызу талқылаудан соң ту алынды. Дегенмен әлеуметтік желідегілер мұндай салғырттыққа жол бергендерді анықтап, жауапқа тартуды талап етуде.
«Біздің туымыз – Тәуелсіздігіміздің символы. Оған деген құрмет – елге, жерге деген құрмет. Мұндай немқұрайлыққа жол беруге болмайды» деп жазды қала тұрғындары әлеуметтік желілерде.
Әкімдік түсініктеме берді
Қоғамда қызу талқыланған жайтқа байланысты Атырау қаласы әкімдігі ресми мәлімдеме таратты. Әкімдік дерегінше, оқиға 17 қазан күні ту көтеру барысында орын алған.
«Туды көтеру барысында мердігер ұйым қызметкерлері техникалық қателік жіберген, ту теріс ілініп кеткен. Бұзушылық жедел анықталып, ту талаптарға сәйкес орнатылды. Бұл құқықбұзушылық дерегі бойынша мердігер ұйымның қызметкері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 458-бабы («Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды» делінген хабарламада.
Аталған бапқа сәйкес, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын бұзған жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (184 600 теңге) айыппұл салынады.
Ұлттық құндылық
Атырау қаласы прокурорының орынбасары Ерлан Какиев елдігіміздің белгісіне айналған мемлекеттік рәміздер заң тұрғысынан қорғалатынын түсіндірді. Прокурордың айтуынша, мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен қорғау заңмен бекітілген міндет, оған немқұрайлық таныту ел заңнамасын бұзумен тең.
– Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында әр азаматтың мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті екені нақты жазылған. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заңның 4-бабында рәміздерді пайдалану тәртібі мен талаптары айқын көрсетілген. Бұл ережелерді орындау кез-келген ұйым мен мекеменің заң алдындағы жауапкершілігі, — деді Е.Какиев.
Иә, Мемлекеттік ту, Елтаңба және Гимн – елдің егемендігін, тарихын және болашағын бейнелейтін басты нышандар. Оларды қадірлеу әр азаматтың парызы ғана емес, ұлттық намыстың көрінісі.
Атырауда болған жағдай қоғамда мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру қажеттігін айқын көрсетті. Мамандардың пікірінше, мұндай оқиғалар қайталанбауы үшін жазалау шаралары жеткіліксіз, рәміздердің мәні мен маңызын түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуі тиіс.
«Білім беру мекемелерінде, еңбек ұжымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік нышандарды қастерлеу мәдениетін қалыптастыру керек. Әрбір адам көк Туға, Елтаңба мен Гимнге мақтанышпен қарағанда ғана елдік сана күшейеді» дейді мамандар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Атыраудағы оқиға мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасты қайта қарауға себеп болды. Көк тудың қадірін түсіну Тәуелсіздіктің мәнін ұғынумен тең емес пе?!
Майра ЕРҒАЛИ


