ТАСҚАЛАНЫҢ КӨШЕСІ ТАС ҚАРАҢҒЫ…

Кеңөзек ауылдық округінің әкімі Гарибжан Әбішевтің өткен жылдың қорытындылары мен алдағы міндеттерге тоқталған есебін тыңдаған ауылдастары кезекпен-кезек мінберге көтеріліп, шағын ауылдың біраз жылдардан бергі қордаланып қалған үлкен проблемаларын көтерді.

Тасқалалық тұрғындар, әсіресе, көшелердің жарықтандырылмауына, көлік және жүргінші жолдарының салынбай, толарсақтан саз балшық кешіп жүретіндігіне, қысы-жазы электр қуатының жетіспейтіндігіне, жолаушы тасымалының жайына, қылмыстық ахуалдың күрделілігі мен ұрлықтың көбеюіне қатты алаңдаулы. Тіпті, Тасқала-3 ықшамауданында әлі күнге газ, су, жарық тартылмаған үйлер бар екен. Қыста ауылды қаратүнек тұмшалайды. Балшық күндері кейбір көшелерден көлік түгілі жаяу адамның жүруі мұңға айналған.

Жиында өз ой-пікірлерімен бөліскен зейнеткерлер Нұрыш Досанғалиев, Жүсіп Дүйсебаев, ауыл мешітінің наиб-имамы Ізбасар Қабдырахманов, тұрғындар Еркін Өтешев, Илан Ізбасарова, Оралбай Дәрібаев және басқалардың көтерген мәселелеріне Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев нақты жауап берді.

– Барлық мәселе қаражатқа келіп тірелетіндіктен тұрғындар өтініштері алдағы уақытта кезең-кезеңмен шешілетін болады. Асфальт төсеу тізіміне осындағы біраз көшелер енгізілді. Біз бар мүмкіндікті қарастырамыз, – деді Нұрлыбек Жұмахметұлы.

Шаһар басшысы қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы Е.Биғамбаевқа ауылдағы учаскелік инспектордың қызметін қатаң бақылауға алып, талапты күшейтуді, қылмыстың алдын алу шараларын ұйымдастыруды, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы  және көлік жолдары бөлімінің басшысы Қ.Ибрагимовқа «Дина» базарынан ауылға қатынайтын №51 бағыттағы автобустардың оқу кезінде мектеп балаларынан жолақы алу, оқушыны мінгізбей тастап кету фактілеріне орай, оператордан, жүргізушілерден жауапкершілік талап етуді тапсырды.

Ал, 2009 жылдан бері ауылдың 148 тұрғын үйін электр жарығымен қамтамасыз етуге шақталған Молдашев көшесіндегі 68/2 трансформаторынан электр қуатын пайдаланушылар саны екі есеге өскен. Осыған орай туындаған мәселені шешу үшін ұсыныс дайындауды «Атырау-Жарық» АҚ-ына қарасты қалалық электр желілері мекемесінің басшысы Қ.Сисенғалиевке  жүктеді.

 Бақытжан  ЖҰМАТ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз