Жарнама
Жаңалықтар

Тәуелсіздік сыйлаған мүмкіндік

*Эксклюзив

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан жастарына білім мен ғылымға кеңінен жол ашылды. Егемендік алған елде «оқимын, дамимын» деген талапты жасқа әлемнің кез келген түкпірінде білім алу мүмкіндігі берілді. Бұл – Тәуелсіздіктің қазақстандықтарға тарту еткен ең үлкен жетістіктерінің бірі.
Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ғылым жолын таңдаған жастардың қатарында Атырау облысы, Жылыой ауданының тумасы Ақмоншақ Әбілхасова да бар. Бүгінде ол Италияның Рим қаласындағы “Tor Vergata” университетінде магистратурада білім алып жүр.
Тәуелсіздік күніне орай біз Рим төрінде жүрген жас зерттеушімен тілдесіп, оның шетелде білім алу тәжірибесі мен болашақ жоспарлары жөнінде сұхбаттасқан едік.

da55945d a76a 409f 8b0b ff47c58c55b1

–Ақмоншақ Қайыржанқызы, Италия мемлекетіне оқуға түсуге не себеп болды, Римде қандай мамандық бойынша білім алып жатырсыз? Алдымен әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Қазақстанда бакалавриатта оқып жүріп, академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы Түркия Республикасының Анкара қаласындағы Хаджеттепе университетінде 1 семестр тегін білім алдым. Бұл мүмкіндік маған толық мемлекеттік грант арқылы берілді. Ал қазір мен Италия елінің Рим қаласындағы “Tor Vergata” университетінде магистратураның ІІ курсында білім алып жатырмын. Бұл да халықаралық грант негізінде толықтай тегін әрі стипендиямен қамтамасыз етілген бағдарлама.
Бұған дейін Қазақстанда университет қабырғасынан бакалавр бойынша білім алып шыққаннан кейін, 4 жыл туған жерімде Жылыой аудандық әкімдігінде қызмет еттім. 4 жыл бойына түрлі бағдарлама бойынша оқуға түсу үшін үнемі ізденісте болдым. Барлық бағдарламаны зерттей келе, маған осы Италиядағы студенттерге жасалатын мүмкіндіктер ұнағаннан кейін осы елді таңдап, оқуға түстім.

–Шетелде білім алуға дайындық қалай өтті? Қандай қиындықтар кездесті?
–⁠Италияға оқуға түсуге дайындық 1 жылға созылды. Оңай деп айта алмаймын, өйткені құжаттарды жинақтап тапсыруға қаражат және сабырлық қажет болды. Олай дейтінім виза алу жұмыстары, одан қалды, жалпы Еуропа елдеріндегі бюрократияға байланысты көп құжаттың жасалуын ұзақ уақыт күту секілді сәттер болды. Осындай құжаттарға байланысты қиындықтар кездесті.

07c7fa3a c045 426b 80c6 a2e195f15cf6

–Италиядағы білім беру жүйесінің Қазақстаннан қандай айырмашылығы бар?
–⁠Жалпы Еуропа елдерінде студенттер үшін өте қолайлы жағдай жасалған. Қысым жоқ, еркіндік. Бұл студенттің оқуға деген ынтасын арттырады деп ойлаймын. Өзім Қазақстанда да Италияда да оқыған студент ретінде Еуропадағы білім беру жүйесін таңдаушы едім. Өйткені мұнда сабақ таңдаудың өзінде де еркіндік бар, яғни топтағылар болып 1 сабақты таңдауға міндеттемейді. Әр пән бойынша емтиханды 1 жылда 5-6 рет тапсыру мүмкіндігі берілген және емтиханнан өтпей қалған студент университетке ешқандай ақша төлемейді. Айта берсең, ерекшеліктері өте көп.

aae273ba e623 4c15 843c 87a01a69ccaa

–Магистратурадағы оқу үдерісі, зерттеу бағытыңыз туралы айтып берсеңіз…
–Мен қазір “Туризм және мәдени мұра” мамандығы бойынша білім алудамын. Шыны керек, бұл біздің елге қажет мамандықтың бірі деп білемін. Яғни туризм мен мәдениет саласын жыл сайын миллиондаған турист қабылдап отырған Италия елінен оқу — керемет тәжірибе. Бұл жақта тек теориялық емес, тәжірибелік білімді де алып, туризмді оның ішінде туризмді мәдени мұрамен ұштастыра отырып дамыту және цифрлық турзимді дамыту бағытында зерттеу жүргізудемін.

–Сіздің шетелде білім алып жүруіңіз – Қазақстан Тәуелсіздігінің жемісі деп айтуға бола ма?
– ⁠Әрине, осылай шетелде тегін білім алып жүруім ел Тәуелсіздігінің арқасы деп білемін. Жақында ғана Қазақстан Республикасының Президенті Еуроодақпен біздің елдің азаматтары Шенген аймағына кіруін жеңілдету бойынша келісімге қол қойды. Мұның бәрі еліміздің саяси аренада белсенді болып, біздің мемлекеттің азаматтарының шетелге саяхаттау, оқу мүмкіндіктерінің көбейіп келе жатқанының белгісі деп білемін.

51495e76 2e9a 4a1e 9c67 af047f498a3a


–Рим қаласындағы магистранттық өміріңіз қалай өтуде?
–Магистранттық өмір тамаша. Сабақтан бөлек, түрлі мәдени шараларды да қалт жібермей қатысып отырамыз. Осыдан 1 ай бұрын Қазақстанның “Қайрат” футбол клубының қатысуымен Италия елінің Милан қаласында өткен матчқа қатысып, Еуропада жүрген мыңдаған қазақ басымыз қосылып, керемет сезіммен қайтқанбыз. Кеше ғана Латвияда өткен Димаш Құдайбергеннің концертінде болғанымда қаншама ұлт өкілінің Димашпен бірге қазақша ән шырқағанын көріп, кеудемді қуаныш кернеді. Мұндағы университет қабырғасындағы өмірдің осындай керемет мүмкіндіктерді туғызып жатқанына ризамын.

–Қазақ жастары шетелде қандай қасиеттерімен ерекшеленеді?
–Жалпы көптеген қазақ шетелге шыққанда соншама патриот болып кетеді. Бұл қасиет маған өте ұнайды, керемет сезім. Біздің қазақтың жастары білімге, инновацияға өте құштар болып келеді. Сондай-ақ, түрік группаласым: “Сіздер, қазақтар тілді сондай тез меңгересіздер, осында жүргенде көрген қазақтардың көбі 3-4 тілді меңгерген” деп таңданысын білдерді. Бұл рас, осы Еуропада жүрген жастарды көргенде “сүттің бетіндегі қаймағындай” іріктеліп, ең білімді, талантты жастар жиналған секілді деп ойлаймын.

–Қазақстаннан тыс жерде жүріп, елге деген сағыныш пен жауапкершілікті сезінесіз бе?
–Иә! Әрине, туған елге, өзіміздің мәдениетімізге, ұлттық тағамдарымызға деген сағыныш басым. Жаз мезгілінде демалыста Қазақстанға барып, мауқымызды басып келеміз. Қазір осында оқып жүрген студенттерге қарап, шетелдіктер қазақтар туралы ой қалыптастырады деп білемін. Оның дәлелі жоғары да айтып өткенімдей, түрік группаласым 4-5 қазақ студентпен танысып, қазақтардың бәрі бірнеше тілді қатар меңгерген екен деген ой түйген. Сол секілді бірнеше қазақ студент жағымсыз бір мінезін көрсетіп қалса, бүкіл қазақ сондай деп ойлауы да әбден мүмкін. Сондықтан біз шетелде оқуда жүрсек те өзімізді өзге ұлтқа Қазақстанның айнасы болатындай деңгейде болуымыз керек. Мен осы жауапкершілікті терең сезінемін.

–Оқуды тәмамдаған соң елге оралу жоспарыңызда бар ма? Алған біліміңізді Қазақстанның дамуына қалай пайдаланғыңыз келеді?
– ⁠Оқу аяқталған соң міндетті түрде елге қайтамын. Оқуға түскеннен бастап шетелде қалу деген ой мүлде болмаған. Италиядан алған білім мен тәжірибені туған жердегі туризм және мәдениет саласының дамуына кәдеге асырғым келеді.

–Шетелде оқуды армандап жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– ⁠Шетелде оқуды қиын немесе оңай деп те айта алмаймын. Бастысы білім алуға деген шынайы ниет пен алға қадам басу болу керек. Бүгінде мүмкін емес деген нәрсе жоқ, ел тәуелсіздігінің нәтижесінде оқимын деген адамға беріліп жатқан мүмкіндіктер өте көп. Сондықтан оны дер кезінде пайдалану керек деп ойлаймын. Осы тұста «Жаһанға жол – жастарға бағыт» атты жобаны атап өткім келеді. Бұл шетелде оқу, тәжірибеден өту және волонтерлік мүмкіндіктер туралы сенімді, тегін және қазақ тіліндегі ақпарат беретін меди жоба. Бұл медиажоба туралы eduglobe.kz инста парақшасынан танысуларыңызға болады.

–Сөз соңынада мерекелік лебізіңізді білдірсеңіз…

–Барша қазақстандықты қасиетті Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Егемендігіміз мәңгі болып, ел аман, жұрт тыныш болсын. Көк Туымыз көкте мәңгі желбірей берсін! Әр шаңырақта береке мен бірлік орнап, жастардың арманының орындала беруіне тілектеспін! 

–Cұхбатыңызға бек рақмет! Сіз де алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіз!

Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Арнайы “Атырау” газеті үшін

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button