«Тайфун» операциясы

тайфун Жаңалықтар

Мәскеу үшін болған күрес туралы не білеміз?

Екінші дүниежүзілік соғыс барысындағы ірі шайқастардың бірі – Мәскеу үшін болған шайқас. 1941 жылдың 5 желтоқсаны күні Қызыл Армия үшінші рейхтың армиясына қарсы шабуылға шығып, Мәскеу түбінен шегіндіріп, бүкіл әлемді дүр сілкіндіргені мәлім. Бұл шайқас барысында жеңілмейтін рейх армиясы туралы аңыздың, неміс-фашист армиясы штабының жоспарлаған «Тайфун» операциясының күлі көкке ұшқаны белгілі.

%d1%82%d0%b0%d0%b9%d1%84%d1%83%d0%bd

Ерлікке тағзым

Бүгінгі күні Кеңес әскерінің бесінші желтоқсандағы бұл қарсы шабуылы Ресейде Әскери Даңқ күні ретінде аталып өтеді. Бұл жолы Мәскеу үшін шайқастың 75 жылдығына орай Мәскеу облысы, Руз ауданы, Лызлово деревнясы түбінде «Гарнизон-А» әскери-тарихи  реконструкция орталығының ұйымдастыруымен ІV «Қарсы шабуыл» атты әскери-патриоттық фестивалі өтті.

Шараға қатысу мақсатында ұйымдастырылған делегацияны Атырау мұнай-газ университетінің «Герои Прикаспийцы» әскери-тарихи клубының жетекшісі Талғат Ильясов бастап барды. Еліміз Тәуелсіздік мерекесінің 25 жылдығын тойлаған тұста аталған делегация мүшелерінің де көңіл-күйі ерекше болды. Себебі, еліміздің көк байрағын желбіретіп ұстап шыққанда, бізге нөпір халықтың назары ерекше ауды. Делегация алдымен, Кремль аумағындағы  «Белгісіз солдат» қабіріне барып тағзым етті.

Сол жерде Ресейдің Томск қаласынан қандас қарындасымыз Әлия жанұясымен қыдырып келген екен. Бізбен кездескен ол қатты қуанды. Бірге жүріп, балаларына өзінің туған Отаны туралы айтып жатқаны көңілімізді толқытты. Қандас қарындасымыздың есімі халқымыздың батыр қызы Әлиямен аттас  болуы да бір жақсылықтың нышаны деп қазақшылықпен ырым еттік. Себебі, бұл шарадан соң қаладағы №891 Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы мектепке бару жоспарланған еді. Әлия атындағы мектеп ұжымы біздерді ерекше ықыласпен қарсы алды. Мектеп қаланың тұрғындары көп шоғырланған Вешняк ауданында орналасқан. Айналасы мұнтаздай таза. Ауласында батыр қыздың кеуде мүсіні орналасқан және мектептің кіре берісінде батырдың бедерлі мүсіні (барельеф) қойылған.

Батыр мүсініне гүл шоқтарын қойып, үнсіз еске алдық. Мектеп мұражайында да қазақ қызына  арнайы екі бөлме бөлінген. Онда қазақстандық соғыс ардагерлерінің балаларға сыйлыққа әкелген әртүрлі кәдесыйлары, соғыс жылдарындағы қару-жарақтар, Әлияның соғыс жылдарындағы және одан бұрын түскен фотосуреттерінің көшірмелері, достарының батыр туралы жазған естеліктері, мергендер мектебінде оқыған курстастарының суреттері ұқыптылықпен сақталған. Мектеп оқушылары Әлияның өмірбаяны туралы баяндап берді. Мәскеуде өткізілетін «Бессмертный полк» маршына Әлияның да суретін алып шығатындықтарын мұражай меңгерушісі ерекше тебіреніспен жеткізді. Мектеп ұжымы өткен жылдары жалпы қала бойынша өткізілетін мектеп мұражайы байқауларына қатынасып, жүлделі орындарға ие болған. Мектепке Ресейдегі Қазақстан елшілігі тарапынан әрдайым көмек көрсетіліп тұратындығын және жақсы байланыста екендіктерін мұғалімдер баса айтып жатты. Мектеп ұжымы алыстағы батыр қыздың жерлестері келгендігін қайта-қайта айтумен болды.

