ТӘРЖІМӘШІ НЕГЕ ТАПШЫ?

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мемлекеттік тіл төңірегінде семинар сабақтарын, «дөңгелек үстелдерді» тұрақты ұйымдастырып тұрады.

Аталмыш сот өндірісінде қаралған істердің басым көпшілігі қазақ тілінде жүргізілген. 2013 жылдың 9 айында 35 қылмыстық іс қаралып, аяқталды, оның ішінде 30 іс қазақ тілінде, азаматтық істер бойынша 167 талап-арыз қаралып, оның 116-сы қазақ тілінде, әкімшілік істер бойынша 337 іс қаралып, оның 272-сі мемлекеттік тілде қаралды.
Сот жүйесінде орын алып отырған және көп жағдайда қиындық тудыратын мәселе – сот процесі кезінде іске қатысушылар аудармашы талап еткен жағдайда, аудармашы таба алмай қалу жағдайы десек болады. Қазіргі таңда соттарда нақты бекітілген штатта тұрған аудармашы жоқ, сол себепті сот мамандары аудармашыны өздері іздеп табуға мәжбүр. Кейде сұраныс бойынша келген аудармашының ақысын төлеу мәселесі де көтеріліп жатады, ол кезде сот процестерін кейінге қалдыруға тура келіп, соңы сот істерінің ұзақ қаралуына әкеп соғады.
Сондай-ақ, айта кету керек, тергеу органдары, сот сарапшылары және мектеп психологтары тарапынан бірқатар кемшіліктер орын алуда. Атап айтсақ, қылмыстық істер бойынша жүргізілген сараптама қорытындыларына аударма жүргізілмейтіні бар.
Демек, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу анықтама немесе тергеу жүргізетін құқық қорғау органдарына, атап айтқанда, ішкі істер министрлігіне, қаржы полициясына және қадағалаушы орган – прокуратураға тікелей байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуді және қазақ тілінде сөйлеу мәдениетін алға қойсақ, сұраныс та, қажеттілік те, құрмет те артарына күмән жоқ.

Б.ІДІРІСОВ,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз