
Тәжірибе танысудан басталады
Қай салада болмасын болашақ мамандық иелерінің тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинақтауы өндіріс орындарында болып, онымен жақынырақ танысудан басталатыны белгілі. Ал оның биылғы Президент Жарлығымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылында» маңыздылығы арта түсері сөзсіз. Осы мақсатта өңіріміздегі жастарға кәсіптік білім беретін оқу орындары көпке өнеге боларлықтай іс-шараларды ұйымдастырып, игі бастамаларға ұйытқы болуда.

Осылайша, қаламыздағы Атырау энергетика және құрылыс колледжінің «Техник құрылысшы», «Кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері» мамандықтарында дәріс алып жатқан 1-2 курс студенттері ұстаз жетекшілерімен бірге «БатысАлянсСтрой» ЖШС құрылыс компаниясының бетон бұйымдарын шығару зауытында болып қайтты. Кәсіпорынға сапары барысында болашақ мамандар өндіріс орнындағы жұмыс процестерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Студенттер теориялық білімдерін нақты өндіріс жағдайымен ұштастырып, құрылыс материалдарын дайындаудың заманауи технологиясының құпиясына қанықты.
Атап айтқанда, олар зауытта болған сәттерінде бетон қоспасының қалай әзірленетінін көздерімен көрді. Шикізат материалдарының (цемент, құм, қиыршықтас, қоспалар) қабылдануы, өлшенуі, араластырылуы және дайын өнімнің сапасының тексерілуі сияқты кезеңдеріне көңіл бөліп, назар аударды. Өндірісті заманауи талаптарға сай автоматтандырылған басқару жүйесінің жұмысын көріп, оның мүмкіндігінің мол, әлеуетінің жоғары екеніне көз жеткізді. Кәсіпорын қызметкерлері студенттерге бетонның әртүрлі маркалары мен олардың құрылыс саласында қолданылу жолдарын түсіндіріп берді.
Бір сөзбен түйіндегенде, колледжде білім алып жатқан студент жастар – болашақ жұмысшы мамандық иелері өндіріс орнынан мол мағлұмат, зор әсермен оралды.
Дәулетқали АРУЕВ