Біз 17 желтоқсан күні арнайы бөлінген көлікпен Лызлово деревнясына бағыт алдық. Таңдаудың бұл деревняға түсуі де кездейсоқ емес. Ұлы Отан соғысының тарихындағы 1941-42 жылдары осы маңда неміс-фашист басқыншыларына қарсы қанды шайқастар орын алған. Лызлово деревнясы маңында 336-атқыштар дивизиясы ауыр ұрыстар жүргізген.

%d1%82%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d1%83%d0%bd-2

Бұл айтулы шараға Ресейдің Мәскеу облысы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Тула, Мурманск, Кіші Новгород, Воронеж, Северодвинск, Самара қалаларынан, Беларусь, Украина, Қазақстаннан (Атырау) 500-ден астам әскери-патриоттық клубтардың  мүшелері қатынасты. Кең ауқымды әскери-тарихи оқиға барысына жаяу әскер, артиллерия, миномет, бронеавтомобильдер, мотоброневагон («Бронепоезд»), танк сияқты әскери техникалар қатынасты. Бұған дейінгі ұйымдастырыл-ған іс-шараларға үзбей қатынасып келген әскери-әуе күштері өкінішке орай, ауа райының бұлыңғырлығына байланысты жоспарланған шараға қатыса алмады.

Фестиваль аясында интерактивтік алаңда өткен тарихтың куәсі болатындай пулемет мектебі, әуе күштеріне қарсы взводтың іс-қимылына, әскери-далалық госпитальда жаралыларға алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, далалық жауынгерлік асханасынан солдат ботқасынан дәм татуға барлық жағдайлар жасалған. Мұндағы атқарылатын шараларға ерікті жастар тартылған, бір байқағанымыз, жастар өзіне жүктелген міндетті аса құлшыныспен атқарды. Сондай-ақ, фестивальді тамашалауға келгендер арасында мектеп оқушылары көп болды. Бұл жастардың отансүйгіштікке тәрбиелеудің нақты көріністерінің бірі екендігіне көзіміз жетті.  Осындай іс-шаралардың барысында Отан үшін ерлікпен қаза тапқан батыр бабаларының ерліктеріне куә болған жастардың бойында өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігінің еселеп артатындығына сенім мол.

Шыны керек, бейнебір соғыс театрында тұрғандай күй кештік. Шара жоғары деңгейде өтті. Жан беріп, жан алысқан қанды шайқастың көрінісін тамашалай отырып, Мәскеу түбіндегі шайқастың тарихи маңызын тағы бір мәрте ой елегінен өткізіп, бұл жеңістің кеңес халқына қайсар рух бергенін сезіндік. Қанды шайқастардан кейін жаудан азат етілген өртке оранған деревня көшелерінде кеңес жауынгерлерінің майдан даласында қаза тапқан қаруластарын бір минуттық еске алуы да ерекше әсерге бөледі.

Шара аяқталған соң, әскери-патриоттық клуб мүшелеріне грамоталармен бірге бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ұйымдастырушылар тарапынан «Герои Прикаспийцы» әскери-тарихи клубының жетекшісі Талғат Ильясов Құрмет грамотасымен  марапатталды.

Шараны ұйымдастырушы «Гарнизон-А» әскери-тарихи  реконструкция орталығының басшысы Т.Черепниннің кеудесіне «Бауыржан Момышұлы» медалі тағылды. Оны аталған клуб жетекшісі Т.Ильясов тапсырды.

Иә, осындай іс-шаралар ата-баба рухына тағзым ету парыз екенін айғақтай түседі.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің гуманитарлық ғылымдар және шет ел тілдері факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, экспедиция мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз